Сыр сұxбат
Бірінші бөлімі
Өткен мақаламызда оразаның машығын ашуға тырыстық. Мақсаты машығында, машығын жасаған адам- мақсатын сіңіреді. Мақсатын сіңірген- пайдасына кенеледі дегенбіз.
Әсілі, ораза-үлкен құшылық. Құлшылықтың үлкен-кішісі бола ма, құлшылық- құлшылық емес пе дейтін де боларсыз. Оныңыз жөн. Ісләмнің бес парызы саналған; кәлимайы шәһәдәт, намаз, ораза, зекет, қажылықтың ішінде ораза жайлы айтылатын аятта(Бақара/183):
оразаның «сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сізге де парыз етілді» - дей келе, бұл құлшылықтың басқа да үмбеттерге парыз болғанын байқаймыз. Үлкен құлшылық деуіміз содан.
Бір күннің ырзық-несібесі таң намазында жасырулы. Күн арқа бойы көтерілгенше ояу болсаң, күні бойы берекет табасың. Ерте тұрған ердің ырысы артық...
Бір аптаның ырзық-несібесі жұмада жасырулы. Жұмасын жақсы өткізген жанның сол аптасы берекелі болады. Жұма тек жұма намазы емес, бейсенбінің ақшам намазынан, жұма күні ақшам намазына дейінгі уақыт...
Бір жылдың берекелі өтуі болса, Рамазан айына қатысты. Рамазан айын саналы, (руxани) ояу, сергек өткізген адам, жыл бойы осылай жүруіне мүмкіншілік табады. Бір жылымызды қалай өткізуіміз, осы айға байланысты.
Рамазан айы – он бір айдың сұлтаны. Бір жылдық азықты жинап алатын-қасиетті ай.
Оразаның қадір-қасиетін айшықтайтын хадистер көп-ақ. Сол хадистердің бірі мына тақылеттес болып келеді.
Саңлақ саxабалардың ішіндегі ең заһид* саxаба Абдулла ибн Амр (р.а) Ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ былай дегенін жеткізеді:
" Ораза мен Құран құлға қиямет күні шапағат етеді: Ораза: - иә, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден және шәһәуәт қалауларына бөгет болдым, оған шапағат етуіме рұқсат бергейсің -, дейді. Құран болса: - мен оның түнгі ұйқысына бөгет болдым (түнде тұрып намаз және Құран оқыды) мені оған шапағатшы ете көр. Осылайша, Құран және оразаға шапағат ету құқығы беріледі".
( әл- Фәтxу-р - Раббани,IX,212, ибн Мәжә, Сыиәм, 1)
Қияметтің қиын күнінде, жаның шырылдап сені қорғайтын, саған шапағат етіп ақтап алатын жанашыр іздегенде жаныңнан табылатын жантелім екі дос- тұтқан оразаң мен оқыған Құраның болмақ.
Алла Жан! Біз үшін, барын ортаға салып, ана дүниеде, жаһаннам жалынынан сақтап қалуға тырысатын екі достың қадірін білуді, мына жалғанда нәсіп еткейсің.
Құл Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың ұстанымымен сусындаған төл дәстүріміздің тірегі саналатын қарттарымыздың, ораза хақында танымы мен пайымы жайлы бір-екі ауыз сөз айтсақ.
Көне көз ақсақал
-Бұрын аталарымыз төрт нәрсеге ораза ұстатқан ләзім,- деп отырушы еді- деп бастайды саналы сұқбатын. Сол төрт нәрсе: жан, жүрек, тіл, нәпсі.
Енді, осыларды қадари қалымызша рет - ретімен таратып көрейікші.
Жанның азығы - Құран. Сол үшін өлген адамның артынан Құран бағыштаймыз. «Мал қалып, тән де қалып, жан кеткенде», жанға керегі тек қана Құран. Сол жанның қорегі болған - Құранды, осы айда тынбай оқу керек.
