Қызметкерді демалыстан кері шақыртып алған кезде демалыс ақысын қайтаруды талап ету керек пе?

by @mcfr
Қызметкерді демалыстан кері шақыртып алған кезде демалыс ақысын қайтаруды талап ету керек пе?

Анастасия Курасова, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», к.э.н., специалист по вопросам труда и заработной платы, г.Алматы

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС тамақ өнімдерінің көтерме-бөлшек саудасымен айналысады. 2017 ж. маусымда ЖШС әр түрлі жұмыс атқаратын N-мен еңбек шартын жасасты. 2018 ж. 1 маусымнан бастап N ақы төленетін еңбек демалысына кетті. 29 мамырда демалыс ақысы толықтай аударылды. Ол жұмысқа 25 маусымда шығуы керек болған. Алайда өндірістік қажеттілікке байланысты N-ны 11 маусымда кері шақыртып алды. Маусым үшін бухгалтер оған 11–30 маусым аралығындағы кезең үшін жалақыны есепке жазды.

Сауал:

N 11–24 маусым аралығындағы кезең үшін жалақы алғандықтан, одан осы кезең үшін демалыс ақысын қайтаруын талап ету керек пе?

Жауап:

ҚР Еңбек кодексінің 95-бабына сай жұмыс беруші өндірістік қажеттілік жағдайында ғана және жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып ала алады. Демек, орынды негіздеме, мысалы, тікелей жұмыс басшысының баянхаты қажет, ол кері шақыртып алу қажеттігіне дәлел болады. Жұмыскер онда өзінің келісетінін көрсетуі керек, не болмаса бұл жазбаша келісім жеке парақта ресімделеді. Жұмыс берушінің демалысты үзу туралы ұсынысынан жұмыскердің бас тартуы еңбек тәртібін бұзушылық емес.

Өз кезегінде жұмыскерді демалыстан кері шақыртып алуға байланысты жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша ағымдағы жыл ішінде немесе келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі, не келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылады. Демек, мұнда демалыстың қалған бөлігін жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша пайдалану жолдары бар.

Еңбек кодексінде он сегіз жасқа толмаған жұмыскерді, жүкті әйелдерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуға тыйым салынған.

N 11–24 маусым аралығындағы кезең үшін жалақы алғандықтан, одан осы кезең үшін демалыс ақысын қайтарып беруін талап ету керек пе деген мәселені жұмыс беруші өз бетінше шешеді.

Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес жұмыскердің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Кодекстің осы бабында көзделген жағдайларда жүргізіледі. Сонымен қатар осы баптың 2-тармағында жұмыскерді пайдаланылмаған еңбек демалысының күндерін ағымдағы немесе келесі жылы беру арқылы жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алған жағдайда, жұмыс берушіге жұмыскерді жазбаша хабардар ете отырып, жұмыс беруші актісінің негізінде жұмыскердің жалақысынан төленген демалыс ақыларын ұстап қалу құқығы берілген. Егер жұмыс беруші мұндай ұстап қалуды жүзеге асырса, онда еңбек демалысының қалған күндерін кейінірек ағымдағы жыл ішінде берген немесе келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосқан жағдайда, жұмыскерге демалыс ақысы қайта есепке жазылып, төленуі тиіс.

Жұмыс беруші демалыс ақысын ұстап қалу құқығын пайдаланбаған жағдайда, ол аванс түрінде төленген болып шығады. Онда пайдаланылмаған еңбек демалысының күндерін ағымдағы немесе келесі жылы берген кезде бухгалтерия бұрын есепке жазылған демалыс ақыларын қайта есептеп шығуы керек, бұл кезеңде орташа жалақы өзгеруі әбден мүмкін және бұл жағдайда жаңа орташа жалақы мен осы еңбек демалысын алғаш берген кезеңде төленген жалақының арасындағы айырманы төлеу қажет.

© ЭС «ACTUALIS: Главбух».


ЕЭО контрагентіне өткізген кезде ҚҚС төленгені контрагенттің қандай құжаттарымен расталады?

Ольга Луценко, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», налоговый консультант ТОО "Налоговый консультант", г. Усть-Каменогорск

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі бойынша жұмыс істейді, минерал тыңайтқыштар өндірумен айналысады. 2018 жылғы маусымда «А» ЖШС (сатушы) Қырғыз Республикасының контрагенті «Б»-мен (сатып алушы) тыңайтқыштар топтамасын жеткізуге арналған шарт жасасты. Бұрын «А» ЖШС экспортпен айналыспаған.

Сауалдар:

1. Өткізілетін тауар бойынша ҚҚС төленгенін растау үшін «А» ЖШС бухгалтері «Б» компаниясынан қандай құжаттар алуы керек?

2. Сату кезінде немесе ҚҚС төленгені туралы растау құжаттарын алғаннан кейін Қырғыз Республикасына жасалған экспорт ҚҚС бойынша декларацияда қалай көрсетіледі?

Жалғасы...

November 2, 2018
by @mcfr