Apple Nokia-ны қалай жеңді?
Неліктен 2004 жыл екі компания үшін текетіресте шешуші жыл болды
Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында Nokia корпорациясы мобильді байланыс құрылғыларын өндірушілердің арасында теңдессіз көшбасшы болды. 1996 жылы компания әлемде алғаш рет интернетке қолжетімділігі бар Nokia 9000 мобильді телефонының жаппай өндірісін іске қосты. Үш жылдан кейін оның желісінде банк операцияларына, почтаны қарауға және жаңалықтарды оқуға арналған кіріктірілген браузері бар 7110 моделі пайда болды.
Nokia ұялы телефондармен шұғылданып, жас әрі келешегі зор индустриядағы көшбасшылығын нығайтып жатқанда, Apple (AAPL) меншікті дүкенінің тұжырымдамасын әзірлеумен жұмыстанды, сонымен қатар iTunes сервисін іске қосуға және iPad ойнатқыштарын өндіруге дайындалды. Бұл кезде қос алыптың жолдары мүлдем қиылыспағандықтан, олардың текетіресі туралы сөз тіптен болған жоқ.
Барлығы бір жылдың ішінде өзгеріп шыға келді.
Мақсатсыз смартфон
2004 жылы финляндиялық корпорация мобильді құрылғылардың әлемдік нарығында 32%-ды иеленіп, 207 млн телефон сатудың рекордты көлеміне жетті. Осы жылы оның жаңа ту ұстаушысы – сол кездегімен әжептәуір 1,3 мегапиксельдік камерамен және сенсорлық экранмен жарақталған, бейне және графикалық кескіндерді қарауға мүмкіндік беретін, біз үшін үйреншікті болып үлгерген смартфондардың кейбір бірнеше функциялары бар 7710 моделі жарық көрді.
Тек бір ғана кілтипан болды. Бұл модельді сондай қызықты «толтырмамен» жарақтандырған Nokia компаниясының басшылығы жаңалықты қалай: компьютер секілді ме, әлде портативтік навигатор секілді ме, жайғастыру жайын ойлап таба алмай қойды.
iPod ойнатқышының табысына шабыттанған Стив Джобс сол жылы iPhone-мен, оған қоса ескі серіктесі Nokia-мен ынтымақтаса жүріп, Cingular Wireless-пен (қазір AT&T (T) деп аталады) жұмыс істей бастады. Apple басшысы мобильді интернеттің даму келешегін сезініп, байланыс операторын мобильді трафиктен пайданың өсуі идеясымен қызықтырды.
Зерттеменің бүкіл кезеңі ішінде құрылғының дизайны бірнеше мәрте өзгерді. Атап айтқанда, Джобс механикалық пернетақтаны алып тастап, дисплейді барынша кеңейтуді талап етті. Барлық өзгерістер әдеттен тыс технологиялық шешімдерді талап етті, визионерлер командасы онымен жата-жастана жұмыс істеді. Уақыт көрсеткендей, бекер еңбектенбеді.
Apple басшысы смартфонды 2007 жылғы қаңтар айында Macworld Expo конференциясында таныстырды. Джобстың слайдтарының біріндегі жазба «Apple қайтадан телефон ойлап тапты» деп хабарлады. Бұл шындығында солай еді. Қарапайымдылық, қолайлылық, жылдам жұмыс істеу, көп функционалдылық - осының бәрі ұстауға жағымды әрі пайдалануға қолайлы құрылғының органикалық дизайнында үйлесім тапты. Apple-дің өз бағалауынша, iPhone бәсекелестердің жетекші модельдерінен кем дегенде бес жылға озып шықты.
Осы таныстырылымға қатысушылар жаңа өнімді қуана қарсы алды. БАҚ-тар мадақтау рецензияларын жариялады, ал Time журналы iPhone-ды жылдың өнертабысы деп мойындады.
Көшбасшының ауысуы
Бұл сәтте Nokia-ның тарихы хрестоматиялық сипатта болды. Оның көшбасшылығы бұлжымастай көрінді, алайда ол көбінше мобильді телефондардың бюджеттік сегментімен қамтамасыз етілген-ді. Мәселен, 2003 жылы шыққан 1100 моделі тарихта ең көп сатылатын ұялы телефон болып қалды: бұл құрылғыларды сату көлемі 250 млн-нан асып жығылды.
Ауқатты клиенттер үшін компания Vertu брендімен құрылғылар - қымбат, бірақ аз функционалдық гаджеттер шығарды, олар өз қожайының мәртебесін көрсетті, бірақ оның көптеген технологиялық қажеттіктерін қағағаттандырмады.
Apple-дің тұңғыш смартфоны көрнекіліктің жаңа стандартын жасап берді. iPhone-ның бағасы Nokia-ның негізгі желісіне қарағанда жоғары (моделі $399-дан және $599-дан сатылды), бірақ Vertu-ға қарағанда әлдеқайда төмен болды. Алайда бұл ретте пайдаланушы әлемі, ең бастысы функционалдық құрылғыға ие болды. The Wall Street Journal газеті iPhone-ның әмбебаптығын атап көрсете отырып, оны алғашқы қалта компьютері деп атады.