Жүректің азығы - Алланы еске алу, яғни зікір мен дұға. Онсыз да, Қасиетті кітабымыз Құраны Кәрім: «...абай болыңдар! Жүректер тек Алланы еске алумен ғана жай тауып, жаны жадырайды» (Рағыд/28)
- деп, осы ақиқатқа назарымызды аударуда. Олай болса, бұл айда қолдан келгенше зікір мен дұғадан тіл құрғамау қажет. Сонда ғана, жүрек тынышталып, ой мен сана тазарады.
Нәпсіңді ішіп-жеуден тыю арқылы құрықтадың. Аяғы тұсауланып, жусай бастады. Жыл бойы бас білдірмей асау болған нәпсіні ораза ұстау арқылы ғана ерттеп міне алдың. Ішіп-жеуден тыйылған нәпсіңді құрықтап қана қоймай, жан мен жүректің азығын беру арқылы, жанды семірттің. Алайда, күнделікті алып жатқан нәрден қағылған нәпсі, барлығына көндігіп, жуаси сала қоймайды. Ол да (нәпсі) керек қорегін басқа жақтардан табуға тырысады. Нәпсінің бар үміті енді - тілде. Ол тілге; « қажетімді бер»- дегендей телмірей қарайды. Егер де осы кезде, ораза ұстаған жан өтірік пен өсек һәм қандай-да болмасын шәһуәтті қоздыратын әңгімеден тілін тыймаса, тұтқан ораза тек ішіп-жеуден қағылғаннан әрі аспайды.
«Мұндай ораза ұстаған жанның оразасына Алла Тағала мұқтаж емес».
(Бұхари, хадис № 1903)
Қарның аш болғанымен, нәпсі өз керегін тіл арқылы алғандықтан бас білдірмейтін асау мінезінен тыйылмайды. Тыйылмағандықтан да оны ерттеп міну мүмкін емес. Бұл айда нәпсісін еркіне бағындырмаған жан, жыл бойы оның жетегінде жүреді.
Ардақты Пайғамбарымыз аләйһи әкмәлә-т тәхиият бір күні былай деді:
« Ораза, ораза ұстаған жанға жараспайтын іспен, оразасын шұрық-тесік қылмайынша, иесіне сауыт болмақ».
Асхабы Кирам: - «Әй, Алланың Елшісі! Иесі (ораза ұстаған жан)- оразасын қалай шұрық-тесік қылады?»
Ардақты Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм:
«Өтірік және өсекпен».
(Нәсаи, Сыйам, 43)
Әбу-л Бухтәри (р.а) риуаят етеді:
Мәдинәдә «тілі ұзын» бір әйел бар болатын. Бір күні Пайғамбарымыз аләһи-с сәләмнің үйіне келді. Алланың Елшісі үйіндегілерге: «мына кісіге тамақ беріңіздер» - деді. Әйел болса: «әй, Алланың Елшісі! Менің аузым берік» -деп тамақ жеуден бас тартты. Пайғамбарымыз аләһи-с сәләм: - сен ораза емессің-, деді. Әйел өте ақылды болатын.
Бұл сөзбен Алла Елшісінің ғайбатты меңзегенін түсіне қойды. Ертесі күн тіліне ие болуға тырысқан жаңағы әйел, тағы да Пайғамбарымыздың шаңырағына бас сұқты. Алла Елшісі кешегідей тағы да: «мына кісіге дастархан жайыңыз» - деді. Әйел болса: «оразамын» -деп жауап қайтарды. Екі жаһанның Сардары саллаллаһу аләйһи уә сәлләм, «ораза еместігін» айтты қайталап. Жаңағы әйел үшінші күні ешкімді өсектемеуге ниеттеніп, тағы да ораза ұстады. Ақшам жақындағанда құтты шаңыраққа бас сұққан әйелге Пайғамбарымыз мына сүйіншіні берді:
- Міне, енді оразаң қабыл болсын!
