Бөлек есепке алуды жүргізген кезде қандай есептілікті тапсыру керек?

Гаухар Нарбекова, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», CAP, CIPA, DipFR, сертифицированный аудитор РК, налоговый консультант РК, Партнер Группы МинТакс, г. Алматы

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі бойынша жұмыс істейді, тамақ өнімдерінің көтерме-бөлшек саудасымен айналысады. 2018 жылғы мамырда ЖШС дайын өнімді бөлшек саудада өткізу мақсатында сүтті қайта өңдеу цехін ашты.

Сауалдар:

ЖШС бухгалтері сауда және қайта өңдеу бойынша бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті ме?

2018 жылғы екінші тоқсан үшін ҚҚС бойынша декларация жасау ерекшеліктері қандай?

Жауап:

Салық кодексінің 411-бабы 1-тармағының 2) тармақшасының ережелері заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді (қоғамдық тамақтану саласындағы қызметті қоспағанда) жүзеге асырудың нәтижесі болып табылатын тауарларды өткізу жөніндегі, соның ішінде сүтті қайта өңдеу мен ірімшік өндіру жөніндегі айналымдар бойынша ҚҚС қосымша сомасын есепке жатқызуға құқық береді. Алайда Салық кодексінің 411-бабының 2-тармағының негізінде салық төлеушілер мұндай құқықты:

  • осы баптың 1-тармағында көзделген қызмет және өзге де қызмет бойынша өткізу жөніндегі айналымдарды;
  • осы баптың 1-тармағында көзделген қызметте және өзге де қызметте пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын алуға жататын (алынған) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді бөлек есепке алуды жүргізген жағдайда қолдана алады.

Демек, егер салық төлеуші қарастырылып отырған жағдайда сүт пен ірімшік өткізу жөніндегі айналымдар бойынша ҚҚС қосымша сомасын есепке жатқызу құқығын пайдалануды жоспарласа, ол сүт саудасы және оны қайта өңдеу бойынша бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.

Салық кодексінің 194-бабының 1-тармағына сәйкес бөлек салықтық есепке алу жалпыға бірдей белгіленгенге қарағанда Салық кодексінде өзге салық салу шарттары көзделген, мынадай бөлінетін санаттарбойынша, соның ішінде қызметтің түрі немесе түрлерінің жиынтығы бойынша жеке белгілі бір салық түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алу болып табылады.

Бұл ретте Салық кодексінің 194-бабының 2-тармағында салық төлеуші (салық агенті) Салық кодексінде көзделген жағдайларда бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті екені көзделген.

Салық кодексінің 194-бабының 8-тармағына сай салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде:

  • өзге қызметтен жеке әрбір бөлінетін санат бойынша – осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленген салықтарды есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетуді;
  • тұтастай бүкіл қызмет бойынша – осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді;
  • сондай-ақ мыналарды:

корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;

жеке табыс салығы бойынша декларацияны;

осы тармақтың 6) тармақшасында көзделген жағдайда, қосылған құн салығы бойынша декларацияны қоспағанда, тұтастай бүкіл қызмет бойынша – салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті, 6) тармақшаға сай мыналар:

- Салық кодексінің 411-бабында көзделген қызмет бойынша;

- өзге де қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша жеке декларацияны ұсыну талап етіледі.

Сонымен ЖШС бухгалтері сүт саудасы және оны қайта өңдеу бойынша бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті. 2018 жылғы екінші тоқсан үшін ЖШС:

- Салық кодексінің 411-бабында көзделген сүтті қайта өңдеу қызметі бойынша;

- өзге де қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша жеке декларацияларды ұсынуы керек.


© ЭС «ACTUALIS: Главбух».


2019 ж. 1 қаңтардан бастап салық органдары тексеріс кезінде стандарт тексеру файлын пайдаланады

Кәсіпкерлер мен бухгалтерлердің назарына