November 21, 2020

Үйренуді үйрену

Мәтіннің авторы: Муратхан Найля | Дизайн: Султансих Ажар

Спикер туралы:

Мақсат Шалабай –– Тараз БИЛ-нің 2015 жылғы және Назарбаев Университетінің "Mechanical engineering" бағдарламасының 2020 жылғы түлегі. НУ-дан бөлек 2018-2020 жылдар аралығында КазГЮУ университетінің әскери кафедрасы мен 2019 жылғы State University of New York at Buffolo-да жазғы семестр оқуына жолдама жеңіп алды.

Мақсат –– жоғары тәжірибелі репетитор. Оның ұстанымы: «Білімді игергің келсе, өзгеге үйрету арқылы меңгер».


Мазмұны:

I. Жады мен ойлану режимдері

II. Тілімдеу әдісі (chunking)

III. Үйрену барысындағы қателіктер

IV. Прокрастинация неге әдетке айналады?

V. Pomodoro тәсілі

VI. Прокрастинациядан арылу жолы

VII. Әдепкі өмір мен үйренуді қақпақылдау

VIII. Жадыға терең сүңгу

IX. Жаттау техникалары

X. Студенттер мен оқушыларға кеңестер

XI. Емтихан чеклисті

XII. Спикердің соңғы айтар сөзі

[онлайн-сабақта талқыланған ақпарат Барбара Оаклидің Сoursera–дағы курсына негізделген]


Жады мен ойлану режимдері

Ақпарат адам жадында қалай сақталады? Прокрастинациядан қалай арылуға болады? Емтиханды сәтті тапсыру үшін қалай дайындалған дұрыс?

Адам миы 86–96 млрд жүйке жасушаларынан, нейрондардан құралады. Ұзақ уақыт бойы белгілі бір әрекетті қайталау нәтижесінде ақпарат адамның есінде сақталып, адам үйренген дағдыға машықтанады.

Ойлану режимдерінің екі түрі бар: бағытталған (focused) және бытыраңқы (diffused).

Бағытталған үйрену режимінде біз бір нәрсеге бар назарымызды аударамыз. Бұл қалыпта адам үйренуге бар ниетімен тырысқандықтан, мидағы құбылыс бір ми маңайында шоғырланады.

Бытыраңқы ойлау, өз кезегінде, қиялдау не күнделікті өмірдегі істермен айналысу барысында мезеттен пайда болатын ойларға жетелейді. Бытыраңқы ойлау заттарға кең көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Мәселен, ұзақ уақыт мазалаған мәселенің шешімі күтпеген жерден пайда болған кездеріңіз болған шығар. Ол құбылыстар – бытыраңқы ойлаудың жемісі.

Сол жақ сурет – бағытталған ойлану режимі, оң жақ сурет – бытыраңқы ойлану режимі

сурет Jana Vembunarayanan-ның блогынан алынған.


Тілімдеу әдісі (chunking)

– бұл ақпаратты бөлшектеп жинау әдісі. Мысалы, сіз бір аккордты ойнауды үйренсеңіз, сіз бір ақпарат тілімін жинақтаған боласыз. Ал егер де 4-5 аккордтан тұратын өлеңді ойнауды үйренсеңіз, сіз толыққанды ақпарат жиынтығын жинастырып, сол дағдыны меңгерген боласыз.

Тілімдеудің екі тәсілі бар:

  1. Bottom up– ақпаратқа ерекше зейін беріп, қайталау арқылы үйрену.
  2. Top down–сабақты бастамас бұрын, сол саладағы үлкен кескінді шолып шығу әдісі.

Тілімдеу әдісі үш құрамдас бөліктен тұрады:

  • Фокус – үйренуге ниеттің болуы мен процеске зейін бөлу.
  • Түсіну – қарастырылып жатқан ақпаратты барынша ұғып, меңгеру.
  • Практика – бірнеше мәрте қайталап, жадында бекіту мен күнделікті өмірде ол ақпаратты қолдану.