( Садык Дана, Алтынолук сұхбаттары-5, 109-113 беттер)
Міне, үшінші ораза - тіл. Тілді тыймай, нәпсіні билей алмаймыз.
Төртінші ораза - нәпсіні ішіп-жеуден тыю. Бүгінгі барлығымыздың тұтып жүрген оразасы - осы.
Оразаны - тек ішіп-жеуден тиылу ғана деп түсінетін жанның құлшылығы қабыл емес деп айтуға, ешкімнің аузы бара қоймас. Десек те, Хәкім Абайға кішкене болса да құлақ асайықшы. Не дейді екен, жарықтық...
ОН ЕКІНШІ СӨЗ
Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен.
Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды.
Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.
Баталы сөз айтудан жалықпайтын қарияның көкірегіндегі шерді, аз да болса түсінгендей боласың, Хәкім Абайды оқығанда. Ол шер-қасиетті шер екен ғой. Аталарынан келе жатқан Пайғамбар қалдырған асыл мұраны - ұрпаққа жеткізіп кету. Бұл-аманат. Ал, исі мұсылман, аманатқа қиянат жасаудан өлердей қорыққан. Әр намаздан кейін: «Жаратқан Жаббар Ием! Ата-бабаның бет-жүзін ұялмай көруді нәсіп ет» - деп айтпай, бет сипамайтынын енді ұғынғандайсың.
Жоғарыдағы мәліметтер кітапта не болмаса «қазіреті Google-да» толып жатыр дейді ғой жаңағы жерде «бәрін білгіш» нәпсім. Әл-хақ дұрыс айтады. Бірақ, «бұрын, аталарымыз осылай деп отырушы - еді»- деп басталатын сыр-сұқбаттарында өзгеше бір рух, таныс бір иіс бардай.
Айтып отырған сөздерінің 60-70 пайызын біліп отырсаңда, сол бір қарияның әңгімесін елітіп тыңдай бергің келеді. Ешқандай дәлел сұрамай-ақ, рухың қанаттанып, жаның жай табады. Қарапайым тілмен, терең ақиқатқа қалай еркін сүңгіп кеткеніңді байқамай да қаласың. Аталарымыздың мақсат-мұраты, иманның кәмәлаттығы мен осы кәмәлатты бұзатын іс-әрекеттерден аулақ болу екендігін түсінгенде, ішің жылып, тамағыңа жас тығылады.
«Жарықтықтар-ай! Жатқан жерлерің жайлы болсын. Бет-жүздеріңді ұялмай көретіндей өмір сүруді жазсыншы, Жаратқан!» - дейсің даусың дірілдеп.
Бар болғандарыңа, нар болғандарыңа мың алғыс. Біздің амандығымызды сұрап, Жаратқанға жалбарынған түндер мен күндеріңе...күніне мың-бір бәле көрсе де үзілмеген үміттеріңе...Құранмен сусындап, сүннетпен өрілген пайым-түсініктеріңе... арап қаріпін білмесе де «Құдая! Құдіретіңе қайранмын» деген иман-таразыларыңа... басқа түскен ауыртпашылықты «Құдай салды, құл көнді» дейтін тәубе-мінәжаттарыңа... өкпеге қиғанмен өлімге қимайтын ағайыншылдықтарыңа... өзіне тіпті бала-шағасына қимай, қонаққа берер сарқытын, қонақты телміре, келуін күтіп отыратын қонақжайлықтарыңа... қонақ келе қалса Қыдыр қыдырып келгендей балаша қуанған, мырза көңілдеріңізге мың алғыс!
Қалай болғанда да, аманатқа қиянат жасамауға тырысып бақтыңыз.
Оған дәлел, осынша ақпараттық шабуылға қарамастан... дүниенің қызыл-жасылды алдап-арбауын алданбастан... ұрпақтарыңыздың жартысынан көбі обал-сауапты ұмытпағандығы.