June 2, 2020

Бенчмаркинг деген не?

Бенчмаркинг — бұл ең ірі бәсекелестердің не өз саласында көшбасшы деп танылған компаниялардың тауарларын, қызметтерін және тәжірибесін салыстырмалы талдау және зерттеу әдісі.
Бұл сөзді «тірек нүктесі», «биіктікті белгілеу», «эталондық салыстыру» «сараптамалық стандарт» немесе «өлшеу немесе қандай да бір бағалау жүргізуге болатын стандарт» деген сөздермен де сәйкестендіруге болады.

💥 Бұл ұғымды дәлірек түсіну үшін мынадай мысал берелік: 1979 жылы Американдық Xerox компаниясы көшірме құрылғысын сату пайызын түсіріп алады. Өйткені Жапондық Fuji компаниясы өз құрылғыларының бағасын төмендетіп, нарықтағы үстемдікті өз қолына алады. Xerox басшылары жылдам шешім қабылдап, Fuji-дің қызмет ерекшеліктерін зерделейді. Құрылғының дизайны, өнімге жұмсалатын қаражат, басқару жүйесі, т.б. мәселелерге қатысты зерделеу нәтижесінде Американдықтар өз компанияларын басқаруда, өндірісте жаңа технологиялар ойлап табады. Салыстырмалы талдау мен зерттеу нәтижесінде компаниядағы олқылықты жойып, жаңа көзқараспен жаңа өнім шығарады. Xerox біршама төмен бағаға, өнімділігі жоғары әрі сапалы құрылғы дайындау арқылы нарықты қайтадан өз қолына қайтарады. Сәтті бастаманың себебі «бенчмаркинг» жүйесі болып табылды.

📌 Xerox Fuji компаниясын зерттемес бұрын мына сауалдарға жауап іздеген:
1. Біздің қателігміз неде (өнім сапасы ма, мамандардың төмен құзіреті ме, өндірістегі жоғары қаражат жаратылуы ма, басқару жүйесі ме, т.с.с.)
2. Нарықтағы басқа компаниялар не істеп жатыр? Стратегиялары қандай?
3. Неге басқалардың өндірісі, табысы көтеріліп, бізде құлдырау бар?
4. Біз олардың қызмет беру тәжірибесінен не үйрене аламыз, өзімізге не үлгі ете аламыз?
5. Аз шығынмен (қаражат жұмсаумен) қай бағытымызды дамыта аламыз?
Осы сауалдарға жауап іздей отырып Xerox компаниясы зерттеу нәтижесінде өз жұмысын қайта жаңғырта алды.

🔷 Бенчмаркингте тағы бір маңызды мәселе қоғамға ашық саланы зерттеу мен өндірістік тыңшылық (промышленный шпионаж) әрекетін шатастырмау. Кез-келген мекеме өзінің қoғаммен жұмыс саласын жүргізеді. Сол бағытта өз қызмет жүйесін қаншалықты ашса, соншалықты зерделеу жасай аласыз. Екіншіден, жеке келісім барысында тереңірек зерттеу жасау мүмкіндігіне ие болуға да болады. Ал, компания қызметінің жабық бөлігін келісімсіз үйренуге, қол сұғуға тырысу - өндірістік тыңшылыққа жатады. Әрі заңмен қудаланады.

📌 Бенчмаркинг процесінде төмендегідей қате түсініктерге де жол бермеу керек:
- басқа ұйымдар қызметінің процестерін қарапайым көшіру;
- басқа ұйымдардың жұмыс істеуі қағидаттарына сақадай сай формальді қабылдау;
- басқа идеялардың, тұжырымдамалардың, стратегиялардың плагиаты (көшірмесі);
- экономикалық көрсеткіштердің қарапайым салыстырмасы;
- өндіріс пен қызметтер технологиясын дамыту есебінен бағаларды қарапайым төмендету;
- әлеуетті менеджерді дамыту үшін басқа бизнеспен танысу.

📌 Қысқасы бенчмаркинг, басқа біреудің жұмыс істеу, басқару, өнім шығару, қызмет беру жүйесін көшіріп өз ісіңде айнытпай қолдану емес, сол үйренгеніңнен өзіңе, компанияңа ыңғайлы әрі пайдалы жаңа жүйе ойлап табу болып табылады.

💥 Ал енді білім беру саласына қатысты бірер сөз.
Еліміздің білім саласы біршама кенже қалғандығы көпшілікке мәлім. Ел болып басқа алдыңғы қатарлы елдердің жүйесінен үлгі алуға болады. Мысалы: орта білімде Фин немесе Жапон тәсілінен үлгі алуға болады. Ал жоғары білімде АҚШ пен Англия жақсы мысал болар еді.

💥 Ал, жекелеп келгенде өзіңіз басқарып отырған мекемені еліміздің ең үздігіне айналдыру үшін басқа мектептердің жетістік үлгісін зерделеу әбден орынды. 2017 жылы бірнеше әріптестерімізбен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы кейбір жеке мектептердің жүйесімен танысуға келген едік. Ол кезде алға қойған мақсатымыз - халықаралық мектеп басқару жүйесімен танысып, үлгі болар бөлімдерін өз мектебімізге енгізу жоспарланған еді. Аларымыз көп болды. Басқарманың қолдауымен тәрбие, қосымша білім беру, жоба негізінде оқыту, т.б.. бағыттарында сәтті бастамалар жасаған едік. Мектепте неміс тілін оқытуды енгізіп, оқушыларымыздың Германия ЖОО-на ақысыз немесе жеңілдікпен қабылдануына жол ашу осындай бенчмаркинг әдісінің нәтижесі болатын.

🔷 Бенчмаркинг түрлері мен этаптары туралы келер жолғы постта баяндаймыз. Ал, әзірге осы. Жалпы бенчмаркинг анықтамасы жайында сауалдарыңыз болса, жазыңыз…
#mektepbasqary