May 26, 2020

Мұғалімдер үшін шығармашылық мотивация

Марк Макгиннесстің «Мотивация для творческих людей» кітабына негізделген.

✅ Бұл кітапта шығармашыл адамдардың жетістікке жетуі үшін қажет болған мотивацияны көтерудің жолдары мен оны тежейтін кейбір құрсаулар туралы баяндалады. Мұғалімнің шығармашыл болуы жемісті қызметінде алғы шарт екенін ескерсек, оларды қозғайтын күш - мотивация жайында аздап пікір білдірсек артық болмас.
Бұл жолы біз мотивацияны көтеру жолдарына тоқталамыз.

🔷 А) Өз ісіне деген құштарлық
Бұл сөз біз сияқты білім саласының қызметкерлері үшін еш таңсық емес. Әдетте жоғарғы сынып оқушыларымен кәсіби бағдар жұмысы барысында оларға айтар ақылымыздың бірі осы тұрғыда өрбиді. «Таңдаған мамадығың сүйіп атқаратындай болмаса, келешек өміріңде пайдасын аз көресің немесе басқа салаға ауысуға тура келеді» тәрізді кеңестер беріледі. Ол рас та. Адам таңдап алған мамандығын шын көңілімен атқаруы үшін кәсібін жақсы көруі маңызды.

📌 Кейбір психологиялық зерттеулер көпшілік адамның жұмысын ақша үшін емес, ісін қатты ұнатқандығы үшін орындайтындығын пайымдайды. Олардың ойынша адамдардың жетіп жатқан жетістіктері олардың ішкі мотивациясына тікелей байланысты екен. Ал ақша, даңқ және басқа да материалдық мотивациялар (алғыс хаттан бастап сыйақыға дейін) адам бойындағы шығармашылықты жояды екен. Сондықтан да, егер сіздің алдыңызда тұрған іс немесе тапсырма сіздің ішкі мотивацияңызды қоздырмаса, басшылық, ата-ана, т.б. сізге қанша талап қойса да сіздің жемісті еңбек етуіңізге әсер ете алмайды-мыс.

📌 Өнерде, айталық суретшілерде, сапалы өнім шығарудың басты шартын «риясыз, игілікті ниетке» байланыстырады. Олардың сенімінде егер суретші жұмысын ақша, атақ немесе басқа да мадақтама үшін орындар болса шабыт (муза) ол адамның бойынан қашып кетеді екен.

📌 Әрине, заманымызда тек еңбекке деген сүйіспеншілікпен ғана өмір сүру қиын. Сонымен қатар еңбегіңе сай ақша табу да маңызды. Мансап қуып жоғары сатыларға көтерілу де. Дегенмен,әрбір адамның ешқашан адал еңбегіне деген сүйіспеншілігінен арылмағаны абзал.

🔷 Ә) Ақша.
Мұғалімдік жұмыс қаншалықты шығармашылықты талап ететін жұмыс болса да ақшаны ойламауың мүмкін емес. Шығармашылықты сақтау үшін мұғалімнің әлеуметтік жағдайы да сәйкесінше жоғары болуы керек. Бұл - мұғалімнің еңбегі жақсы бағалануы және жоғары жалақымен қамтамасыз етілуі керек деген сөз. Егер сіз өте сапалы еңбек етіп жатсаңыз қайтарымы жоғары жалақы болуы керек. Мұғалімнің әлеуметтік жағдайының проблемасыз болуы - оның ой кедергісіне ұшырамай, жоғары мотивацияда еңбек етуіне бірден бір себеп.

📌 Айталық сапалы еңбегіңіз еленбейді. Онда сіздің алдыңызда таңдауы өте ауыр екі бағыт пайда болды деген сөз. Олар: «шығармашылық жұмыс немесе жоғары жалақы». Үшіншісі де бар. Ол туралы кейінірек. Не ішкі жігеріңізбен аз айлықты қанағат етіп, шығармашылық жұмысыңызды сапалы орындауды жалғастыра бересіз. Не болмаса, жоғары айлығы бар басқа жұмысқа ауысасыз.

📌 Үшіншісі болса еш таңдалмауы керек бағыт. Ол - қанағаттанбайтын ақыға сапасыз еңбек ету. Біріншіден, бұл шығармашыл адамның болмысына жат қылық. Екіншіден, еңбек жолымыз ағарту ісі екенін, келешек еліміздің азаматтарын тәрбиелеу екенін ескерсек, тұлға қалыптастыруда немқұрайлы еңбек етуге жол жоқ. Бұны ескеру өте маңызды.

🔷 Б) Атақ, даңқ.
Мотивацияны дамытатын тағы бір жол - өзінің сәтті шығармашылығымен басқаларға бөлісу, таныту. Бұл бәлкім өз әріптестерінің арасында, не болмаса басқа мектеп мұғалімдері арасында болған түрлі жиындарда өзін танытуы. Көпшілік алдында тұлға ретінде құрметке ие болу маңызды мотивация құралы. Сонмен қатар, тынымсыз еңбегінің арқасында әлеуметтік желілерде өз оқырмандарын, кеңес алушыларын қалыптастыру да заңдылық.

📌 Бірақ, мақтаныш пен мақтану екі бөлек ұғым екенін естен шығармаған жөн. Өз саласында қоғамның мақтанышы болуы өзіне де өзгеге де жігер береді. Ал, мақтанудан басы айналып, негізгі мақсат-бағытынан айырылу - сәтті мансабының құлдырауының алқашқы сатысы. Қысқасы «мен мықты мұғаліммін» деген сөз бен «анау тұрған кісі мықты мұғалім» сөздерінің мағынасын жақсы түсіну керек. Өзіңе мотивация беруге жарамайтын «атақ», ең баста өзіңе зиянын тигізері хақ.

🔷 В) Кәсіби танылу (еңбегінің танылуы).
Бұл көзқарасты басқаша «кәсіби бедел», «авторитет» деп те атайды. Бір қарағанда атақ, даңққа ұқсағанымен біршама ерекшелігі бар. Атақ жеке тұлғаға қатысты көпшілікке танылу болса, кәсіби танылу жеке тұлғаның емес, еңбектің басқалар тарапынан жоғары баға беріліп, көпке танылуы. Бір адам тұлға ретінде медияның, әлеуметтік желілердің көмегімен өте атақты адамға айналуы мүмкін. Бірақ керісінше еңбегінің көпшілік назарындағы бағасы төмен болуы да бір ықтимал. Немесе дәл терісі. Керемет еңбек бар. Бәрі біледі әрі жоғары бағалайды. Бірақ иесінің кім екені белгісіз.

📌 Бұл да мотивацияның бір түрі. Бұл жағдай көбіне мектеп мәдениеті керемет деңгейде құрылған оқу орнында болады. Олар бірлесе отырып еңбек етіп, керемет нәтижеге бірге жетеді. Мысалы, кейбір мектептер жылдар бойы ҰБТ-дан жоғары көрсеткіш көрсетеді. Ол жетістікті ұжым болып қабылдағаны үшін, тұлға ретінде кім қандай еңбек еткені олар үшін маңызды емес. Бүкіл халықтың олардың еңбектерін жоғары бағалап, ол мектепті мықты мектеп деп бағалауы мотивация үшін жеткілікті.

✅ Осылайша мұғалім бойына жігер дарытатын төрт көзқарасты саралауға тырыстық. Келесі жолы мотивацияны тежейтін кейбір құрсаулар туралы әңгіме қозғамақпыз.
Пікіріңіз болса мархабат.