November 14, 2018

Ұлттық валюта және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің күнімен!

Бүгін – ұлттық валютамыздың енгізілгеніне 25 жыл

Ұлттық валютаны енгізу – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезең. Кеңес одағы тарағаннан кейін мемлекетіміз бұрынғы республикалар арасындағы экономикалық байланыстарды және бірыңғай банк жүйесін сақтау үшін барлық күш-жігерін салды. Дәл осы себеппен 1993 жылғы қарашаға дейін ҚР аумағында кеңес рублі қолданыла берді.

Алайда рубль аймағын сақтау жұмысымен қатар, үкімет 1991 жылдан бастап ұлттық валюта жасау іс-шараларын іске асыра бастады. Құрамына Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжәлелов кірген дизайнерлер тобы өте қысқа мерзімде қатаң құпиялылық жағдайында алғашқы үлгілерді әзірледі.

Алғашқы үлгілер банкнот дайындаушы британдық «Харрисон және оның ұлдары» фирмасына берілді. Фирма оларды технологиялық талаптарға сәйкес келетіндей етіп өңдеуді сұрады. Осыдан кейін ғана басып шығару үрдісі басталды.1993 жылы наурыздың соңына қарай купюралар дайын болды.

1993 жылғы сәуірден бастап жаңа ақшалар Қазақстанға әкеліне бастады. Оларды Ұлттық банктің қаруланған қызметкерлері ілесіп жүріп, кедендік қараудан өтпейтін «үкіметтік арнайы жүк» ретінде арнайы контейнерлерде түнде әкелді. 1993 жылы мамырдың басына қарай ұлттық валюта Қазақстанға толықтай жеткізіліп, Таразда Резервтік жер астындағы қоймаға орналастырылды.

Ұлттық ақшаны жасаудағы тағы бір маңызды мәселе олардың атауы болды. Түрлі нұсқалар ұсынылды: ақша, алтын және басқасы. Нәтижесінде тарихи түркілік атауға (оны кезінде Русь елі пайдаланған) – «теңге» («деньге» немесе «таньга» деп те айтылған) атауына келіп тоқтайды. Кейінірек, 2006 жылы ҚР Ұлттық банкі теңге нышанын бейнелеуге сайыс өткізді. Вадим Давиденко мен Санжар Әмірханов жеңімпаздар болды. Олардың суреті 2007 жылғы 29 наурызда теңгенің ресми нышаны ретінде бекітілді.

Қазақстанда ұлттық валютаны жасаумен қатар, мемлекеттік ақша жүйесінің негізгі элементтері: бағалы қағаздар жасау фабрикасы, валюта биржасы, Теңге сарайы және т. с. с. жаңадан құрылды.

1993 жылғы шілдеде Ресей бұрынғы рубль аймағы жойылып, жаңасы құрылып жатқанын жариялады. Жаңа рубль аймағына кіру талаптары Қазақстан үшін қолайсыз болды. Қараша айына қарай республикамызда рубльді сақтау мүмкін еместігі айқын болды.

1993 жылғы 12 қарашада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Алдағы оқиғалар туралы тікелей эфирде Мемлекет басшысы өзі хабарлама жасады. 15 қарашада рубль теңгеге айырбастала бастады. 18 қарашадан бастап рубль Қазақстан аумағындағы заңды айналым құралы болудан қалды. Үш күннің ішінде айналымнан 950 миллиардтан астам рубль алынды, бұл шектен тыс құнсыздануды тоқтатуға және республикадағы экономикалық жағдайдың жақсаруына жол ашты.

1998 жылы 15 қараша Ұлттық валюта және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесіне айналды.

Мерекелеріңізбен, қымбатты әріптестер!