May 25, 2020

Көшбасшы жолы: мақсаты үшін күрестен тайынбаған адамның 7 ұстанымы.

📌 Шимон Перестің «Робким мечтам здесь не место» атты кітабына негізделген...

✅ Өткен ғасырдың 30шы жылдарында Беларусь елінде дүниеге келген кішкентай бала Палестинаға арман қуып көшіп барады. Ол жерде ол күн көріс үшін егін егіп, сауда жасайды. Білім алуды да ұмытпайды. Тіл үйреніп, өлең жазып дағдыларын қалыптастырады. Бірақ аңсаған арманын еш ұмытпайды - елі үшін қызмет қылу. Кейін арманына жетіп ел басқарады. Нобель бейбітшілік силығын иеленеді. Бұл - Израиль елінің екі мәрте премьер-министрі, 9шы президенті Шимон Перес болатын. Ол өзінің көшбасшылық өмірін баяндаған «Робким мечтам здесь не место» атты кітабында өзінің негізгі 7 ұстанымы туралы жазады. Аталмыш 7 ұстаным мен ол ұстанымдардың мектеп қабырғасындағы көрінісі туралы аз-кем баяндап өтелік.

✅ 1. Есіту және тыңдау қабілеті.
Кез-келген адам, әсіресе көшбасшылар, өз көмекшілерінің немесе қарамағындағы мамандардың пікірлерін тыңдай алуы керек. Менсінбеушілік, басқалардың ойын қажетсінбеу үлкен қателік. Одан да маңыздысы айтылған пікірлерді ой елегінен өткізе ести алуы, түсінуге тырысуы болып табылады. Ол «…басқаның пікірін тыңдай алу - көшбасшылықтың ең маңызды элементі. Бұл ауыр күмән мен сөзтартыс нәтижесінде тарс жабылған есіктерді ашатын кілт, құрал» дейді.

📌 Тәжірибеден бір мысал: Бұл бағамда менің директорлық қызметтегі алғашқы келеңсіз тәжірибем еске түседі. Үлкен бір жиында ағылшын тілін оқытуға қатысты сөз қозғалғанда, тіл маманы болған соң, сөз сұрап пікір білдіргенім есімде. Айтқан пікірім өз мектебімде жасалып жатқан сәтті тәжірибе болатын. Сол кездегі басшының реакциясы әлі есімнен кетпейді «…кеше директор болды. Бүгін бізге пікір айтады. Қазіргі жастар…» деді. Мені қынжылтқан бұл сөз емес, менің ересек әріптестерімнің жабыла күлгені еді. Кейінгі жиындарда басшымыз қанша қолдау-көмек сұрағанымен тіс жарып пікір айтуға асықпадық. Айтарымыз болмағандықтан емес әрине. Тыңдағанымен ести алатындығына сенбегенімізден...

✅ 2. Қиындықтан қорықпау, қашпау.
Шимон естелігінде жас кезінен саяси істерге араласа бастағанын жазады. Жастайынан ауыр саяси тапсырмалар орындайды. Оған тапсырылған істің бірі - мемлекеттің әскери күшін дамыту мақсатында қару жарақтар сатып алу болады. Оған дейін қолына қару ұстап көрмеген тәжірибесіз жас жігіт еш қорықпастан қару сататын ұйымдармен қалай жұмыс жасағанын жеткізеді. Сонымен қатар кейінгі жылдарда Израильдің алғашқы атом реакторлық станциясын үлкен тәуекелдікпен салуға шешім қабылдағанын да баяндайды. Ол Палестина елімен алғаш келісім шараларына кіріскен кезін жаза келе «…мен қиындықтардан қашудың орнына, ол қиындықты шешуге бел будым» дейді.

