October 31, 2022

Хазреті Али халифа болуға әбден лайық еді әрі Расулуллаһқа (с.а.у) жақын туысқан және таңқаларлық батырлығы мен білімі бола тұра неліктен бірінші халифа болып тағайындалмады және неліктен халифалығы кезінде ұрыс-керіс көп болды?

Жауабы: Әл-і Бәйттен үлкен бір әулие былай деген екен: «Расулуллаһ (с.а.у) Хазреті Алидің (р.а.) халифа болуын барынша қалаған, бірақ Оған (с.а.у) ғайыптан хабар келіп Аллаhтың қалауы басқа екендігі білдіріліпті. Ол (с.а.у) өзінің қалауын тастап, Аллаhтың қалауына көніпті» - дейді. Мұның Иләһи хикметтерінен біреуі былай болса керек: Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) дүниеден өткен соң сахабалар ауызбіршілікке, өзара ынтымаққа мұқтаж болады. Егер биліктің басына Хазреті Али келсе, оның халифалығы кезінде орын алған оқиғалар көрсеткендей, Хазреті Алидің қорқу дегенді білмейтін теңдесіз ержүректігі, қатты тақуалығы, тым қанағатшылдығы, қарапайымдылығы көпшіліктің және кейбір қауымдардың қызғаныш сезімін оятып, ел ішінде бақталастық туып, мұсылман қауымы ыдырап бөлініп кетуіне себеп болуы әбден мүмкін еді. Сонымен қатар Хазреті Алидің халифалығының кейінге қалуының тағы бір хикметі мынау болса керек: Сан ұлт, түрлі қауым Исламды қабылдап, өзара араласып кетті және Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) айтып кеткендей, үмметінен шыққан жетпіс үш топ, түрлі көзқарастағы қауымдар пайда болды.

Міне, солардың арасында бүлік шығып, қанды оқиғалар, қырғи қабақ басталғалы тұрғанда Хазреті Али сынды керемет батыр, ержүрек әрі парасатты, кез-келген соққыға төтеп бере алатын, хашими руынан шыққан әрі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.у) туысқаны және Әл-i Бәйт, яғни, Нәбидің әулетінен шыққан ерекше тұлға, қуатты да ардақты бір тұлға қажет еді. Иә, төтеп берді... Расулуллаһ (с.а.у) Хазіреті Алиға: «Мен Құранның түсуі үшін соғыстым, ал сен болсаң үмметім оны дұрыс түсінуі үшін соғысасың! » дегені анықталды.

Сондай-ақ, егер Хазреті Али болмағанда дүниенің сәнсалтанаты Әмәуилерді әбден адастырып жолдан тайдырып жіберуі мүмкін еді. Бірақ қарсы алдында Хазреті Али (р.а.) және Әл-і Бәйтті яғни Хашими ұрпақтары тұрғандықтан олармен санасуға тура келетін. Мұсылмандардың алдында абыройын сақтап қалуы үшін қаласа да, қаламаса да Әмәуи патшаларының басым көпшілігі өздері істемесе де дін Исламға қолдау көрсетіп, қол астындағылары мен жақтастары ынта-жігермен Ислам ақиқаттарын, Иман негіздерін, Құран үкімдерін орындауға, оны сақтауға әрі жайылуына қызмет етті. Жүз мыңдаған ақиқатшыл имамдар, кәміл хадисшілер, тақуа әулиелер мен асфиялар жетілдірді. Егер қарсы алдарында Әл-і Бәйттің өте тақуа әулиелері, діндар-абыздары, кәмілдері болмағанда, Аббасилер мен Әмәуилердің соңғы кезеңі сияқты әу бастан-ақ адасып, жолдан таюлары бек мүмкін еді.