May 21, 2020

Тиімді жиналыс (пед.кеңес) жасаудың 8 сыры

ℹ️ Жиналыс жасау барысында жасалуы (жасалмауы) маңызды мәселелер көп болуы мүмкін. Бірақ жеке тәжірибе негізінде ең маңызды деген 8 мәселені қарастырудамыз.

1- 🚫 Жиналысты жасаудан бас тарту.
Бұл жиынды неге жасамақсыз? Белгілі бір мақсаты бар ма?
- Жәй хабарлама жасау, мәлімет тарату болса неге эл. пошта немесе әлеуметтік желі қолданбасқа?
- Әлде әр апта жиналу шарт па?
Егер талқыланатын маңызды мәселе болмаса, жиналыс жасаудан бас тартыңыз.

2. 🎯 Жиынның мақсаты
Кез келген жиналыстың нақты мақсаты болуы керек. Мұғалімдер нақты қандай мәселе төңірегінде әңгіме болатынын алдын-ала білуі керек.
Жиын соңында қандай нәтиже күтесіз? Егер бұл сауалға жауап болмаса, жиналыс сәтсіз өтеді деуге болады.

3. 📋 Қаралатын мәселелер тізімі
Уақытты тиімді қолдану мен жиналыстың мәнді өтуі үшін міндетті түрде қаралатын мәселелер тізімі мен әрбір мәселеге бөлінетін уақыт нақты бекітілуі керек. Бұл мәселелер алдын-ала ұжымға ескертіліп, мұғалімдердің дайындықпен келуіне мүмкіндік жасау керек.
- Бекітілген мәселелер мен уақыт шеңберінен шықпау өте маңызды.
- Тізім қысқа және әрбір мәселенің мақсаты болуы керек.

4. 🏆 Марапат, алғыс, жағымды жаңалық.
Жиналыс бастаған кезде мұғалімдерге алғыс айтумен немесе марапатпен бастаған жөн. Мектептегі болып жатқан жағымды жаңалықтармен бөлісу де маңызды. Бұндай әрекеттер мұғалімдерді жігерлендірді. Бұл жиналыстың тиімді әрі жемісті өтуіне себеп болады.

5. ⏳ Уақыт белгілеу.
Жоғарыда да атап өткендей әрбір мәселеге бөлінетін уақыт белгілі болуы керек. Мәселе қарастырылуы барысында уақыт толған жағдайда талқылауды тоқтату маңызды.
- Мұғалімдердің жеке уақыттарына құрмет ету керек.
- Бастапқы мәселелерге уақыт көп бөлу арқылы басқа маңызды мәселелерге уақыт жетпеуі мүмкін.

6. ⏰ Жиынды белгілеген уақытта бастап, уақытында бітіру.
Жиынға кешіккен адамдарды күтпеу керек. Әсіресе мектеп басшылығы барлық қатысушылардың жиналуын күтіп кеш келіп жатады. Бұл қате. Басшының уақытында өз орнында болуы, кешігушілерді күтпей жұмысты дер кезінде бастауы жиын тәртібі үшін маңызды.
Белгіленген уақытта жиынды бітіру де өте маңызды. Жалпы уақыт шеңберінен шығып, жиналыс ұзаған сайын жиынға қатысушылардың ынтасы төмендейді. Бұл жағдай мәселелердің шешімсіз қалуына немесе қате шешімдер алынуына себеп болуы мүмкін.

7. 😤 Дауыс көтеру немесе қателіктерді талқылау.
Екі мәселе де жиналыс барысында жасалмауы керек өте маңызды мәселелер. Қандай да бір мұғалімнің тәртібіне немесе пәніне қатысты кемшілік, қателіктер көпшілік алдында ешқашан талқыланбағаны жөн. Бұл үшін жеке сөйлесілгені жөн. Сонымен бірге басшының жиналыс барысында дауыс көтеруі, ұрысуы да қателік. Жиналыс пікір айтылатын орын. Ал дауыс көтеру мұғалімдердің жиынға ынталы қатысуын тежейтін әрекет.

8. ✍️ Әрекет жоспарын бекіту.
Жиналыс нәтижесінде қабылданған шешімдерді бір қайталап шығу керек. алынған шешімдер негізінде «әрекет жоспары» анықталып, барлық қатысушылармен таныстырылады. Әрекет жоспары негізгі не, кім, қалай, қашан сауалдарына жауап болады. Яғни, қандай шешім, кім орындайды (кіммен бірге), қалай орындайды және жұмыстың біту уақыты мен нәтижесін жариялау.

👉 Жоғарыда айтылған тиімді жиналыс өткізу жолдарына қосарыңыз болса төменге жазыңыз.