📌 Тәжірибеден бір мысал: 3 жылдық алғашқы директорлық тәжірибеден кейін маған басқа бір мектепті басқаруға ұсыныс түсті. Ол мектеп ерекше болатын. Мектеп қабырғасында балалар арасында төбелес шығып, ата-аналар араласып іс насырға шапқан екен. Облыс әкімінің бақылауында тұрған бұл мектептің мәселесін шешу маған ұсынылғанда бойымда үміттен көп үрей басым болды. Басшылықтың талаптары үрейімді екі еселемесе, азайтқан емес. Алғаш рет орынбасарлармен, ұжыммен және оқушылармен танысқанда, олардың пікірлері мен қолдауын көргенде ғана бұл белестен асуға болатындығына көзім жете бастады. Нәтижесі де жаман болмады.

✅ 3. Оқып-үйренуден жалықпау, тоқтатпау.
Шимон қорғаныс министрінің көмекшісі болғанда 23 жастағы бастауыш мектеп білімі ғана бар жігіт еді. Бұл кезеңді ол былай баяндайды: «мен қорғаныс ісін, тарих пен халықаралық жағдайды зерделей алатын біліктілікті, саясат пен экономиканың қыр-сырын жетік меңгеретін дағдыны қажет ететін ортаға түстім. Сол кезде бұндай ғалымдар мен инженерлер тобын басқару үшін маған білім қажет екенін түсіндім». Ол Америкаға барып оқимын деп шешім қабылдайды. Нәтижесінде Нью-Йорк уиверситетінің әлеуметтік зерттеу бөлімі мен Гарвардтың басқару ісі бөлімін бітіреді. Бұл білімі оған келешекте мемлекет басқаруына дейін жол ашады.

📌 Тәжірибеден бір мысал: Білім алу тек қана диплом мен баға алу процесі емес. Ол дегеніміз жаңалыққа, жаңа тенденцияларға ашық болу деген сөз. Мектепте директорлық кезеңімде оқыған кітап, мақалаларымнан жиғанымды мұғалімдеріме айтып отыратын едім. Уақыт келе оларға өмір бойы оқу дағдысын дәріптей бастадық. Электрондық кітапхана ашып мұғалімдердің өздерін дамытуларын сұрай бастадық. Бір күні маған бір топ мұғалім келіп бір маманның мектепке келіп курс жасауына рұқсат сұрады. Олар ағылшын тілін үйренгісі келеді екен. Қолдан келер қолдауымды жасадым. Белгілі бір уақыттан кейін олар алғашқы деңгей сертификаттарын көрсетіп ағылшын тілінде сүйінші сұрағандай болды. Менің ризашылығымды көрсеңіз…

✅ 4. Батыл шешімдер қабылдау.
Шимонның басшылығында өтетін жиындарға «фантазерлар кеңесі» деп ат қойылған екен. Ол әдетте өзіне кеңесу үшін күнделікті, жаттанды шешім шығарудан алыс, батыл әрі тәуекелшіл адамдармен бас қосуды таңдаған. 1976 жылы Уганданың Энтеббе әуежайында Изриль азаматтары террористер тарапынан тұтқынға ұшырағанда еш дайындықсыз қарулы шабуыл жасауға шешім қабылдауы, нәтижесінің сәтті болуы оның батыл шешім қабылдаудағы өжеттігін көрсетті. Ол оқиға жайында фильмдер түсірілді. Шимонның жиын барысында айтқан «бұл эксперт қарулы шабуыл мүмкін емес десе, басқа эксперт іздеп табыңдар» деген батыл пікірі фильм сценарийінде де кездеседі.

📌 Тәжірибеден бір мысал: Атап өткендей екінші директорлық кезеңім өте қиын жағдайда басталды. Балалар арасындағы төбелестің себебін анықтау, оны жою ең басты міндетімізге айналды. Сол кезде арнайы "ақылдасу тобын" құрып шешім іздей бастадық. Зерделеу нәтижесінде топ мүшелері сыныптар арасы достықты нығайтуымыз керектігіне тоқталды. Шешім ретінде үш түрлі бағытта 20дан астам үйірме ашу ұсынылды. Әр үйірмеге әр сыныптан араластырып оқушылар қатыстырдық. Олардың бір бірімен қарым-қатынастарын дамытуға тырыстық. Қысқа мерзім ішінде жемісін көре бастадық. Ешбір қаражатсыз, арнайы мамандарсыз 20 үйірмені пән мұғалімдерінің ақысыз өткізуі шынымен де өте батыл шешім болған еді. Мен де волейбол үйірмесін жүргізген едім. 😊

