Халықаралық тасымал кезінде экспедиторлық қызметтерге шот-фактура жазып беру
Василий Бураков, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», главный бухгалтер ТОО "Air V Group"
Жағдайдың сипаттамасы:
Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС өз автомобиль көлігімен жүк тасымалдаумен айналысады. 2018 жылғы тамызда компания экспедициялау қызметін қосу арқылы ұсынылатын қызметтер ассортиментін көбейтті. 2018 жылғы 10 тамызда «А» ЖШС «Б» ЖШС-мен Ресейге косметика өндіруге арналған шикізат топтамасын жеткізуге арналған шарт жасасты.
Шартқа сай «А» ЖШС:
1. Жіберілетін шикізатты «Б» ЖШС-ның қоймасында алуға;
2. Шикізатты «С» ЖШҚ («Б» ЖШС-ның ресейлік контрагенті) қоймасына жеткізуге;
3. Сақтандыруды және кедендік ресімдеуді қоса алғанда, тасымалдауға қажетті барлық құжаттарды ресімдеуге;
4. «С» ЖШҚ-дан жеткізуді растайтын құжаттарды алуға және оларды «Б» ЖШС-ға беруге міндеттенеді.
«А» ЖШС 100 % алдын ала төлемге шот ұсынған тасымалдау қызметінің құны – 100 000 теңге.
«А» ЖШС тапсырысты орындау барысында ақысын төлеген жүкті алып жүру, сақтандыру, тиеу-түсіру, құжаттарды ресімдеу және өткізу қызметтерінің құны – 80 000 теңге.
Сауалдар:
«А» ЖШС бухгалтері көлік қызметтеріне жеке және экспедиторлық қызметтерге жеке шот-фактура жазып беруі керек пе?
Бұл жағдайда қызмет алушы кім: «Б» ЖШС ма, әлде «С» ЖШҚ ма?
«А» ЖШС бухгалтері шот-фактура ресімдеудің қандай ерекшеліктерін ескергені жөн?
Жауап:
Экспедиторлардың шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері ҚР Салық кодексінің 415-бабында регламенттелген. Шикізаттың Ресей Федерациясына тасымалданатынына байланысты «А» ЖШС үшін бұл халықаралық тасымал болып табылады. Салық кодексінің 448 және 387-баптарына сай Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын тауарларды, оның ішінде пошта жөнелтілімдерін тасу халықаралық тасымал деп танылады. Халықаралық тасымал бойынша ҚҚС төлеушінің айналымына нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады. «А» ЖШС-да тауарларды сақтандыру, алып жүру, тиеу, түсіру, құжаттарды ресімдеу қызметері халықаралық тасымалдармен байланысты айналымдар ретінде қаралады және ҚР Салық кодексінің 395-бабына сай ҚҚС-дан босатылады.
Салық кодексінің 415-бабының 2-тармағына сәйкес, сондай-ақ Салық кодексінің 412-бабының 6-тармағының ережесін ескере отырып, «А» ЖШС жазып берілетін шот-фактурада жеке жолдарда тасымалдау жұмыстарын өткізу бойынша айналымды және тауарларды сақтандыру, алып жүру, тиеу, түсіру, құжаттарды ресімдеу құны кіретін экспедиторлық қызметтердің құнын көрсетуі керек.
Салық кодексінің 412-бабы 5-тармағының 2 және 3-тармақшаларының талаптарын орындау мақсатында «А» ЖШС жазып берілген шот-фактурада өнім беруші ретінде өзінің деректемелерін көрсетеді, өйткені ол – экспедитор, ал алушы ретінде «Б» ЖШС-ны көрсетеді, өйткені ол – көлік экспедициясы шарты бойынша клиент. ЭШФ ресімдеген кезде «А» ЖШС-ның бухгалтері ЭШФ жазып беру қағидаларына сай «Өнім берушінің санаты» деген 10-жолда экспедиторлардың толтыруына арналған «С» ұяшығын белгілеуі керек болады. Сондай-ақ Салық кодексінің 415-бабының 3-тармағына сәйкес «А» ЖШС бухгалтерінің тасымалдаушылар және (немесе) экспедициясы шартының аясында орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынушылар және олардың құны туралы ақпаратты ашатын салықтық тіркелімді жүргізуі қажет болады.