Тілімдеудің өмірдегі қолданысы:

  • Билл Гейтс

Билл Гейтс – өте көп кітап оқитын кісі. Бірақ одан бөлек, ол кісі оқыған кітаптарының 80-90% қорытып, жадында сақтай алады. Оның осыншама ақпаратты есте сақтауы бытыраңқы ойлау барысында әр жерден жинақтаған ақпараттар мен ойларды өзара ұштастырып, жаңа бір жарқын идеяны ойлап табуға мүмкіндік береді.

  • Композитор

Композиторлар аккордтар мен ырғақтарды естеріне сақтағандықтан, бытыраңқы ойлау барысында сол аккордтарды араластырып, байланыстырудың жаңа жолдарын табу арқылы жаңа туындылар ойлап шығарады.

  • Шахмат

Шахмат ойыншылары көптеген комбинацияларды жатқа білудің арқасында жаңа жүріс стратегияларын ойлап таба алады.


Үйрену барысындағы қателіктер:

  • Асыра сілтеу – игеріп алған білімді қайта-қайта оқи беру. Бір ақпаратты ұғып алған соң, дайын тұрған темірдің үстінен соққылай берудің қажеті жоқ.
  • Жоспарсыз дайындық – игерілген тақырыпты қайталай беру оңай және ол “мен бәрін жақсы білемін” деген құзыреттілік елесіне әкелуі мүмкін. Сол себепті, спикер тақырыптардың бәрін жоспар түрінде жазып шығуға кеңес береді. Сонда жетік меңгерілген де, қиындық туғызатын тақырыптарға да көңіл бөлуді ұмытпайсыз.
  • Einstellung – жүзуді білмей тұра суға сүңгу. Белгілі бір тақырып аясында өзіңіздің компетенцияңыздың жеткіліксіздігіне қарамай іске кірісіп кету – үлкен қателік. Демекші, “практика/есеп шығару барысында түсініп кетермін-ау” дегеннің орнына алдымен материалмен танысып өткеніңіз жөн.

Прокрастинация неге әдетке айналады?

Прокрастинация “ауыр болып кетті”, “прогресс болмай жатыр”, “ішім пысып кетті” деген ойлардан басталады. Үйренудің басында қиындыққа тап болған соң, адам сыртқы еліктіргіштерге көңілін бөліп, прокрастинацияға берілуі мүмкін. Прокрастинаяның әдетке айналу барысын қарастырып көрейік:

  1. Прокрастинция еліктіргішке берілуден басталады. Еліктіргіш — назарды басқаға аударуға мәжбүрлейтін триггер. Мысалы, Instagram, YouTube, т.б.
  2. Бір рет еліктіргіштерге берілген соң, көп жағдайда адам зомби режимінде секілді рутинаға түсіп кетеді. Мысалы, сабақ оқу барысында әрдайым инстаграм ішіне сүңіп кету.
  3. Марапат – ліктіргішке берілу барысында алынатын кішігірім қуаныш, іш пыстыратын қызық нәрсе. Бұл марапаттар адамды уақытты босқа өткізуге ынталандырады.
  4. Сенім – “кейін бітіре салам”, “емтиханға дейін әлі уақыт бар, кейін дайындалам” секілді ойлар. Осындай кейінге деген сенім прокрастинация әдетін одан әрі ушықтырады.

Pomodoro тәсілі

Pomodoro тәсілі 25 минуттық фокусировка мен 5 минуттық демалысты алмастыруды ұсынады.

25 минут сабақ оқу – 5 минут демалыс – 25 минут сабақ оқу – 5 минут демалыс. Нәтижесінде, адам 1 сағаттың 50 минутын сабақ оқуға бөлді.

Pomodoro тәсіліне қатысты бірнеше кеңес:

  • Еліктіргіш сайттарды шектейтін арнайы қосымшаларды (extensions) компьютер браузеріна орнатуға болады.
  • Фокусировка кезінде бар еліктіргіштерден арылуыңыз қажет. Телефон, әлеуметтік желілер және достарыңыз еліктіргіш болып саналады. Телефонды мүлде өшіріп не жатақханада қалдырып, кітапханада жұмыспен айналысуға болады.
  • Ұзақ мерзімді сабақ оқудан тез жалығып кетпес үшін арасында манағы 5 минуттық демалыс жасау қажет.

