September 20, 2018

Бақылау-касса машинасы (БКМ) техникалық зақымданған кезде не істеу керек?

Андрей Гридин, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», главный налоговый консультант ТОО Налоговое агентство «Партнер», г. Петропавловск

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі, ҚР резиденті «А» ЖШС тамақ өнімдерінің көтерме-бөлшек саудасымен айналысады. 2018 жылғы 7 тамызда апаттың нәтижесінде қоймаға орнатылған БКМ еденге құлап, зақымданған. Шақыртылған шебер оны жөндеу үшін мемлекеттік кірістер органының пломбасын алып тастау қажет деді.

Сауалдар:

  1. БКМ-ны жөндеуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік кірістер органдарының пломбасын алып тастауға бола ма?
  2. Мемлекеттік кірістер органына БКМ-ның сынып қалғаны туралы хабарлау қажет пе?
  3. Жөнделгеннен кейін БКМ-ны пайдалануды бастау үшін қандай әрекеттер қолданған жөн (қайта пломбалау, қайта есепке қою және т. б.)?
  4. БКМ жөнделгенше сатып алушыларға фискалдық чектің орнына қандай құжаттар ұсынған жөн?

Жауап:

Салық кодексінің 166-бабының 9-тармағына сай бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Бақылау-касса машиналарын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 208 бұйрығымен бекітілген.

Қағидалардың 20 және 21-тармақтарына сәйкес бақылау-касса машинасының мемлекеттік кірістер органы пломбасының бүтіндігін бұзбай жою мүмкін емес техникалық ақауы болған жағдайда салық төлеуші ақау пайда болған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде БКМ-ны есепке қою жүргізілген мемлекеттік кірістер органына:

1) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының нөмірін, берілген күнін және ақау болған күннің басындағы есептегіштің жиынтық көрсеткіштерін көрсете отырып, бақылау-касса машинасын пайдалану кезінде туындайтын міндеттемелердің орындалуы туралы салықтық өтінішті;

2) жөндеу жүргізу мерзімдері мен ақау себептерін негіздеп көрсете отырып, техникалық қызмет көрсету орталығының қорытындысын береді.

Мемлекеттік кірістер органы осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген құжаттар мәліметтерін бермеген немесе толық құрамда бермеген жағдайларда пломбаның бүтіндігін бұзуға рұқсатты алуға құжаттарды қабылдаудан бас тартады.

Мемлекеттік кірістер органы салықтық өтінішті қабылдаған күні ақауды жою үшін Қағидаларда белгіленген нысан (2-қосымша) бойынша бақылау-касса машинасы пломбасының бүтіндігін бұзуға рұқсат беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Бақылау-касса машинасы пломбасының бүтіндігін бұзуға мемлекеттік кірістер органының рұқсатын мемлекеттік кірістер органының пломба орнатуға жауапты лауазымды адамы оны беру туралы шешім қабылдаған күні уәкілетті орган белгілеген нысанда береді.

Техникалық ақау жойылғаннан кейін фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасын пломба орнату үшін мемлекеттік кірістер органына табыс ету мерзімі техникалық қызмет көрсету орталығының қорытындысында көрсетілген жөндеу жүргізу мерзімінен кем болмауы, бірақ пломбаның бүтіндігін бұзуға мемлекеттік кірістер органы рұқсат берген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының техникалық қызмет көрсету орталығына жүгінбей жою мүмкін емес техникалық ақауы болған жағдайда, салық төлеуші ақау пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде БКМ-ны тіркеуге қою жүргізілген және (немесе) оған қызмет көрсету жүргізілетін техникалық қызмет көрсету орталығына жүгінеді.

Техникалық қызмет көрсету орталығының деректерді тіркеу және беру функциясы бар БКМ-ға жөндеу жүргізу мерзімі көрсетілген ақау себептері туралы қорытындысын ол берілген күннен бастап бес жыл ішінде салық төлеуші сақтайды.

Жоғарыда жазылғанның негізінде ақаулы БКМ-ны жөндеу үшін пломбаны алып тастауға болады. Бұл ретте салық төлеуші БКМ-дан пломбаны алып тастау туралы салық органының рұқсатын (берілген салықтық өтініштің және техникалық қызмет көрсету орталығының қорытындысының негізінде) алуға, сондай-ақ жөндегеннен кейін қайта пломбалау үшін БКМ-ны салық органына беруге міндетті.

Салық кодексінің 165-бабының 11) тармақшасында тауар чегі – бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайларда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын бастапқы есепке алу құжаты деп айқындалған.

Сонымен, БКМ-ны жөндеу кезеңінде сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асырған кезде «А» ЖШС оларға тауар чегін беруге міндетті.

© ЭС «ACTUALIS: Главбух».