«Барлығы біреуінде» қағидаты бойынша әзірленген ыңғайлы смартфон табысы орташа және жоғары көптеген америкалықтардың жүрегін жаулап алды. Телефон дүкен сөрелерінде 2007 жылғы маусым айының соңында пайда болды және алғашқы екі аптада 270 мың құрылғы сатылып кетті. Жыл соңына дейін Apple-дің барлығы 1,4 млн астам смартфоны сатылып, $630 млн. түсім түсті.
Келесі жылы Apple App Store қолданбалар дүкенін іске қоса отырып, табысын орнықтырды. Бүкіл әлемнің әзірлеушілері меншікті іскерлік сервистері мен ойындар жасау үшін қолайлы ортаға және оларды маркетплейске салу мүмкіндігіне ие болды, бұл ретте түсімінің 30%-ын Apple беріп отырды.
Алғашқы төрт күннің ішінде iPhone-ның қолданбаларын жасауға арналған құрал 100 мың мәртеден астам жүктеп алынды. Таяуда ойын-сауықтарға, жұмысқа, сатып алуларға, саяхаттарға және тағы басқа көптеген мақсаттарға арналған жүздеген сервистер пайда болды.
Нәтижесінде 2008 жылдың шілдесінде, iPhone 3G деген атаумен смартфонның екінші буыны шығу қарсаңында, Apple-дің экожүйесінде 500 қолданба жұмыс істеді, оларды дербес әзірлеуге компания жылдар сарп еткен болар еді. Бүгінде бөгде әзірлеушілерге арналған меншікті платформа Google және Meta Platforms секілді технологиялық алыптардың стратегиясының ажырамас бөлігіне айналды. Apple-дің өзінде дүкен 2021 жылы $133 млрд түсім әкелді.
Телефонды қызметтер маркетплейсіне айналдыру бес жылдың ішінде 200 млн-нан астам iPhone-ды сатуды қамтамасыз етті. Apple барлығы 2,2 млрд-тан астам мобильді құрылғылар сатты. Тек 2021 жылы корпорация 240 млн iPhone сатты. 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдайға қарағанда компания нарықтың шамамен 18%-ын иеленді. Ондағы Nokia-ның үлесі қазір 1%-дан аспайды.
Шарықтау мен құлдырау
Nokia-ның акциялары көп жылдық максимумға сол 2007 жылы, Стив Джобс қалың көпшілікке алғашқы iPhone-ды таныстырған кезде жетті. Инвесторлар жаңа өнімнен финляндиялық компанияның мобильді құрылғылар нарығындағы көшбасшылығына төнген қатерді байқамады, компания төңірегіндегі үш бәсекелесін қоса алғандағыға қарағанда телефондарды көптеп сататын еді.
Алайда әр ай сайын оның жайғасымдары нашарлай берді. Бәсекелестер өз өнімдерінің дизайнын қайта өңдеп, Apple-ді қуып жетуге ұмтылды. Android операциялық жүйесі белсенді даму үстінде болды, Google Market қолданбалар дүкені пайда болды, ол «алмасыз» телефондар үшін баламаға айналды.
Nokia акцияларының баға белгілеулері төмендей бергенде, Apple-дің акциялары белсенді түрде өсе бастады. 15 жылдың ішінде компанияны қаржыландыру 49 есеге ұлғайды.
Инвесторлар алатын сабақ
Әлемдік экономика тарихында «мызғымас» салалық көшбасшылар мен тұтас сегменттердің жаңа тұжырымдар мен технологияларға орын беріп, келмеске кеткен көптеген мысалдар бар. Іштен жанатын қозғалтқыштары бар машиналарды электр мобильдер біртіндеп ығыстырып жатқан автоиндустриядағы эволюция ғибрат аларлық. Таңданатыны жоқ, алғашқы электр көлігін конвейерден тек 2008 жылы шығарған Tesla (TSLA) компаниясының қазір Ford (F) және General Motors (GM) секілді аса ірі әрі танымал бәсекелестерден 10 есе қымбат тұрады.
Nokia мобильді байланыс инфрақұрылымының қалыптасу кезеңінде көшбасшылықты жеңіп алды. Бірақ кең өріс алған өндірістен пайданы тек Apple ғана иеленді, ол басқалардан бір қадам алда көрінді. «Мен шайба болған жаққа емес, шайба баратын жаққа қарай ұмтыламын» — «алма» феномені туралы сөз қозғалғанда Джобс даңқты хоккейші Уэйн Гретцкидің осы сөздерді тілге тиек еткенді ұнататын.
Визионерлік көзқарасты тек компаниялардың басшылары ғана емес, сондай-ақ инвесторлардың да дамытқаны маңызды. Түптеп келгенде, олардың қаржы салымдарының нәтижесі осыған байланысты болады.