June 3, 2020

Бенчмаркинг түрлері мен кезеңдері

📌 Бенчмаркингтің ең басты қолданыс себебі мекеменің қызмет сапасын көтеру. Сондықтан алдымен мекеме қызметінің осал тұстары мен кемшіліктерін айқындап алу маңызды. Бенчмаркинг әдісі мекеменің өзгерістерге уақытылы икемденіп, бәсекеге қабілетті болуына көмектесетін құрал. Әрбір салада өздерін сәтті дамыта білген мекемелерден үлгі алу заман талабы.

🔷 Мектеп үшін қандай салалар зерделенуі мүмкін:
- мектептің жалпы басқару жүйесі;
- тәрбие жүйесі;
- оқу саласы;
- қоғаммен жұмыс (ата-ана, түлек қауымдастығы, басқа оқу орындары);
- дарынды балалармен жұмыс;
- мамандардың кәсіби даму саласы;
- жарнама немесе мектепті таныту саласы (әсіресе жеке мектептер үшін);
- оқушыларды қабылдау саласы (жеке және мамандандырылған мектеп), т.б.

✅ Бенчмаркинг әмбебап әдіс болғандықтан қандайда бір саланы міндетті түрде екінші бір мектептен үйренудің қажеті жоқ. Нақты салада жетістігі бар кез-келген мекемемен жұмыс жасауға болады. Мысалы, жарнама жасауды ең жақсы жеке компаниялар меңгерген. Олай болса, жарнама саласында басқа бір мектеп үлгі іздегенше басқа бір (айталық, ақпараттық технологиялар) саладағы мықты компаниядан үлгі алуға болады.
Білім-тәрбиеге қатысты аты шыққан мықты мектептермен байланысу керек. Мысалы, олимпиадаға дайындық саласында БИЛ, РФМШ мектептері жақсы үлгі емес пе?

🔷 Бенчмаркинг түрлеріне келер болсақ:
📌 1. Жалпы бенчмаркинг. Қызмет беру үлгісіне сай өзіне жақын бәсекелестерінің жұмысын зерделеу. Мысалы, өз ауданындағы немесе қаласындағы басқа мектептерды зерделеу. Жалпы болатын себебі, зерттеудің барлық саланы қамтуында. Жоғарыда аталған салалардың толық зерделенуі.

📌 2. Бәсекеге қабілетті бенчмаркинг. Өзінің тікелей бәсекелесі болып табылатын мекемесін зерттеу. Ол мекеме өзінен мықты болғаны жөн. Қаншалықты үлкен әрі мықты болса, соншалықты пайдалы. Мысалы, мамандандырылған мектептер басқа мықты дарын мектептерін немесе БИЛ, НЗМ тәрізді мектептерді зерделесе, бір мемлекеттік бастауыш мектебі басқа бір жеке бастауыш мектебін зерделесе өзіне пайдалы көп нәрсе үйрене алады.

📌 3. Ішкі бенчмаркинг. Бұл мектептің өз ішінде зерделеу жүргізуі. Әртүрлі бөлімдер арасындағы немесе бастауыш орта сыныптар арасындағы зерттеу амалдары. Бұндау зерттеулер сауалнама, тәуелсіз сараптама, т.б. технологиялар арқылы жасалынады. Осылайша мектептің өзгеріс жасауға тәуелді тұстарын анықтауға болады.

📌 4. Функционалды бенчмаркинг. Басқа сала мекемелерімен салыстыру. Мысалы, мектеп қызметі мен жоғары деңгейлі қосымша білім беру орталығын салыстыру. Немесе ең мықты деген мұражай немесе кітапхана қызметін зерттеп қоғаммен жұмыс тәрізді салаларға үлгілік мысалдар табуға болады.

📌 5. Салалық бенчмаркинг. Нақты бір салаға қатысты ғана зерттеу жасау. Мысалы, басшы мектебінің мамандарының құзыреттілігіне разы емес. Ол басқа бір жақсы мектептің немесе компанияның мамандарының кәсіби даму жұмысын қалай жүргізіп жатқанын зерттейді. Бұл салалық бенчмаркингке жатады.

Бенчмаркинг дұрыс жасалған жағдайда өте тиімді құрал. Бір мекеменің үлгісін мүлтіксіз көшіріп алу арқылы жасалған өзгеріс нәтиже бермеуі мүмкін. Бұл маңызды.

🔷 Бенчмаркинг процесінің кезеңдері:
Кез-келген жұмыс процесінің өз кезеңдері болады. Айталық бір тақырыпта мақала жазу керек. Бұл процес келесі кезеңдерден тұрады (қысқаша): нақты тақырып туралы мәлімет іздеу керек. Алғашқы абзацта кіріспе мәлімет жазылады. Кейін сұрақты ашып, негізгі пікірді жазу керек. Кейін қорытып, мақаланы бітіресіз. Дәл сол сияқты бенчмаркинг процесі де өзіндік кезеңдерден тұрады:

📌 а) Алғашқы кезеңде мекеменің осал тұстарын анықтау маңызды. «Қандай қызметті дамыту керек? Қандай мәселелерді зерттейміз? Қандай мекемелермен салыстырмалы зерттеу жасаймыз?» тәрізді сұрақтарға жауап іздеу керек.

📌 ә) Екінші кезеңде зерттеу үшін эталон мекемені табу керек. Бізге қажетті деңгей қандай мекемеде бар екенін айқындау. Таңдау барысында, жоғарыда атап өткендей, тек білім саласын ғана қарастырмаған жөн. Қандай да бір салаға қатысты ең мықты кім болса, сонымен жұмыс жасаған жөн.

📌 б) Үшінші кезеңде мәлімет жинақтау керек. Көздеген мекеме туралы екі түрлі мәлімет болады. Сыртқы және ішкі мәлімет. Сыртқы мәліметке мекеме туралы әлеуметтік желілердегі және интернет кеңістіктегі мекеме туралы мақалалар жатады. Одан бөлек олармен бұрын жұмыс жүргізген серіктестерінің пікірі де сыртқы мәліметке жатады. Ішкі мәлімет болса мекеменің жеке сайтындағы мәліметтерден бастап, мекеме ішіндегі зерделеу барысында жинаған барлық ақпараттарды жатқызуға болады.

📌 в) Төртіншісі деректерді зерделеу кезеңі. Бұл ең маңызды бөлім. Жиналған мәліметтерді зерделей келе өз мекемеңіздің мәліметтерімен салыстырасыз. Ұтымды жерлерін мекемеңіздің келешек стратегиялық даму бағыты ретінде белгілеп отырасыз.

📌 г) Соңғы кезең шешім қабылдау кезеңі болып табылады. Жинаған деректерді үлгі ретінде қолдана отырып осал тұстарды жөндеуге кірісу, не болмаса зерттеуді одан әрі жалғастыруға шешім қабылдау. Кейде уақытша қолданысқа шешім қабылдап, басқа мекемеде зерттеу жұмыстарын жүргізе беруге де болады.

✅ Бұдан бөлек алынған шешімнің орындалуын қадағалайтын бақылау (тексеру) кезеңі де болады. Ол кезде өзгеріс процесі мен нәтижесін сараптама жасап отыру керек.

Бенчмаркинг түрлері мен кезеңдерін қысқаша талқыға салдық. Пікір білдірем десеңіздер, мархабат…