October 5, 2018

Тауарларды өзіндік құнынан төмен бағада сатқан кезде қандай салықтық міндеттемелер туындайды?

Андрей Гридин, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», главный налоговый консультант ТОО Налоговое агентство «Партнер», г. Петропавловск

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі «А» ЖШС ыдыс-аяқ және шаруашылық тауарларын көтерме-бөлшек саудада сатумен айналысады, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданады, ҚҚС төлеуші болып табылады. 2018 жылғы тамызда ЖШС басшылығы 6 айдан астам сатылмаған тауарлардың бағаларын 90 %-ға төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл ретте 2 тауардың жаңа бағалары өзіндік құнынан төмен болып шықты.

Сауалдар:

1. Тауарларды өзіндік құнынан төмен бағада сатқан кезде «А» ЖШС-ның қандай салықтық міндеттемелері туындайды?

2. Бұрын осы тауарларды сатып алған кезде есепке жатқызылған ҚҚС-ны әлдеқалай түзету керек пе?

3. 100 нысанында КТС бойынша декларация жасаған кезде кірістер мен шегерімдерде қандай сомаларды көрсету керек болады?

Жауап:

ҚР Азаматтық кодексінің 2-бабының 2-тармағына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талабын белгiлеуде ерiктi.

Салық кодексінің 227-бабының 2 және 5-тармақтарына сәйкес өткізуден түсетін кіріс өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнының мөлшерінде, оған қосылған құн салығы мен акциздің сомасы қосылмастан айқындалады.

Өткізуден түсетін кіріс Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен түзетілуі тиіс.

«Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі № 67-IV Заңы (бұдан әрі – Заң) халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде мемлекеттік кіріс ысырабын болдырмау мақсатында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Заңның 2-бабының 31) тармақшасындахалықаралық іскерлік операциялар – тауарларды сатып алу-сату жөніндегі экспорттық және (немесе) импорттық мәмілелер; тұрақты мекеме құрмастан Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, резидент емес болып табылатын тараптардың бірінің жұмыстар орындау, қызметтер көрсету жөніндегі мәмілелері; Қазақстан Республикасы резиденттерінің Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнінде жасаған мәмілелері деп айқындалған.

Заңның 10-бабының 1-тармағына сай тексеру жүргізу барысында бағалар ауқымы ескеріле отырып, мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу фактісі анықталған кезде уәкілетті органдар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету жасайды.

Жоғарыда жазылғанның негізінде Салық кодексінде сатып алу-сату мәмілелерін жасасқан кезде баға белгілеу тәртібі реттелмеген және нәтижесінде сатушы тауарларды өткізген кезде кез келген бағаны, соның ішінде өзіндік құнынан төмен бағаны белгілеуге құқылы.

Сонымен қатар тауарларды сатып алу-сату жөніндегі мәмілеге Трансферттік баға белгілеу туралы заң қолданылған (халықаралық іскерлік операция немесе халықаралық іскерлік операциялармен байланысты деп танылған) жағдайда, салық органдары жүргізілетін тексерулер барысында тауар сатушының алған өткізуден түсетін кірісін салық салу мақсатында түзетуге (көбейтуге) құқылы.

Заңның 5-бабы 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес сатып алу-сату жөніндегі мәмілеге қатысушылардың тексеруге дейін мәміленің бағасын және (немесе) салық салу объектілерін, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілерді дербес түзетуге құқығы бар.

Сонымен, тауарларды өзіндік құнынан төмен бағада өткізген жағдайда сатушы 100 нысанында КТС бойынша декларация жасаған кезде онда (100.00.001 жолы) өткізуден түсетін нақты кірісті көрсетеді, сондай-ақ егер сатып алу-сату жөніндегі мәмілеге Трансферттік баға белгілеу туралы заң қолданылса, алынған өткізуден түсетін кірісті салық салу мақсатында түзетуге (көбейтуге) құқылы (100.00.023 жолы).

Тауарларды өзіндік құнынан төмен бағада өткізуден шегерімдерді қандай да бір түзету бойынша міндеттемелер туындамайды (шегерімдерге сатып алу бойынша нақты шығыстар жатады – Салық кодексінің 242-бабының 3-тармағы).

Есепке жатқызылатын ҚҚС-ны түзету негіздерінің тізбесі Салық кодексінің 404 және 405-баптарында белгіленген. Бұл баптарда салық төлеушіні есепке жатқызылған ҚҚС-ны тауарларды өткізген кезде олардың өзіндік құнынан (сатып алу құнынан) төмен бағаға түзетуге міндеттейтін ережелер (нормалар) берілмеген.

© ЭС «ACTUALIS: Главбух».


Заңды тұлға құрған кезде (ҰҚЕС) жарғылық капиталға жарнаны қалай ресімдеу керек?

Жұмысқа қабылдау туралы өтініш

Өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш

2018 ж. 10 қазанда статистикалық есептіліктерді ұсыну мерзімі аяқталады

2018 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей ҚР резиденттері БШК-ға қатысу туралы өтінішін беруі керек