Буллинг түсінігі мен түрлері
2016 жылдың шілде айында Мюнхенде жан түршігерлік оқиға орын алды. Біршама адамның өмірін қиған бір жоғарғы сынып оқушысы қылмыс жасап болған соң өзіне қол жұмсап, бақилық болған. Бұл оқиға себебімен қалада бірнеше күнге созылған қаралы күн жарияланды. Құзыретті органдар оқиға себебін әшкереледі. Оқушы тарапынан жасалған осыншама үлкен агрессияның себебі - буллинг болған.
Еліміз де 2018-дің соңғы айларынан бастап әлеуметтік желіде тараған зұлымдық видеолары себебімен бір шайқалып қалды. Бейне түсірілімдерде бір топ жасөспірімнің бірнеше құрдастарына әлімжеттік жасап, түрлі зомбылық әрекеттері жарияланған. Рас, үлкен резонансты мәселе ретінде тіркелген бұл оқиға көпке бармай әшкереленді. Оқиға Түркістан қаласында орын алған екен. Сезіктілер ұсталып тиісті шаралар жасалды. Бұл елімізде орын алған соңғы күндердің ең үлкен «буллинг» оқиғасы болатын.
Буллинг дегеніміз...
Сонымен, мектеп қабырғасындағы «буллинг» деген не? Буллинг - бір баланың немесе бір топ оқушының өз сыныптас(тар)ына немесе мектептегі кез-келген басқа бір бала(лар)ға психологиялық қысым жасауы. Мұғалімдердің оқушы(лар)ға түрлі деңгейде тіл тигізіп, қысым жасауын да буллинг әрекетіне жатқызуға болады. Тіпті, мұғалімнің мұғалімге тіл тигізіп, азарлауы, мектеп басшылығының мұғалім(дер)ге қысым жасауы, міне бұлар да буллингтің тағы бір категориясы (моббинг) болып табылады.
Дегенмен, қазіргі таңда ең көп тараған түрі - бір топ агрессивті оқушылардың басқа оқушыларға түрлі зорлық-зомбылық жасауы, оларды түрлі жолдармен қорқытуы, тіпті физикалық және психологиялық соққы жасауы болып табылады. Бұл мақала негізінен оқушылар арасындағы буллинг мәселесін талқыға салмақ.
Жоғарыда атап өткеніміздей бұл қылмыс түрі еліміздің мектептерінде кеңінен тараған. Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының жетекшісі В. Калюжный 2015 жылдың шілде айында жария еткен деректерді негізге алатын болсақ, білім беру саласындағы буллинг статистикасы келесідей: Балалардың 66,3%-ы мектептегі зомбылықпен бетпе-бет келген, куәсі немесе себепкері немесе құрбаны болған, оның үстіне сұрауға қатысқан балалардың 23%-ы қол жұмсау зомбылықтарының құрбаны болса, 20% - құрбылары тарапынан бопсалауға ұрынған, 27% - мұғалімдер тарапынан күш көрсету түрінде жаза алған.
Өз сыныптастарына қысым жасау барысында жасөспірім агрессорлар буллингтің төмендегідей түрлеріне жүгінеді екен:
• ұрып-соғу,
• қорлау,
• мазақ ету,
• шантаж,
• бопсалау,
• түрлі қате әрекетке мәжбүрлеу, итермелеу,
• жала жабу,
• оқушы жайында жалаң ақпарат тарту,
• сыныптан, топтан оқшаулау,
• кибербуллинг (Интернетте фотосуреттер, бейнелер мен ұятты пікірлерді жүктеу),
• мүлікке зиян келтіру, т.б. әрекеттер.
Осылайша буллинг әрекетінің 45 түрі анықталған.
