Әлем немен тамақтануда
Адамзат баласы күн сайын жүздеген миллиард долларға тағам өндіреді, сатып алады, дайындайды, кейде оны лақтырып жатады. Жер бетінде халық санының өсуімен экономиканың аграрлық саласының маңызы тек арта түспек.
БҰҰ-ның болжамдарына қарағанда, Жер бетіндегі тұрғындар саны 2050 жылға қарай 1,7 млрд-қа ұлғаяды. Адамдардың бәрін тамақтандыру үшін азық-түлікті қазіргі жағдайдан шамамен үштен екі бөлікке көбірек өндіру қажет болады.
Осы күрделі міндетті шешу үшін әлемдік ауыл шаруашылығының нарығы шындап өзгеруі тиіс, қазірдің өзінде ол жаңа сын-қатерлерге бейімделуде. Егіншілік түрлері жетілдірілуде, еттің өсімдік алмастырғыштары секілді баламалы өнім түрлері пайда болуда. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында секторда үлкен деректерді талдау белсенді қолданылуда әрі ең заманауи техника ендірілуде. Іріктеуші ғалымдар өсімдіктердің аса өнімді сұрыптары мен малдың өнімді тұқымдарын шығару бойынша ұдайы жұмыс жүргізуде.
Тұтынушылардың қажеттіліктері де өзгеруде. Азаматтар өнімдердің құрамына әрі оларды өндірудің қоршаған ортаға қалай әсер ететініне жиі назар аударып жатады. Азық-түлік қауіпсіздігінің басқа маңызды құрамдасы осы аспектімен байланысты. Ол — шығындар мен тағам қалдықтары деңгейін азайту, оған Жер бетінде өндірілетін парниктік газдардың 8%-ы тиесілі. Бұл ретте лақтырылған және пайдаланылмаған тағам өнімдерінен әлемдік экономиканың залалдары дамыған елдің ІЖӨ-мен тепе-тең.
Аграрлық индустрияның жаһандық түрленуі ағымдағы әлем проблемаларымен тежелуде. Энергия ресурстары қымбаттауда, ферма иелеріне тыңайтқыштар жетіспеуде, ал пайыздық мөлшерлемелердің өсуі кредиттердің қолжетімділігінің төмендеуіне әкеледі. Халықаралық ұйымдар жер шарының түкпір-түкпіріндегі азық-түліктің көп жылғы рекордтық инфляциясын тіркеді және жаһандық азық-түлік дағдарысын болдырмау үшін жетекші экономикаларды онымен белсенді түрде күресуге шақырады.
«Қаржыгердің» бұл санында біз әлемдік азық-түлік нарығының қалай өзгеріп жатқанын, оның қай сегменттерінің болашағы неғұрлым зор екенін әрі инвестордың сол арқылы қалай табыс таба алатынын әңгімелейміз. Біз жекелеген қызықты акцияларды да, сондай-ақ ауыл шаруашылығы индустриясы эмитенттерінің қағаздарына қаражат салуға мүмкіндік беретін үлкен үміт күттіретін ETF-ті атап көрсеттік. Біздің өтінішіміз бойынша азық-түлік өнімдерін өндірушілер мен мейрамханалардың басқарушылары кәсіптерінде туындаған сын-қатерлермен, сондай-ақ өсу үшін пайда болатын мүмкіндіктермен бөлісті.
Бүгінші санымыздың жұлдызы – стендап-әзілкеш Евгений Чебатков. Айта кетерлігі, «Қаржыгер» журналын бұдан былай Қазақстандағы Freedom Finance Global компаниясы басып шығаратын болады. Мұндай өзгеріс журналдың редакциялық саясатына әсер етпейді. Біз бұрынғысынша сіздің инвестициялар әлеміндегі жолбасшыңыз болып қаламыз.