«Біздің өміріміздегі ақшаның рөлі қайта қарастырылады»
Продюсер және кәсіпкер Тимур Бекмамбетов —киноның өзгеруі, ақшаға деген көзқарас және жаңа жобалар туралы
Тимур, сіз биыл Канн фестиваліне қатыстыңыз. Сіз үшін қандай нәрсе қызық болды?
Фестиваль құрамдас бөліктерден тұрады. Біріншісі — кино мерекесі, қызыл кілем, жұлдыздардың әдемі киімдері және әлемдік премьераларға арналған салтанатты бөлім. Екіншісі — іскерлік кездесулер. Мереке сахнасының артында киноиндустрия өкілдері мәмілелер жасасады, трендтерді талқылайды.
Уақыт өзгереді. Әлемдік экономикадағы турбуленттілік, геосаяси шиеленіс, технологиялардың дамуы — мұның бәрі кино саласында да көрініс тауып, оны түбегейлі реформалауда. Кино өнердегі ең маңызды сала болудан қалды. Ковидтен кейінгі адамдар кинотеатрларға қайта оралғысы келмейді, мұның мағынасы жоқ. Контентті тұтыну стримингтік платформаларда немесе YouTube сияқты сайттарда жиі кездеседі. Бұл жағдай фильм көрсетілімінің опера немесе балет сияқты дәстүрлі нишалық өнерге айналуына әкеледі.
Дегенмен де контент өндірісі тоқтап қалмайды және бұл салада тектоникалық өзгерістер орын алуда. Голливудтың рөлі азайып, араб әлемінде, Қытайда, Еуропада жаңа кинематография қалыптасуда.
Жаңа кинотеатрда қандай форматтар сұранысқа ие болады?
10-12 жыл бұрын мен қазіргі әлемдегі адамдардың негізгі әсерлері, жетістіктері мен шығындары олардың физикалық тіршілігімен емес, әлеуметтік желілерде алынған цифрлық тәжірибемен байланысты деп ойлайтынмын. Біз уақытымыздың көбін смартфонға жұмсайтын болғандықтан, барлық контенттің, оқиғалардың және аудиовизуалды оқиғалардың кем дегенде жартысы менің бөлмемде емес, телефонымның экранында болады. Менің экраным тұрған жеріме қарағанда көбірек біледі.
Сонымен, экран өмірі (скринлайф) деп аталатын жаңа кино тілін дамыта бастадым. Ол кейіпкерлердің экранындағы жазбаларға және олардың шытырман оқиғаларын зерттеуге негізделген. Біздің осы тақырыптағы алғашқы эксперименттік фильміміз "Достар қатарынан алып тастау" (Unfriended) деп аталды. Күтпеген жерден оның жолы болып, мәдени оқиғаға айналды. Universal студиясы оны кең экрандарға таратуға келісті.
10 жыл ішінде біз осы жанрдағы түрлі шығармаларды түсірдік: комедиялар, қиял-ғажайып, детективтер. Біздің соңғы жобамыз – "Хабар-ошарсыз кеткен" фильмі (түпнұсқасында Missing) кинотеатрларда сәтті шықты. Оның ішінде Қазақстанда әлемдік прокатта 45 млн доллар жинап, жақында АҚШ-тағы Netflix-те ең көп қаралған фильмдер тізімінің басында тұр.
Сізге кинорежиссер және кәсіпкер ретінде қандай кинолар, кітаптар немесе адамдардың ықпалы болды?
Кино көрермен ретінде мен ұзақ жолдан өттім. Басында маған кеңестік "Сарбаздың әкесі", "Мәскеу көз жасына сенбейді" картиналарының, Данелия мен Ержановтың фильмдерінің гуманизмі қатты әсер етті. Содан кейін, 1980 жылдары мен Еуропалық киноны түсінуден өттім: Антониони, бүкіл артхаус, "Фантомас", Белмондомен бірге түсірілген фильмдер және т.б. 1990 жылдары маған Голливуд киносының алыптарының әсері зор болды: Кэмерон, Спилберг, Лукас, "Өкіл әке" сериясы.
Айтпақшы, мен ешқашан американдық режиссер боламын деп ойлаған емеспін. Мен мансап қуған жоқпын, жай ғана өзімді қызықтыратын нәрсемен айналыстым. Маған процесстің өзі нәтижеден маңыздырақ болды. Алдымен жарнамамен айналыстым, содан кейін екі «Дозорды» түсірдім, күтпеген жерден Лос-Анджелеске кетіп, Голливуд киносын жасай бастадым: «Аса қауіпті адам» және басқа картиналар. Содан кейін менің ашкөздігім, жаңа идеяларды жүзеге асыруға деген ұмтылысым түсіруді тоқтатып, продюсерлік жұмысты бастауға әкелді. Тим Бертонмен бірлесіп түсірілген "9" анимациялық фильмі, Илья Найшуллермен— Hardcore Genry және басқа да жобалар болды.
