Жоғары технологиялық адам
Біздің өміріміз бірте-бірте фантастикалық кітаптар мен фильмдерде болжанған әлемге ұқсас болып бара жатыр. Күнделікті өміріміз өнертабыстар мен жаңа технологиялық шешімдердің пайда болуының арқасында күн сайын өзгеруде. Тамақтану және спорт, білім беру және медицина индустрияларындағы өзекті трендтер, сондай-ақ өміріміздің барлық салаларына инновацияларды енгізу бірнеше рет «Финансисттің» басты тақырыбына айналған. Жаңа басылымда біз аталған сюжеттерді жасаушы әрі серпінді технологияларды тұтынушы - адам айналасына біріктіруді ұйғардық.
Біз өркениетіміздің дамуы тұрғысынан аса маңызды бірнеше аспектілерді назарға алдық. Олардың әрқайсысына жаңа шығарылымның жеке бөлімі арналған. Нөмір инновациялық процестерді ынталандыратын экономика мен инвестициялардың түрлі салаларындағы серпінді технологияларға шолумен басталады. Осы тақырыпты негізе ала отырып, біз болашақта салынып жатқан қалалар, оқу мен жұмыстың жаңа форматтарын дамыту, көлік саласындағы революция туралы айтып береміз.
Адамның жаңа мүмкіндіктері туралы тарихтың жалғасы қазіргі заманғы биофарманың керемет табыстары, ғажайып дәрі-дәрмектер айналасындағы серпіліс және микро электроника медицинаға қалай көмекке келетіні туралы материалдар болды. Бірақ, технологиялар бұдан да көп уәде беруде: біз сұхбаттасқан адамдар 100 жылдан астам белсенді әрі толыққанды өмір сүре ала ма, қарттықтан таблетка пайда бола ма деген ойларымен бөлісті.
Бізбен бірге Олимпиада ойындары демеушілерінің қағаздарына инвестициялау перспективаларын зерделеп, бөлшек инвестор өзіне қызықты қорытынды жасай алады. Сондай-ақ, нөмірде спортпен байланысты стартаптардың толық тізімімен танысуға болады.
Журналдың жазғы басылымында туризм мен саяхат тақырыбы да назарсыз қалмайды. Бұл сала да жылдам өзгеруде: біз туризм индустриясына алдыңғы қатарлы технологиялардың қандай жаңалықтар енгізіп жатқанын және таяу болашақта ЖИ саяхатшыларға планетамыздың ең танылмаған бұрыштарын көруге қалай көмектесетінін айтып бердік.
Біздің журналдың сан алуан тақырыптары қазіргі адамзат дамып келе жатқан бағыттардың кең ауқымын және әрқайсымызға қазірдің өзінде ашылып жатқан мүмкіндіктерді бейнелейді.
Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров жаңа технологиялардан күткенімен бөлісті. SF Education онлайн-білім беру қызметінің басшысы Александр Вальцев қашықтан оқу нарығының қалай дамып жатқанын және оның мүмкіндіктері білім алудың дәстүрлі үдерісін қалай толықтыратынын айтып берді. LinkedLivin атты тұрғын үй алмасу сервисінің негізін қалаушы Наталья Плотникова шерингтік экономиканың не екенін айтып, АҚШ-та бизнесті іске қосу жөнінде бірнеше кеңес берді. Біз Миды сақтау қорының негізін қалаушы Джон Смартты дүниеден озған адамдардың естеліктерін қалпына келтіру мүмкіндіктері туралы білу үшін шақырдық. Gaia йогасына арналған платформаның басшысы Джеймс Кохуун қоғамның біртіндеп өзіне және ғаламшарға деген қамқорлығы мен саналылығына қарай бет бұруының мысалдарын келтірді. Нөмір қонағы - өмір сүру сапасы мен оның ұзақтығын жақсарту үшін қазірдің өзінде көп нәрсе жасауға болатынына сенімді биохакер Станислав Скакун.