✅ 5. Жаңалыққа ашық болу.
Басшылықтағы алғашқы он жылдығында Шимон әскери күштің дамуына жұмыс жасағанымен нағыз күштің қару емес, халықтың білімділігі мен заманға сай дамуы екенін түсінген еді. Қарулы күштегі жетістік қаншалықты маңызды болса, ғылымның жетістігі де соншалықты маңызды еді. Ол мелекеттің білімі мен экономикасын дамытуға сырттан білікті мамандар мен зерттеуші-ғалымдарды тартты. Шет елдік ЖОО-ын зерделеп өз елінде нанотехнология, атом өндірісі, әуе-ғарыш өндірісі, т.б. бағыттарда даму стратегияларын қабылдады. Қазіргі таңда Израиль мемлекеті үшін иннновация сөзі құр ұран емес, қаражат көзі болып табылатынын ескерсек, бұл Шимон бастаған Израильдің «жаңа стартаптар отанына» айналу стратегиясының жемісі болып табылары сөзсіз. «Болып жатқан құбылыстан хабардар болу жеткіліксіз. Ертеңгі күнді бүгіннен сүре бастау маңызды» деген сөзі Шимонның ұстанымна тәржімә болары анық.

📌 Тәжірибеден бір мысал: 2015 жылы Global Education Futures ұйымының жариялаған «келешек білімнің даму» атты картасын кездестіріп, орта білімге қатысты барлық пайымдарымен танысып шықтым. Сол жерде келешекте виртуалды немесе IT саласындағы білімнің, 3D принтер мен бионика салаларының қарқынды дамитындығы ашық жазылыпты. Бұдан әсерленіп заманауи бионика, моделдеу саласын зерделедік. Мектебімізде бионика, нейромоделдеу, робототехника курстарын аша бастадық. Нәтижесінде балалар өз өнімдерін шығара бастады. Ерекше тоқаларлық жайт - протез қол дайындау болды. Алғашында қарапайым механикалық прототипін 3D принтер арқылы дайындадық. Кейін оны дамытып сау қолмен паралелді түрде қозғалатын «сезімтал» прототипін әзірледік. Оқушылардың соңғы жетістігі сенсорлық прототип болды. Протезге орнатылған ардуино құрылғысы қолдың сау бөлігіндегі бұлшық еттегі мидан келген сигналды анықтап өздігінен қозғалуы. Бұл орта білімдегі жеткен үлкен жетістік болатын.
Қайырымдылық шарасы аясында оқушыларымыз бір сәбиге протез қол жасап бергенін айта кеткен де жөн болар.

✅ 6. Бәсекелестерге құрметпен қарау, сыйлау.
1992ші жылы Шимон Перес пен Ицхак Рабин президенттік сайлауға түседі. Екеуінің де арманы елді көркейту болған соң, бәсекелес бола тұра, нағыз тұлғаға тән мәрттікпен екеуі бір-біріне сөз береді. Кімде-кім президент болса, екіншісін сыртқы істер министрі етіп тағайындап, ел мүддесіне қызмет етуге мүмкіндік береді деп келіседі. Бірге жұмысы барысында өзара құрмет ұлғаяды. 1995 жылы Рабин өмірден озғанда Перес қайғысы мен құрметін «Кейде өмірде екі адамның бірлігі екеуден көп күш береді. Ал жалғыздың күші тіпті бір адамның күшінен де аз бола алады. Дәл қазір мен Рабинсіз нөлге жақынмын» деген сөздерімен көпшілікке жария еткен.

