May 26, 2020

Мотивация тежегіштері

✅ Марк Макгиннесстің «Мотивация для творческих людей» кітабына негізделген.

✅ Жетістік жолында адамның алдын орағытып, жемісті еңбегін тежейтін, жұмысқа деген жігерін тізгіндейтін кейбір құрсаулар да кездеседі. Бүгін сол тежегіштер жайында ой білдірмекпіз.

📌 A) Өз еңбегін өзі төмен бағалауы.
Кейбір шығармашыл адамдар еңбегінің қаражылай қайтарымы жағына көп көңіл бөлмейді. Ақша жайында сөйлесуге қысылып, аз ақшаға жұмыс жасауға келісе кетеді. Ондай адамдар өздерін алға тарта алмайтын, өз еңбегін, қабілетін бағалай алмайтын адамдар. Егер сіз өз талантыңыздың құнын білмесеңіз, ұзақ жылдар бойы төмен жалақыға жұмыс жасап жүре берсеңіз, әрдайымғы қаражат тапшылығының салдарынан пайда болған уайым мен шаршағандықтың құрсауына түсе бересіз. Бұндай жағдайда шығармашылық қабілетіңізді толық мағынада қолдана алуыңыз мүмкін бе? Мотивацияның құлдырауының бір себебі осы.

📌 Ә) Ақшаға байланып қалу.
Бұл жоғарыдағы жағдайдың дәл терісі. Бұлар материалдық аспектіге қатты бағынышты адамдар. Ақша, атақ, қызмет тәрізді бақытты өмірдің көзге көрінер атрибуттарының ізінен қуу - адамның бойындағы барлық шығармашылық дағдыcын жойып жіберуі мүмкін. Бұл сатыдан кейін ондай адамдарға қаншалықты көп мөлшерде қаражат төленсе де өзідерін бақытты сезіну екіталай. Өйткені сөнген шығармашылық дағдыны қайта жандандыру қиынға соғуы мүмкін.
Бір қарағанда «Бұл да мәселе болып па?» дейтіндей тежегіш болып көрінуі мүмкін. Бірақ «қаржылай бақытқа кенелу» лабиринтінің ішінде адасып, шынайы шығармашылық талантынан айрылған қаншама атақты адам бар екенін білсеңіз!

📌 Б) Сенімді ақтай алмау үрейі.
Бұл белгілі бір деңгейге жеткен, сапалы шығармашылықтың дәмін татқан адамның жолықтыратын тежегіші. Адам көпшілікке танымал болған сайын жанға жайлы ісімен сапалы түрде айналысуы әлсірей бастайды. Көпшіліктің сенімін ақтай алмау қорқынышы жұмыс өнімділігін түсіре береді. Өзін бір салада танытқан адам көпшілікпен байланыс бағытындағы дағдыларын машықтай алмаса бұл үрейден еш құтыла алмауы мүмкін. Нетижесі мотивацияның өшуі.

📌 В) «Жұрттың баласы» немесе өзін басқалармен салыстыру.
Мотивацияның әлсіреуінің тағы бір қысқа жолы - жетістік дәмін татқан басқа әріптестерімен өзін салыстыру әдеті. Белгілі бір жетістікке жеткен әріптесіңізбен өзіңізді салыстыру арқылы өзіңізді жолы болмайтын бейбақ ретінде сезіне бастауыңыз мүмкін. Өз әріптестерінің еңбегін - қолы жетпес шың ретінде көру үмітсіздік сезімін тудырады. Бұл сезім адамның шығармашылық жігерін өшіре береді.

📌 Г) Кәсіби қызғаныш (көре алмаушылық).
Жоғарыдағы жағдайда «менің олардың деңгейіне жетуім мүмкін емес» деген үмітсіз пікір басым болатын болса, кәсіби қызғаныш жағдайында «мен бәрінен мықтымын. Неге бүкіл атақ пен мадақ басқаларға бұйырады» деген көре алмаушылық пікір басым болады. Бұл жағдайда сіздің шығармашылық тұрғыдан сөнуіңізге қызғаныш пен реніш сезімі себеп болады.

📌 Д) Рухани қараңғылық (уныние)
Өз еңбегіңізді дұрыс бағалай білу үшін шығармашылығыңызды оған деген сүйіспеншілік сезімімен ұштастыру керек. Бұндай сезіммен біршама жылдар бойы жоғары деңгейде еңбек етуіңіз мүмкін. Бірақ адамның пенделік қызығушылықтары (ақша, мансап, т.б.) уақыт өте қарапайым ынта-ықыласы мен мақсатқа талпынушылық сезімін әлсіретіп, шығармашылық құлдырау кезеңіне бет алады. Аталмыш қызығушылықтарға бірден қол жеткізудің мүмкін емес екендігін ескерсек, бұндай адам екі қайықтың басын ұстауға тырысқан жолаушы іспетті, руғани қараңғылық қойнауына ене береді. Әлсіз мотивация тек шығармашылықты сөндіріп қоймай, армандаған қызыушылықтарын да қолжетімсіз етуі мүмкін.

✅ Адам бойындағы мотивацияны жоятын 6 мәселеге қысқаша тоқталып өттік. Толық түсініп, шешім жолдарын үйренгіңіз келсе М.Макгиннесстің еңбегін бір қарап шығыңыздар.
Ал бүгінгі жазбаға қосарларыңыз болса, мархабат…