September 12, 2018

Қызметкерге босанғаннан кейінгі демалыстың мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеуге рұқсат беруге бола ма?

Любовь Радченко, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», специалист по труду, юрист-консультант, г. Алматы


Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС тамақ өнімдерінің көтерме саудасымен айналысады. ЖШС қызметкері – сату жөніндегі менеджер лауазымын атқаратын N босанар алдындағы демалысын толық пайдаланып, босанғаннан кейінгі демалыстың мерзімі аяқталғанға дейін жұмысқа шыққысы келетінін мәлімдеді.

Сауалдар:

1. «А» ЖШС N-ның өтінішін қанағаттандыруға міндетті ме?

2. Егер мұндай міндеттеме болмаса, қызметкерге босанғаннан кейінгі демалыстың мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеуге рұқсат беру заңды ма?

3. Бұл жағдайда жұмысқа шығуды қандай құжаттармен ресімдеген жөн?

4. N-ның пайдаланылмаған босанғаннан кейінгі демалыстың бір бөлігі үшін жәрдемақыны қайтару міндеттемесі туындай ма?

Жауаптар:

Әйел жүктілік кезеңінде еңбекке уақытша қабілетсіздік парағына өтініш жасаған кезде демалыс жиынтықтап есептеледі және босанғанға дейін өзі нақты пайдаланған күндерінің санына және жұмыс берушіде жұмыс істеген ұзақтығына қарамастан, толық беріледі.

Бұл еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы Еңбек кодексінің 99-бабының 2-тармағында көзделген ұзақтықпен бүкіл мерзімге бірден берілетінін білдіреді. Бұл жағдайда еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы да, жүктілікке және босануға байланысты демалыс та бөліктерге – босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі деп бөлінбейді. Бұл заңнамада көзделмеген.

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс жүкті әйелдерге еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында көрсетілген күннен бастап сонда көрсетілген күнге дейін беріледі.

Егер осы жағдайда көрсетілгендей, әйел босанар алдындағы демалысын толық пайдаланып, босанғаннан кейінгі демалыстың мерзімі аяқталғанға дейін жұмысқа шыққысы келетінін мәлімдесе, жұмыс беруші не істеуі керек?

Жұмыс берушінің жұмыскерге жұмыс істеуге рұқсат бермеуге құқығы бар, өйткені заңнамада тікелей тыйым салынбағанына және жұмыскерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде жұмыс істеуге рұқсат бергені үшін жұмыс беруші жауапты болмайтынына қарамастан, ресми түрде жұмыскер еңбекке қабілетсіз және жүктілікке және босануға байланысты демалыста.

Еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы жүкті әйелге оның еңбекке қабілетсіздігін растау үшін және жұмыстан босату (жүктілікке және босануға байланысты демалыс беру) үшін, сондай-ақ жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылған жағдайда, еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында көрсетілген бүкіл кезеңге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем жасау үшін беріледі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындау тәртібі 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 236 «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу, сондай-ақ олардың жүзеге асырылу қағидаларында» (бұдан әрі – Әлеуметтік төлемдерді тағайындау қағидалары) айқындалады.

Жұмыскер қандай да бір себеппен жүктілікке және босануға байланысты демалыстан ол аяқталғанға дейін шыққан жағдайда, жұмыс беруші жұмыскер үшін әлеуметтік төлемдерді төлейді.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау қағидаларында әлеуметтік төлем алушы үшін бүкіл еңбекке қабілетсіздік кезеңіне әлеуметтік төлемдер төленетін жағдайда әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға негіздеме көзделмеген.

Сондықтан жұмыскер N еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында көрсетілгеннен ертерек, оның жүктілікке және босануға байланысты демалысы аяқталғаннан ертерек жұмысқа шыққан жағдайда оның әлеуметтік жәрдемақыны қайтару міндеттері туындамайды.

Еңбек заңнамасында жұмыскердің өзінің бастамасымен жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңін үзу, соның ішінде жүктілікке және босануға байланысты демалысын үзу (тоқтату) мүмкіндігі көзделмеген.

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс еңбекке уақытша қабілетсіздік парағының негізінде еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында көрсетілген күннен бастап сонда көрсетілген күнге дейін ресімделетініне тағы да назар аударамыз. Демек, жұмыскер өз қалауымен жүктілікке және босануға байланысты демалыс күндерін, мысалы, еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында көрсетілген күннен ертерек күнге өзгерте алмайды.

Бұл жағдайда жұмыскердің жұмысқа шығуын қандай құжаттармен ресімдеген жөн?

Еңбек кодексінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе жұмыскерді одан кері шақыртып алу арқылы үзу көзделген. Сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысты толық немесе бөліп пайдалану мүмкіндігі көзделген, сондай-ақ ерте шығу мүмкіндігі көзделген.

Заң шығарушы жүктілікке және босануға байланысты демалысты бөліп пайдалану немесе жұмысқа ерте шығу мүмкіндігі көзделгенін анық жазбаған. Алайда Еңбек кодексінің 99-бабының 2-тармағында жүктілік кезеңінде және босанғаннан кейінгі кезеңде еңбекке уақытша қабілетсіздік парағына өтініш жасау мүмкіндігі көзделген. Демек, тиісті демалыстарды ресімдеуге болады. Дегенмен Еңбек кодексінің 99-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында демалыстың бұл түрі бір демалыс – жүктілікке және босануға байланысты демалыс ретінде көрсетілген. Екі түрі емес: жүктілікке және босануға байланысты – еңбекке уақытша қабілетсіздік парағына жүктілік кезеңінде өтініш жасаған жағдайда және босанғаннан кейінгі демалыс – босанғаннан кейін өтініш жасаған жағдайда. Бұл заң шығарушының жіберген олқылығы болса керек.

Еңбек кодексінде бұл мәселені тараптардың келісімімен шешу мүмкіндігі қарастырылмаған. Сәйкесінше, Еңбек кодексінде жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезеңінде жұмысқа ерте шығуға рұқсат етілмейді, сол сияқты оны ресімдеуге де жол берілмейді. «Тыйым салынбаған – демек, рұқсат етілген» деген қағидат бұл жағдайда қолданылмайды. Еңбек заңнамасында қандай да бір мәселе бойынша тәртіп белгіленеді, не болмаса тараптардың келісімімен шешуге беріледі. Азаматтық заңнамадағы сияқты мұнда да императивті және диспозитивті нормалар бар. Үшіншісі болмайды.

«А» ЖШС N-ның өтінішін қанағаттандыруға міндетті ме?

Жұмыс беруші босанғаннан кейін бірден жұмысқа шығуға рұқсат беру туралы жұмыскер N-ның өтінішін қанағаттандыруға міндетті емес. Ресми түрде жұмыскер еңбекке қабілетсіз. Ал жұмыс беруші шешім қабылдаған кезде жуырда ғана босанғандықтан жұмыскер ағзасының жай-күйін ескере отырып, мұндай келісімнің салдарын алдын ала ескеруі қажет.

«Қызметкерге босанғаннан кейінгі демалыстың мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеуге рұқсат беруге бола ма?». Радченко Л.В.

Подробнее на © Материал из ЭС «ACTUALIS: Главбух».