📌 Тәжірибеден бір мысал: Ортақ мүдде, ортақ стратегия бағытында жұмыс жасайтын мектептің мәдениетінде қызғанышқа, көре алмаушылыққа орын болмауы керек. Шынайы мектеп мәдениетін құру үшін бір тұтас мүше болып қызмет ету маңызды. Бір мұғалімнің жетістігі барлық ұстаздардың жетістігі ретінде сезілуі керек. Менің бір мұғалімім бар еді. Өкінішке орай ұжыммен бірге еңбек ету дағдысы төмен болды ма, әлде басқа мұғалімдердің жетістігін көре алмауы себеп болды ма білмедім, өзін ұжымнан шеттетіп алды. Кез-келген шешімге реактивті көзқарас танытып, бәріне қарсы шығып жүрді. Тіпті жасалып жатқан тың пікірлерді ұнатпай жоғарыға арыз да жазды. Өзгеріс заман талабы. Түсінбеген адамға тек жаның ашиды.
Нәтижесінде жұмыстан өз бетімен шығып кетуіне тура келді. Білімі мықты болғанымен ұжыммен ауызбіршілігі төмен болған соң басқа нәтиже күтуіміз мүмкін емес еді.

✅ 7. Бейбіт қарым-қатынас орнатуға тырысу.
Ол мемлекет басқару ісінде өзін мықты дипломат әрі оптимист ретінде көрсете алған тұлға. «Бір көшбасшы өзіне қандай мақсат қойса да, ең басты міндеті әлемдік бейбітшілікті қалыптастыру болуы керек» дейді Перес. 1993 жылы Палестинамен, 1994 жылы Иордания королдігімен жасалған алғашқы бейбітшілік келісімнің Перестің басқаруы кезеңінде орын алуы осының дәлелі бола алады. «Егер сен бейбітшілік орнатуға тырысып жатсаң, оны жалғыс емес, дұшпаныңмен (қарсыласың) бірге жаса» дейді ол кітабында.

📌 Тәжірибеден бір мысал: Бір күні басшылық шақырып менің мектебімнің үстінен ауызша шағым түскенін айтты. Инернатымда жататын балалар кешкілік шығып көшеде ішімдік ішеді-мыс. Темекісі тағы бар. Мектепке келіп бүкіл видео түсірілімдерін тексердім. Мұғалім-тәрбиешілермен тілдестім. Ондай факт тіркелмеген. Басшылыққа қайта бардым. Оларға видеоны ұсынып, жалаң хабарды жеткізген адамды сұрастырдым. Біздің мөлтек ауданында орналасқан басқа бір мектептің басшысы айтып барыпты. Себебі белгісіз. Бәлкім сол баяғы қызғаныш сезімі болар.
Бір шешім қабылдауым керек болды. Көп ойланбастан сол мектепке барып, директормен жолықтым. Әріптестік келісім ұсындым. Мәселені еш қозғамадым. Қысқасы, сабауға тырысқан адамға гүл ұсынғандай болдық.😂
Біздің электорндық кітапханамызды тегін қолдануға келісім бердік (доступ). Интеллектум үйірмесін ашуға көмек бердік. Мұғалімдерін әкеліп біздің сабақтарға қатыстырдық, үш тілдік тәжірибемізбен бөлістік, т.б. мүмкіндіктерімізді қолдануға рұқсат бердік, көмектестік.
Ол кісі соңында маған келіп ағынан жарылды. Жо-жоқ, жала жапқанын мойындап кешірім сұраған жоқ. Кешірім күтпедік те. Бірақ, біздің мектебіміздің жетістігін мойындайтынын жеткізді. Оған да шүкір.😊

✅ Мінекей көріп тұрғаныңыздай көшбасшылық ұстанымдары өмірдің кез-келген саласында бір-біріне ұқсас келеді. Бір жағында мемлекет басқару ісі, екінші жағында мектеп басқару ісі. Мәселе қолдануда!

✅ Көшбасшылық ұстанымы туралы кішігірім мақаламыз туралы пікіріңізді білдіріңіз.