Егер де бұл әрекеттер бір реттік қана болып табылса, оны нақты бір жағдайға байланысты орын алған оқиға ретінде қарастыруға болады. Ол жағдайлар екі жақты сөзге келіп қалу барысында болған «төбелес» әрекетіне де ұқсатуға болады. Екі жақты қол жұмсау, екі жақты балағаттау бар болса және бір мезеттік орын алған оқиға болатын болса, оны буллингке жатқызуға болмайды. Буллинг аталуы үшін бұл әрекеттердің жүйелі түрде, ұзақ мерзімді қайталануы керек. Және де бір жақ жазалушы (буллер), ал екінші жақ әрекет ету шеңбері шектеулі, жәбірленуші болуы керек.
Әдетте ер балалар физикалық қысым түрлерін (ұру, тебу, итеру, т.б.) таңдаса, қыз балалар өз құрбыларына сөзбен кемсіту түрлерін (мазақ ету, сарказм, өсек, т.б.) қолданады. Әлеуметтен (сыныптан, топтан) оқшаулау, менсінбей қарау, бос сөзбен қорқыту түрлері екі жақта кездессе де, қыз балалар көбірек жүгінетін әрекетке жатады.
Өкінішке орай мектептердің көбісінде буллинг әрекеттерін қарапайым тәртіп бұзушылық ретінде қарайды. Сондықтан болар, буллинг елімзіде аса қауіпті құбылыс ретінде қаралмайды. Басқа елдердегідей арнайы қабылданған құқықтық акт немесе арнаулы бағдарлама да әзірге жоқ. «Кекеш бір баланы басқа балалар ұрып кетіпті» десе, «балалар ғой, қазір төбелесті, ертең дос болады» дей саламыз. Немесе әпкесінің ескі киімін киіп жүрген қызды басқалары мазақ етіп, жылатып жатса, оқиғаға араласудың орнына жасөспірімнің «кедейлігіне» назар аударып, тағдырға балай салатын түсінік қалыптасқаны да осы мәселенің алдын алуға арналған жүйелі жұмыстың жоқтығы болар.
Мәселеге осылай жеңіл қаралғандығы үшін ондай келеңсіздік тіпті балабақшаларда да кездесіп жатыр. Тілі енді шыққан баланың өзі тобындағы балаларды қорқытудың жолын таба бастаған. Ал тәрбиешілердің балаларға деген дөрекі әрекеттері әлеуметтік желі беттерінде толып жүр.
Көп жағдайда буллер - келешек құқық бұзушы, ал жәбірленуші (буллинг құрбаны) - көптеген психологиялық проблемасы мен ауруы бар, тұлға ретінде өз мүкіндігін іске асыра алмайтын адам болып шығады. Кей жағдайда бұрыңғы жәбірленушінің өзі де кек қайтару мақсатында буллерге айналуы мүмкін. Ондай жағдайда ол әрекеттерін аса қатыгездікпен жүзеге асыратын болады. Мюнхен оқиғасы осының дәлелі.
Буллинг себептері
Буллинг - тәрбие мен қоғамның психологиялық мәдениетінің төмендігінің проблемасы болып табылады. Өкінішке орай бұл құбылыс күн санап өсіп келеді. Әлем бойынша қарыштап өсіп жатқан бұзақылық тенденциясының себебін осы саланың мамандары бірнеше әлеуметтік факторлармен түсіндіреді:
⁃ жұмыссыздық,
⁃ кедейлік,
⁃ қылмыс көлемінің көптігі,
⁃ тиісті заңдардың жоқтығы, немесе заңдардың пайдасыздығы мен әлсіздігі,
⁃ зорлық-зомбылық, қатыгездік, надандық әрекеттеріне төзіммен қарау, көз жұму және БАҚ арқылы ондай келеңсіздіктерді жария ету,
⁃ әскери әрекеттер (азаматтық соғыстар, көтерілістер),
⁃ қандай да бір бала құқығын қорғайтын нәтижелі әрі тиімді жұмыс жасайтын жүйенің болмауы.
