September 18, 2018

Қырғыз Республикасымен операциялар жүргізген кезде 440.00 нысаны бойынша декларацияны толтыру жайлы

Айнур Абдульдинова, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», Профессиональный бухгалтер РК, директор ТОО «ВТА Company», г. Караганда

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі бойынша жұмыс істейді, тамақ өнімдерінің көтерме-бөлшек саудасымен айналысады. 2018 жылғы маусымда ЖШС сондай-ақ темекі өнімдерін сатумен айналысты. Мынадай операциялар жүргізілді:

  • Қырғыз Республикасында 500 000 теңге сомасында темекі сатып алынды,
  • Қырғыз Республикасына 800 000 теңге сомасында сигарета өткізілді.

Сауал:

Бұл операциялларды 2018 жылғы маусым айына темекі өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларацияда (440.00 нысаны) қалай көрсеткен жөн?

Жауап:

ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 9 сәуірдегі № 452 бұйрығымен «Темекi өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларацияны табыс ету қағидалары мен нысанын бекіту туралы» ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 145 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, темекi өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларацияның нысаны аталған бұйрықтың 2-қосымшасына сай жаңа редакцияда жазылды: Қырғыз Республикасымен жүргізілген операциялар (импорт және экспорт бойынша операциялар) көрсетілетін жолдар қосылды.

Одан бөлек, аталған бұйрыққа сай Темекi өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларацияны табыс ету қағидалары жаңа редакцияда жазылды (бұйрықтың 1-қосымшасы).

Сонымен, «Темекi өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларация» нысанын толтыру бойынша түсіндірменің (бұдан әрі – Түсіндірме4-тармағының 34) тармақшасына сай 440.00.015 IV жолында есепті кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына Қырғыз Республикасынан импортталған (әкелінген) темекінің саны көрсетіледі. Түсіндірменің 5-тармағының 20) тармақшасына сәйкес 440.00.031 IV жолында есепті кезеңде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс Қырғыз Республикасына экспортталған (әкетілген) фильтрлі сигареталардың саны көрсетіледі.

Бұдан бөлек, темекі өнімдерінің импортын жүзеге асыратын тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына темекі өнімдерінің импорты (әкелуі) туралы ақпаратты көрсету үшін 440.02 нысаны (декларацияның 2-қосымшасы) көзделген. Бұл ретте «Жеткізудің жалпы құны» деген бөлімде 440.02.010 жолында жеткізушімен жасалған шартқа (келісімшартқа) сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын (әкелінетін) темекінің жалпы құны көрсетіледі. 2-қосымшаның 440.02.015 IV жолында есепті кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына Қырғыз Республикасынан импортталған (әкелінген) темекі саны көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының аумағынан тыс темекі өнімдерін көтерме саудада сатуды жүзеге асыратын тұлғалардың темекі өнімдерінің экспорты (әкетілуі) туралы ақпаратты көрсету үшін 440.03 нысаны (декларацияның 3-қосымшасы) арналған. Бұл нысанда «Экспортқа жеткізудің жалпы құны» деген бөлімде 440.03.006 жолында жеткізуге жасалған шартқа (келісімшартқа) сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тыс экспортталатын (әкетілетін) фильтрлі сигареталардың жалпы құны көрсетіледі (егер сигареталар фильтрсіз болса, онда 440.03.007 жолында). 440.03.011 IV жолында есепті кезеңде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс Қырғыз Республикасына экспортталған (әкетілген) фильтрлі сигареталардың саны көрсетіледі.

Бұл жағдайда қарастырылып отырған Темекi өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларацияны табыс ету қағидалары мен нысанына өзгерістер енгізетін Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2018 жылғы 9 сәуірдегі № 452 бұйрығы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2018 жылғы 18 маусымда қолданысқа енгізілді.

Сонымен, жоғарыда жазылғанды негізге алсақ, қарастырылып отырған жағдайда Қырғыз Республикасынан 500 000 теңге мөлшерінде темекі сатып алу құнын 440.02 қосымшасында «Жеткізудің жалпы құны» бөлімінің 440.02.010 жолында көрсеткен жөн. Қырғыз Республикасына экспортталатын (әкетілетін) темекінің құнын 440.03.010 жолында көрсеткен жөн. Бұл ретте декларацияның жаңа 440.00 нысанында Қырғыз Республикасымен жүргізілген операцияларды (импорт бойынша, сол сияқты экспорт бойынша) көрсету көзделеді. Бұл жағдайда импортталатын темекі мен экспортталатын сигарета саны көрсетілмеген. Мұндай мәндерді 440.00 нысанындағы декларацияның тиісті 440.00.015 IV және 440.00.031 IV жолдарында көрсеткен жөн.

© ЭС «ACTUALIS: Главбух».