September 21, 2018

ЖШС-ның салықтық есептілік табыс етуді қандай жағдайларда және қалай тоқтата тұруына болады?

Лязат Байбусинова, эксперт ЭС «ACTUALIS: Главбух», профессиональный бухгалтер РК, DipIFR, финансовый директор Филиала корпорации "Интерконтинентал оверсиз холдинг" в РК

Жағдайдың сипаттамасы:

Шағын бизнес субъектісі, ҚҚС төлеуші «А» ЖШС жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі бойынша жұмыс істейді, тамақ өнімдерінің көтерме-бөлшек саудасымен айналысады. 2018 жылғы тамызда ЖШС қызметін және салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. ЖШС сатуды өзіне меншік құқығында тиесілі дүкенде жүзеге асырады. Сондай-ақ меншікке дүкенге іргелес жатқан жер учаскесі де ресімделген.

Сауалдар:

1. Қандай жағдайларда ЖШС-ның салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұруға құқығы бар?

2. Осы құқықты пайдалануға шектеулер бар ма?

3. Салықтық есептілік табыс етуді қандай мерзімге тоқтата тұруға болады?

4. Салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұру үшін қандай әрекеттер қолдану керек?

5. ЖШС бухгалтері 2018 жылдың үшінші тоқсанына және 2018 жылғы шілде айына есептілік табыс етуге міндетті ме?

6. Бақылау-касса машинасын есептен шығару керек пе?

Жауаптар:

Салық төлеушінің салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұру тәртібі Салық кодексінің 213-бабына сәйкес айқындалады.

1. Қандай жағдайларда ЖШС-ның салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұруға құқығы бар?

Қызметті тоқтата тұру дұрыс болатын жағдайлар туындайды (мысалы, қажетті ресурстардың, сұраныстың, демек, кірістің болмауы, құрылтайшының уақытша ауырып қалуы немесе сапарға шығып кетуі және т. с. с.) және бұл ретте бизнесті жою жоспарланбайды. Мұндай жағдайларда кез келген заңды тұлға салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.

2. Осы құқықты пайдалануға шектеулер бар ма?

Тізбесі төменде келтірілген талаптар сақталған жағдайда, бұл құқықты жоғарыда аталған жағдайларда кез келген тұлға пайдалана алады. Сондай-ақ тоқтата тұрған кезеңде қызметтің және салықтар мен бюджетке жасалатын аударымдар бойынша міндеттемелердің болмауы – міндетті талап.

3. Салықтық есептілік табыс етуді қандай мерзімге тоқтата тұруға болады?

Табыс етуді талап қоюдың ескіру мерзіміне тоқтата тұруға болады, ол Салық кодексінің 48-бабына сәйкес 5 жылды құрайды. Есептілікті бірден бүкіл рұқсат етілген мерзімге, яғни бес жылға тоқтата тұруға, не болмаса ұзартып отыруға болады. Бірақ тоқтата тұратын жалпы мерзім 5 жылдан аспауы тиіс. Заңнамада тоқтата тұрудың ең аз мерзімі көзделмеген.

4. Салықтық есептілік табыс етуді тоқтата тұру үшін қандай әрекеттер қолдану керек?

Салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру үшін салық төлеуші (салық агенті) өзінің тұрған жері бойынша салық органына:

1) қызметті тоқтата тұру туралы шешім қабылданған алдағы кезеңге (мысалы, 1 жылға) салықтық өтінішті;

2) салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық өтініште көрсетілген қызметті тоқтата тұру күніне дейін салықтық есептілікті ұсынады.

Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі салықтық өтініш ұсынылғаннан кейін басталатын болса, онда осындай есептілікті ұсыну салықтық өтініш ұсынылатын күнге дейін жүргізіледі;

3) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару мақсатында осындай тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті ұсынады.

Бұл ретте барлық салықтар мен алымдарды төлеу қажет, өйткені салықтық берешек, сондай-ақ МЗЖ, ӘА, МӘМС бойынша берешек болған кезде салық органы қызметті тоқтата тұру туралы рұқсатты беруден бас тартады.

Тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы мәліметтер осындай шешім қабылданған күннен кешіктірмей уәкілетті органның интернет-ресурсына жарияланады және салықтық өтініште көрсетілген кезең үшін салықтық есептілікті ұсынбау үшін негіз болып табылады.

5. ЖШС бухгалтері 2018 жылдың үшінші тоқсанына және 2018 жылғы шілде айына есептілік табыс етуге міндетті ме?

Есептілікті 2018 жылдың үшінші тоқсанына және 2018 жылға тапсыру қажет (2018 жылдың 2-тоқсанына салықтық есептілік тапсырылып қойған жағдайда; мерзімі – 2018.15.08), өйткені бұл кезеңдер тоқтата тұрғанға дейін басталды, дегенмен бұл кезеңдерге есеп тапсыру мерзімдері тоқтата тұру туралы өтініштен кейін басталады:

- 2018 жылға 100 нысаны;

- 2018 жылдың үшінші тоқсанына 300 нысаны (өйткені 2018 жылғы шілде мен тамыз осы есептілікке кіреді) – жою нысаны, өйткені ол ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару туралы өтінішпен бірге тапсырылады;

- 2018 жылдың үшінші тоқсанына 200 нысаны.

Сонымен қатар салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру мүлік, көлік құралы салықтары мен жер салығы бойынша, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салықтық есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімдеріне қолданылмайды, бұл салықтар бойынша салықтық есептілік табыс ету және салық төлеу салық заңнамасына сай жүргізіледі.

6. Бақылау-касса машинасын есептен шығару керек пе?

Салық кодексінің 169-бабында бақылау-касса машинасын есептен шығару қажет болатын жағдайлар белгіленген:

1) сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызметті жүзеге асыру тоқтатылған;

2) бақылау-касса машинасы пайдаланылатын жер немесе бақылау-касса машинасын сауда автоматында немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалында пайдаланатын салық төлеушінің тұрған жері өзгерген жағдай, егер мұндай өзгеріс бақылау-касса машинасын басқа салық органында тіркеуді талап етсе;

3) бақылау-касса машинасын техникалық ақауына байланысты одан әрі қолдану мүмкін болмаған;

4) бақылау-касса машинасы мемлекеттік тізілімнен алып тасталған;

5) бақылау-касса машинасының техникалық жағынан жарамды моделі бақылау-касса машинасының жаңа моделіне ауыстырылған;

6) ішкі істер органдарына берілген ұрланғаны туралы өтініштің көшірмесі және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланған жоғалғаны туралы хабарландырудың көшірмесі болған кезде бақылау-касса машинасы ұрланған, жоғалған;

7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жағдайлар.

Сонымен, Салық кодексінде ЖШС есептілігін тоқтата тұрған жағдайда БКМ-ны есептен шығару туралы талап жоқ. Алайда ҚҚС бойынша куәлік туралы деректерді алып тастау үшін БКМ-ны қайта бағдарламалау қажет екенін есте ұстау керек.

Ескертпе: салықтық өтініштердің жаңа нысандары жақында ғана бекітілгендіктен, олар СК-де болмаған кезде және ескі үлгідегі нысанды толтырған кезде Салық кодексінің ескі редакциясының 73-бабына сілтеме жасау керек, ол жаңа Салық кодексінің 213-бабына сәйкес келеді.

Салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру туралы өтінішті толтыру мысалы.

ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару туралы өтінішті толтыру мысалы.

© ЭС «ACTUALIS: Главбух».