Кез-келген баланың буллинг жәбірленушісі аталуы мүмкіндігі - ең үлкен қауіп болып табылады. Әдетте физикалық кемшілігі бар балалар буллингке душар болады деген түсінік басым болғанымен шындығында жәбірленуші аталу үшін қанадай да бір кемшілік қажет емес. Бала психологиясының үлкендерден ерекшелігінің бірі - баланың бірдей жас тобының ішінде өз орны болғанын қалауы, ол жерде құрметке ие болуға тырысуы. Бір топтың ішінде өз орнын табу үшін бала қолдан келгенінің бәрін жасауға дайын болады, тіпті қылмысқа дейін. Міне осылайша балалар қате әрекеттерге қадам ата бастайды.
Осы жерде балалардың пәк сезімнен арылып, бойларына қатігездік сезімін жинақтауына итермелейтін кейбір себептерді атап өткен жөн болар. Жиі кездесетін себептер:
- үлкен кісілердің басқаларға немесе өзіне (балаға) жасаған агрессивті әрекеттерін қайталауға, олардың тұлғалық әрекеттеріне ұқсауға тырысулары (подражание),
- бала мен ата-ана арасындағы эмоционалдық байланыстың бұзылуы (жанұяда бір-бірін жек көру аурасының үстемдігі),
- ата-аналардың баланы жазалауда физикалық немесе жазаның басқа формаларын қолдануы,
- кез-келген мәселеге немқұрайлы қарайтын немесе агрессивті әрекетке баратын мұғалімдер,
- балалардың мектептегі жағдаятын дұрыс ұйымдастырмау (сыныпта оқушының көп болуы, мұғалімдердің көп ауысуы, сабақтардың болмай қалуы, т.б.),
- өз ойын жеткізе алмауы, нақты мақсат қоя алмауы,
- өзін басқалардан төмен көруі,
- қақтығыстарды (дауды) шешу қабілетінің болмауы,
- бұрын басқа балалар тарапынан буллинг әрекетінің құрбаны болуы.
Буллингті тоқтату және алдын алу
Буллинг әдетте жабық процес болып табылады. Мұғалімдер көп жағдайда немқұрайлы әрекет танытып, мәселені көрмеген бола салады. Ата-аналар болса өз баласына не болып жатқанынан беймәлім күй кешеді. Ал буллер де, жәбірленуші де өз проблемаларын ашып айта қоймайды.
Баланың басына төнген мәселені ата-аналар төмендегі белгілер арқылы анықтай алады:
- ұйқысыздық,
- кенеттен салмақ қосу немесе азып кету,
- кекештену, тик (еріксіз бас, қол, иық, т.б. қозғалысы) пайда болуы,
- энурез (дәретін жіберіп қою),
- іш ауруы, асқазан ауруы,
- бас ауруы (мигрень),
- оқшаулану әрекеттері (замкнутость),
- жиі көз жасаурауы,
- агрессия пайда болуы.
Егер ата-аналар немесе мұғалімдер баланың қандай да бір бұзықтықтың жәбірленушісі екенін анықтаса, мынадай әрекеттер жасауы керек:
- Баламен әңгімелесу. Мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысып, аталмыш жағдайларда өзін қалай ұстау керектігіне қатысты кеңес беру керек. Сұхбат барысында балаға жауап алу мақсатында қысым жасауға болмайды. Сеніміне кіріп, оның жалғыз емес екендігін, қолдаушысы және қорғаушысы бар екендігін сездіру керек. «Өзің кінәлісің», «Өзін неге соқпадың» тарізді қате нұсқаулықтардан алыс болған жөн.
- Мектеп басшылығына мәселе туралы хабар беру керек. Сынып жетекшісімен тілдесу де маңызды. Агрессивті бекінген балалармен сөйлесудің қажеті жоқ. Әсіресе жәбірленуші бала бұны қаламаса (Әдетте балалар мәселені өздері шешкісі келетіндіктен үлкендердің араласқанын қаламайды).