Коммерциялық сәтті фильмнің рецепті бар ма?
Сәтті фильм формуласы үш элементтен тұрады. Біріншісі — бұл көрерменнің мүддесін, оның осал тұсын дөп баса білуі керек. Көрермендерді не толғандыратынын, оның не көргісі келетінін, көрермендер кинозалда ненің айналасында бірігуге дайын екендігін көрсете білу керек. Екіншісі — автордың қызығушылығы. Егер адам ғарыш туралы фильм көргісі келсе, режиссер оның да осы ғарыштық сапарға шыққысы келетінін көрсетуі керек. Үшінші элемент — драматургия, тарих, сценарий.
Бұл компоненттер біріккен кезде "химия" пайда болып, сәтті кино шығады.
Сіздің ақшаға деген көзқарасыңыз қалай қалыптасты және өзгерді?
Менде ақшаны қайдан алуға болады деген сұрақ туындаған емес. Өзім берекелі отбасында өстім, ешқашан кедейлікті сезінген емеспін – әрі ақшадан айырылып қалу қаупі де болған емес. Ақша арманды жүзеге асырудың құралы, одан зор нәрсе емес.
Таураттан оқыған бір үзінді есімде сақталып қалыпты. Қасиетті жазбаларда алты жылдан кейін қарыз есептелмейді деген ереже бар. Адамның еркіндігіне мүмкіндік беретін керемет идея!
Менің ойымша, құндылықтардың өзгеруіне қарай біздің өміріміздегі ақшаның рөлі де өзгереді. Жаңа тауар-ақша қатынастары инвестицияларды, алыпсатарлықты, «ақшаны ақша жасайды» формуласын өткен шақта қалдыруы мүмкін. Коммунизмнің ауылы алыс емес (күледі)!
Сіз бағалы қағаздарға инвестиция саласыз ба?
10 жыл бұрын онымен аздап айналысып көрдім. Мен қарапайым қағиданы ұстандым: ол өзім пайдаланған нәрсені сатып алу еді. Егер пайдалануды тоқтатсам – қағаздарды сататынмын. Екі жыл ішінде мен $50 мың доллардан $300 мың доллар жасадым. Содан кейін ковид болды, мен барлық позицияларды жауып, ақшамды шығарып алып, түскен пайданы жаңа фильм түсіруге бағыттадым.
Қожа Насырдың шытырман оқиғалы мультфильмінен басқа, сіз қазір қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз?
Біз Universal студиясына арналған жаңа скринлайф-жобасын аяқтауға жақынбыз. Мен сондай-ақ дәстүрлі экшн – фильмнің режиссурасына қайта оралмақпын – жаңа жобалардың бірі – Motor City фильмі – ол жайлы біз Канн фестивалінде жарияладық.
Біз сондай-ақ интерактивті скринкаст жасауға мүмкіндік беретін экраннан бейне жазғыш плеер мен рекордерды әзірлеумен айналысамыз. Тұтынушы фильмді экран жазбасы ретінде көреді, бірақ сонымен бірге ол онымен қарым - қатынас жасай алады, киноны өзгерте алады және т.б. Біз фильм өндірісінде рекордерді қолданамыз, оны басқа студиялармен бөлісеміз, бірақ уақыт тапшылығына байланысты әлі сатылымға арналған толық өнім жасамадық.
Сіз Қазақстаннан келдіңіз. Отаныңызбен байланыстасыз ба?
Мен Қазақстанға ет жеуге және достарыммен орындалмайтын болашақ жоспарларды талқылауға келемін (күледі).
Сіздің ойыңызша, Қазақстан қазіргі әлемде қандай рөл атқара алады?
Егер пайымдайтын болсақ, ұзақ мерзімді перспективада ел тағдырына әсер ететін бір маңызды процесс бар – бұл 90-шы жылдардан бастап шетелге оқуға кеткен, содан кейін Қазақстанға жұмыс істеуге оралған адамдарға салынған онжылдық инвестициялар. Соның нәтижесінде, мұнай немесе көмір емес, осы адамдар елдің дамуының жаңа кезеңіне шығуға көмектесетін негізгі капиталы болады.