June 1, 2020

Мекеме этикасының даму кезеңдері

🔷 Қазіргі күні кез-келген мекеменің қызмет ету ұстанымы біршама өзгерген. Тек қана пайда табу, даму үшін қызмет беретін мекемелер көбейді. Олардың нарықтағы өміршеңдігі күмәнді. Мекеме пайда табуда қаншалықты дамыса, оның моралдық ұстанымдары да соншалықты жоғары болуы керек. Мақала, ондағы айтылатын ойлар негізінен кәсіп саласындағы мекемелерге тән болғанымен, мектепішілік этиканы қалыптастыруда да бұл ойларды қолдануға болады.

🔷 Эрик Рейденбах және Дональд Робин есімді ғалымдар мекеме ішіндегі этиканың бес даму кезеңі бар дейді. Сол кезеңдерге жеке-жеке тоқталып өтейк.

📌 1. Аморалды мекеме.

Мәселе жеке басының мүддесін ғана ойлау туралы. Бұндай ұйымдар өз әрекеттерінің басқа мекемелерге немесе жалпы қоғамға қалай әсер ететінін ескермейді. Ондай үйымдардың басшылары бұндай көзқарасты бәсекеге қабілетті болу үшін өте қажетті деп түсінеді.

✅ Бұндай ұйымдарға тән белгілер:
* Пайда табу мен көркейіп даму адамдық қасиеттер мен этика ұстанымынан жоғары тұрады.
* Басшылары ұжымын жеке күшінің ықпалы мен авторитетін қолдана отырып басқарады. Қол астындағы біреуді қызметте көтеретін болса, кәсіби құзыреттілігіне қарап емес жағымпаздық деңгейіне қарап көтереді.
* Бұндай ұйымның басшылары ұжым мүшелерін қарапайым қызметкер ретінде көріп, оларға ыңғайлы жағдай жасауға еш көңіл бөлмейді.
* Бұндай ұйым және басшылары өз пайдасы үшін заң бұзуға дайын болады.

💥 Бір басшының бұндай келеңсіз кезеңнен арылуы үшін ұжым мүшелері мен мекеменің тұтынушыларына көбірек көңіл бөлуі керек. Жұмыс істеуге ыңғайлы орта мен сапалы қызмет қалыптастыру маңызды. Жалпы қоғамға пайдалы болатын істерден аз да болса орындауды бастауы керек.

📌 2. Заңға мойынсынған мекеме.
Бұндай мекемелер тек заңға бағынуды, заңмен жүруді өздеріне басты міндет санайды. Сонымен ұжым алдындағы міндеттілік бітті деп ойлайды. Сондықтан болар ұжымның ұйытқысы ретінде заң мен ережені қолдануға тырысады. Бұның нәтижесінде пайда болған корпоративтік этика тек ереже бұзбауға бағытталады.

✅ Бұндай ұйымдарға тән белгілер екеу:
* Басшылар әрекеттерінде заңның орындалуына бағытталған бұйрықтарды көп қолданады. Ал әрекеттерінің адамгершілік тұрғыдан дұрыстығына көп мән бермейді.
* Бұндай мекемеде іс-әрекет, қарым-қатынас ережелері көп болады. Себебі басшылар ұжымға, ұжым мүшелері бір-біріне сенбейді.

💥 Үшінші кезеңге өтуі үшін мекеме ішкі іс-әрекеттерінің этикалық әрі моралдық жағына көбірек назар аударуы керек. Жақын келешекте мекемені бюракратиялық жолмен басқару жойыла бастайтынын ескерсек, моралдық ұстанымдарды дамытуға қазірден көшкені абзал.

📌 3. Жауапкершілігі мол мекеме.
Бұндай мекемелер заңның орындалуы, пайда табу тәрізді ұстанымдар мен моралдық этиканың тепе теңдігін сақтауға тырысады. Олар қоғамның, тұтынушылардың пікірімен санасады, олардың да, өздерінің де мүддесін орындауға тырысады. Бірақ, олардың көпшілікке қатысты шешімдеріне қозғаушы күш қоғамның пікірі болғандықтан әрекеттерінде аздап екіжүзділік байқалады. Дегенмен, бұл саты алдыңғы екеуінен біршама жақсырақ.

✅ Бұндай ұйымдардың көрсеткіштері:
* Қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінгендей болады. Олардың алдындағы міндеттерін шектеулі де болса орындауға тырысады.
* Мекемеде іс-әрекет, қарым-қатынас кодексімен қатар этика кодексі де бар болады.
* Басшылар көпшілік назарында өздерінің адамгершілік қырларын көрсетуге тырысады.

💥 Келесі деңгейге өтудің басты шарты - шын көңілімен қоғамға пайдасын тигізгісі келетін адамдардың басын қосып, бір ұжым қалыптастыру. Бірақ мекеменің күн көрісі үшін пайда табуы керектігін де ұмытпаған жөн. Жалғасы төменде…

📌 4. Этикаға бейімделген мекеме.
Бұндай мекемеде ұжым арасындағы байланыстың ең басты ұстанымы адамгершілік қатынаста болу, морал мен этикаға бейімделген орта құру.

✅ Бұндай ұйымның белгісі:
* Мекеме басшылары ұжымын әрдайым адамгершілік қатынаста болуға шақырады. Өздері де бұл тұрғыда басқаларға үлгі болады.
* Арнайы бекітілген ереже болмайды. Бірақ, ешкімнің бұзбайтын этикалық құндылықтарға негізделген қарым-қатынас ұстанымдары болады.

💥 Бұл өте керемет ортаның көрнісі. Дегенмен, Рейненбах және Робин өз зерттеулерінде бесінші кезеңнің де бар екендігін айтады.

📌 5. Этикалық мекеме.
Бұндай мекемеде қандай шешім қабылданса да, қандай да бір әрекет жасалса да олардың этикалық тұрғыдан дұрыс екендігіне көз жеткізуді мекеменің ең басты міндеті деп қабылдайды.

✅ Бұндай ұйымның белгісі:
* Этикалық құндылықтар корпаративтік мәдениеттің негізін құрайды.
* Мекеме ұжым мүшелерінің моралдық әрекеттерін жоғары бағалайды.
* Қызметкерді жұмысқа алу, олардың біліктілігін көтеру мен марапаттау шешімі адами құндылықтарға негізделеді.
* Бұндай мекемелердің әрекеттері басқалардың оған қарап бой түзеулеріне үлкен серпіліс береді.

💥 1991 жылы Рейненбах және Робин осы зерттеуді жүргізген кезде бесінші кезеңге сай келер мекеме кездестірмегенін білдірген екен. Қазіргі таңда бізде этикалық мекемеге жататын ұйымдар бар ма? Сіздің ойыңызша сіз басқарып отырған мекеменің мәдениеті жоғары этикалық нормаға сай келе ме? Өз мекемеңізді қай деңгейге жатқыза аласыз ба?
Ойланарға тұрарлық, солай емес пе?