- Мектеп психологына немесе басқа маманға баламен жұмыс жасату керек. Ата-ананың қолдауы қаншалықты жоғары деңгейде боса да, көп жағдайда кәсіпқой мамансыз проблеманы шешу қиын болуы мүмкін. Буллингтің қандай формасына ұшыраса да нәтижесінде міндетті түрде психологиялық жарақат пайда болатынын ескерсек, психолог маманның көмегі орасан зор. Психолог көмегіне жүгіу еш айып емес екенін ескерген жөн болар.
- Егер жоғарыда айтылған әрекеттер еш нәтиже әкелмесе, баланы басқа мектепке ауыстырған жөн.
Бұл кезеңде буллермен де қажетті жұмыстар жасалуы керек. Оның да теріс әрекетке бару себебін анықтап, барынша көмек берілуі керек. Өйткені әр агрессивті әрекеттің артында бір психологиялық проблема тұрады. Ол балалар да ата-анасы мен психолог маманның жәрдеміне мұқтаж.
Төменгі және орта буын оқушылар өз проблемаларын ата-ананың және психологтың көмегінсіз шеше алмайды. Ал жасөспірімдер болса (жоғары сыныптағы) өз проблемаларын өздері шеше алатын жағдайда (бұл жағдайда да үлкендер қолдауы қажет). Балаға өзінен «неге мен буллинг жәбірленушісі болдым?» немесе «неге мен буллер болып қалыптастым?» деген сауалдар сұрату керек. Бұл сұраққа берілетін салмақты жауап, проблемадан шығу жолына сілтеме бола алады.
Балаға «буллердің әрекетіне мән берме, көрмеген бол, естімеген бол» тәрізді кеңестерге қарағанда төмендегідей жол көрсетулер пайдалы болмақ:
- Өзіңе ақылды әрі күшті дос тауып ал. Мүмкін болса жоғары сыныптан.
- Қарсы (жәбірлеуші тараптан) жақтан көп көзге түсе бермейтін біреуін өз қатарыңа тартып ал.
- Проблеманы қарсы топтың басшысымен тікелей шешуге тырыс.
Бұлар балаға өзіне деген сенім мен жігер беретін кеңестер болып табылады.
Мектептегі буллинг проблемасының негізінде мұғалім тұрады. Өйткені олардың балалармен қарым-қатынастағы және сыныппен жұмыс жасау қабілетіндегі кемшіліктер буллингке негіз бола алады. Сынып - балалар ұжымы. Бұл ұжымның да басқа ұжымдар тәрізді ауызбіршілік мен достық атмосферасына мұқтаждығы бар. Ондай орта жасау сынып жетекшісінің ең басты міндеті болып табылады.
Бұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін мектеп әкімшілігі, мұғалімдер мен мектеп психологына төмендегідей мәселелерді қарастырған жөн:
- Мектепте «Буллингке жол жоқ» тәрізді арнайы бөлімі бар баршаға міндетті мектептің тәртіп ережесін қабылдау қажет.
- Сабақ уақыты мен үзілістерде алдын-алу мақсатында оқушыларды бақылау жұмыстарын жүргізіп, қажет болғанда жылдам әрекет жасау керек.
- Буллинг оқиғаларын анықтау мақсатында әр сыныпта жүйелі түрде зерделеу жұмыстарын жасап отыру керек (анкета, сұхбат, тест).
- Жүйелі түрде сынып сағаттары мен тәрбиелік шаралар жасап тұру қажет. Ата-аналардың да қатысуымен өткізілсе тиімді болады.
- Үйірмелер мен топтық мәдени шаралар көп жасап, әр түрлі балалардың бір-бірімен жақыннан араласуына, достық сезімдерінің артуына ықпал жасау керек.
Буллинг проблемасы қоғамның барлық мүшесіне қатысы бар нарсе. Оған қажетті деңгейде көңіл аудармау өте қауіпті!!!