Прокрастинациядан арылу жолы

Сіз, бәлкім, ерік күші туралы естіген боларсыз. Негізінде ерік күші тек телефонға түскен хабарламаға, яғни еліктіргішке назар аудармау үшін ғана қажет. Басқа жағдайларда ерік күшін іске араластырудың керегі жоқ.

Рутинадан құтылуға уақытты тиімді жоспарлау әдісі көмектеседі. Алдын ала жоспарлау сізді белгіленген жұмысты сол межеленген уақытында бітіруге ынталандырады. Себебі, қазір тура осы сәтте прокрастинацияға беріліп, сол жұмысты кейінге қалдырмақшы кезде ертеңгі күннің жоспары бойынша басқа бір істің бары есіңізге түсіп, сол жұмысты осы мезетте орындауға мотивация пайда болады. Сонымен қатар, жоспарлау адамда жауапкершілікті қалыптастырады.

Әрбір помодородан кейін өзіңізге кішігірім марапат беріңіз. Немесе, аптаға “осыншама рет помодоро тәсілімен осындай көлемдегі жұмысты бітірем” деген мақсат қойып, орындаған жағдайда апта соңында киноға бару не басқа да қызықты марапаттармен өзіңізді ынталандыра аласыз. Мәселен, спикер өзін 5 кг-дық балмұздақпен марапаттайды.

Сонымен қатар, пайдалы әдет қалыптастыруға деген сенім әрдайым жоғары болу керек. Өзіңіздің прокрастинациядан арыла алатыңызға, тиімді жұмыс істеуге қабілетіңіздің бар екендігіне сеніңіз. Онымен қоса, өзіңізді өзіңіз секілді ойдағы адамдармен қоршауыңыз да септігін тигізеді.


Әдепкі өмір мен үйренуді қақпақылдау

*қақпақылдау – жонглирование

  • Планнер журнал жүргізіңіз.
  • Жоспарды бір күн бұрын кешқұрым жазыңыз.
  • Әр жұмысты кішігірім тапсырмаларға бөліңіз.
  • Еліктіргіштерді бақылап отырыңыз .
  • Аз-аздан бастағаннан ештеңе етпейді. Бастапқыда белгілі бір әдеттерді енгізу қиындық туғызып, кей тұстарда еліктіргіштерге беріліп кететін сәттеріңіз болуы мүмкін. Осындай қиындықтарға тап болсаңыз, айтылған әдеттердің бәрін бірден емес, бірте-бірте күнделікті режиміңізге енгізіңіз.
  • Жаңа жүйеге сенім артыңыз.
  • Күннің басында алдымен "бақаңызды жеңіз". Яғни, ең маңызды да қиын істеріңізді бірінші кезекте бітіріңіз.

Мысалы, көптеген бизнесмендер түске дейін маңызды кездесулерін өткізіп, түскі кезеңде маңызды бірақ аса ауыр емес тірліктерін бітіріп, кешкісін отбасы мен жеке хоббилерімен айналысады.

  • Білім алу не жаңа дағдыны үйрену үшін таңғы я кешке дейінгі уақыт әбден жеткілікті. "Уақыт неге жетпейді" деп таңғалудың себебі – күні бойы еліктіргіштерге беріліп, уақытты тиімсіз қолдану. Айта кете, “кешкі алтыдан кейін мен сабақ оқымаймын” деп өзіңізге шектеу қоя аласыз.

Жадыға терең сүңгу

Тас дәіуіріндегі ата-бабаларымыз айлап жауға шапқанда немесе азық іздегенде кері жолды қалай таба алған? Жауап: кескінді жады.

Кескінді жады деп қызықты және есте оңай қалатын иллюстрацияны ақпаратқа үйлестіру арқылы жаттауды айтамыз.

Жалпы, жадының екі түрі бар: қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жады.

Бір күнде асыға көп қайталап жаттау ақпаратты қысқа мерзімді жадыға сақтайды. Ал бірнеше күн бойы асықпай қайталау арқылы жаттау ақпараттың ұзақ мерзімді жадыға сақталуына көмектеседі.


Жаттау техникалары

1) Топтастыру (немесе ақпаратты басқа нәрсемен ассоциациялау).

