June 1, 2020

ЖАС БАСШЫҒА КЕҢЕСТЕР

🔷 Басшылық қызметке енді келген адамның алдында көптеген сұрақтар тұрады. Үміт пен күмән аралас бұл сауалдарға дер кезінде жауап табуы оның қызметке дұрыс деңгейде кірісуіне көмек береді. Сол саулдарға кеңес ниетінде жас басшының қандай мәселелерге мән беруі керектігі жайында бірер сөз.

📌 1. Мақсат қою маңызды.
Алдыңғы посттарымызда да ескерткендей мақсатсыз немесе нақтыланбаған мақсатпен іске бастау қауіпті. Ең алдымен өзіңізге сауал қойыңыз. Өмірлік мақсатыңызда басшылық қызмет бар ма? Егер бар болса, бұл мүмкіндікті қолдана отырып нелер іске асырмақсыз? т.с.с

2. Қалау мен қабілеттің ұштасуы.
Мақсатыңыз сізге не қалайтыныңызды және қабілетіңіз қандай деңгейде екенін анықтауға көмек береді. Қалайтын нәрсеңіз бен қабілетіңіз ұштасады ма?
Айталық сізге мектеп директорлығы қызметі ұсынылды. Мүмкіндік шықты деп басшылық қызметке бірден жармаса кетудің асығыстығы жоқ. Сіздің адамдармен байланыс қабілетіңіз бар ма? Қай деңгейде? Егер тым төмен болса, бұл бағамда жұмыс жасап дағдыңызды дамытып алғаныңыз жөн болар. Көшбасшылық стилдерінен хабардарсыз ба? Көңіліңізге жақыны қайсысы? Бәлкім сізге теориялық білім қажет болар? Ал, айталық барлық сейкес дағдыңыз бар. Бірақ сіздің басшы болғыңыз келмейтін шығар? Қалауыңыз осы тұрғыда ма?
Қысқасы, бұл сұрақтарға жауабыңызды айқындау ең басты міндетіңіз болғаны жөн. Өкінбестің алдын алу маңызды. Өйткені жылтырағанның бәрі алтын емес.

📌 3. Істі ұнату маңызды.
Сіздің көңіліңізден шығатыны қандай жұмыс? Физикалық әрекеті бар жұмыс па, әлде менталды ма? Бәлкім, есеп-қисап істері болар? Шынымен директор болуды ұнатасыз ба? Әлде мұғалімдік көңіл қалауы ма?
Басшылықты жетістікке жету жолы ретінде қарап, көңіліңіз көншімесе де қызметке келісе кету жақсы шешім емес. Басшылық іске кірісу - абыройыңды бәсекеге тігу деген сөз. Ал абыройды сақтау даналық пен адалдықты талап етеді. Егер шынымен де бұл істі ұнатсаңыз және ол істі маңдай тер, абыроймен орындай алатыныңызға сенсеңіз онда еш кідірмеңіз. Басшылық еңбегіңіз жемісті болады деуге әбден мүмкін.

✅ Өмірден: Бір әріптесіміздің басқа жұмысқа ауысуына қатысты ұжымымен қоштасу шарасына қатысқан едім. Ұжымының әңімелерінде «өте әділ басшы болдыңыз», «керемет жүйе қалыптастырдыңыз» сөздерін көп естідім. Бұл - өз ісіне құрметпен қарайтын, тапсырылған істі абыроймен атқаратын адамның сипаты болатын.

📌 4. Ұстаным сәйкестігі маңызды.
Сіздің тұлға ретінде, маман ретінде өз ұстанымыңыз болады. Ол ұстанымдар әдетте белгілі бір құндылықтарға негізделеді. Аталмыш ұстаным-құндылықтарыңыз сол мектептің (ұжым, ата-ана), немесе өңір басшылығының ұстанымдарына сәйкес келе ме? Өзіңіз бен сіз еңбек ететін ортаның бір-біріне икемділігін жақсылап зерделеген жөн.
Бұл өте маңызды. Өйткені, сіз қанша жерден білікті маман болсаңыз да орта сіздің еңбек етуіңізге қолайлы болмаса, алға қойға приоритетті ұстанымдары сізге қайшы келсе, ондай жерден алыс тұрған жөн.

✅ Өмірден: Осы орайда бір облыста директорлық жұмысқа тағайындалар алдында өңір басшысының айтқаны есіме түсіп отыр. Ол кісі маған бірнеше тапсырма берді. Ол «Сенен қалайтыным ата-ана ризашылығы, ешбір шу шықпауы, темірдей тәртіп» деді. Ішінде іліп алары ата-ана ризашылығы ғана еді. Өйткені мақсатымда ата-анамен жұмысты дұрыс ретке келтіру де бар еді. Ал қалғаны… Өзімді абақты басшысы ретінде сезіндім.
Алда екі жол болды. Иә, ұстаным сәйкессіздігі бар деп қызметтен бас тарту. Не болмаса, тәуекелдік танытып, жаңашыл көзқараспен жаңа серпін әкелу. Екінші жолды таңдадым.

📌 5. Келеңсіздіктерді көтере алу маңызды.
Кейбір теңіз жағалауларында су жиегіне әдейілеп тастардан бөгеттер жасалады. Олардың ең басты міндеттері алып толқындарды сындыру, күшін әлсірету. Мектеп басшысы да сол бөгеттер тәрізді мектеп қабырғасында болатын барлық келеңсіздіктің алғашқы жұдырығын сезінетін тұлға болып табылады. Бұның бұлай боларын қызметті бастамас бұрын түсіну, әрі дайын болу маңызды. Енді сұрақ: Сен бұларға төтеп бере аласың ба? Дұрыс шешімдер қабылдай аласыз ба? Жауабыңыз оң болса, іске сәт. Күмәндансаңыз басқа жолды таңдағаныңыз жөн.

🔷 Бұл кеңестерді жаза отыра «болмаса екінші жол» деп қызметтен бас тартуды ұсынып отырғанымызды дұрыс түсінгендеріңіз жөн. Басқарылып отырған жер қандай да бір өндірістік орын болса, сәтсіз басшылықтың шығыны өнім мен ақша болмақ. Ал, мектеп жағдайында қате басшылықтың шығыны адам тағдыры, жастардың келешегі. Сондықтан да мектеп басшылығының жауапкершілігі орасан зор. Ондай жағдайға дайын болмаған адам, бастамай тұрып бас тартқаны дұрыс шешім болмақ.

❓ Жаңадан басшылық қызметке келген адмға сіз қандай кеңес берер едіңіз?