Мысалы, әр сөздің бас әріптерінен құралған қызық сөйлем құрастыру терминдерді жаттауды оңайлатады.

Сегіз көз - Сәкен, Жамбас сүйегі - Жәкен, Сан сүйегі - сегіз, Тізе тобығы - түйе, Балтырдың кіші жілігі - бес, Балтырдың үлкен жілігі - бұқа, Аяқ басты сүйектері - алды.

2) Жады сарайы.

Өзіңіз жақсы танитын үй ішіндегі заттармен ассоциация жасау тәсілі. Бұл негізінен жаттау сайыстарының қатысушылары қолданатын тәсіл.


Студенттер мен оқушыларға кеңестер

  • Өзіңізді бағалаңыз – өзіңіздің қабілеттеріңізді белгілеп, қай кемшіліктеріңізді дамытып, артықшылықтарға айналдыра алатыныңызға анализ жасаңыз.
  • Топпен жұмыс – сізден білімі не тәжірибесі көбірек топтастармен бірігіп жобаны орындау не емтиханға дайындалу тиімді.
  • Қиыннан бастаңыз – біздің мұғалімдер көбіне, керісінше, “оңай сұрақтарды қарап шық, сонан кейін қиын сұраққа көбірек уақыт қалдырасың” дейді. Бірақ, спикердің есептеуінше, тест кезінде алдымен қиын сұрақтан бастаған жөн. Егер оны тәмәмдәу мүмкін болмай бара жатса, көп кідірмей өзге сұраққа ауысыңыз. Сіз басқа тапсырмаларға назарыңызды аударғаныңызға қарамастан ми бәрібір сол қиын мәселені ойластыра береді. Осы тұста бытыраңқы ойлау жәрдемдесіп, бір мезетте “эврика” деп сол сұрақтың жауабы есіңізге келуі мүмкін.
  • Тестілеу – 1 сағат сабақ оқып, тағы 1 сағатты сол біліміңізді тексеруге арнаңыз. Қайталаған соң, ақпарат есіңізде көбірек сақталады. Тест арқылы тексеру жолымен сіз мидағы нейрондық байланыстарды нығайта бересіз.

Емтихан чеклисті

Осы чеклист бойынша өзіңізді тексеру арқылы сіз өзіңіздің емтиханға дайындығыңызды бағалай аласыз.

  • Үйреніп жатқан тақырып аясындағы материалды (текст/бейнебаян/т.б.) зейінмен қарап шығуға талпындыңыз ба?
  • Достарыңызбен бірге үй жұмысының есептерін шығардыңыз ба?
  • Достарыңызбен талқыламас бұрын әрбір үй жұмысының жауаптарын дайындап қойдыңыз ба? Демекші, нақты нені талқылайтыныңызды алдын-ала жоспарладыңыз ба?
  • Үй жұмысын талқылау кезінде белсенділік таныттыңыз ба? Идея тастап не сұрақ қойдыңыз ба?
  • Қиын болғанда ұстазыңызбен кеңестіңіз бе? [университетте бұл office hours ретінде белгілі]
  • Барлық үй жұмысы сұрақтарын түсіңдіңіз бе?
  • Емтихан алдындағы қайталау сабағында белсенді болдыңыз ба?
  • Және де ең бастысы: Емтихан алдында ұйқыңыз қанды ма?

Көп жұмыс істегенде, адамның миында тиімділікті кідіртетін токсиндер бөлінеді. Алайда, ұйқы барысында олар шайылып, ми тынығады. Сол себепті емтихан алдында ұйқыны қандыру аса маңызды.


Қорытындылай келе, спикердің соңғы айтар сөзі:

Өзіңіздің білгеніңізді өзгеге үйретпейінше сол нәрсені толықтай меңгермейсіз. Осы айтылғандарды өзгемен бөліссеңіз, бұл білім сіздердің жадыңызда ұзаққа сақталады.


Оқығаныңыз үшін рахмет!

Мақаланы достарыңыз бен таныстарыңызбен бөлісіңіз.

Сабақтың толық бейненұсқасын біздің YouTube арнамызда таба аласыз.

LeadershipKZ-тің әлеуметтік желілердегі парақшалары:

InstagramTelegramYouTube

мақаланың басына өту