НЕГЕ ХАЗРЕТІ ӘНӘС, ЖАБИР, ӘБУ ХҮРЕЙРЕ КӨП ХАДИС АЙТЫП, ХАЗРЕТІ ӘБУ БӘКІР МЕН ОМАР АЗ РИУАЯТ ЕТКЕН?
Һәм үлкен мұғжизалар, жүз жолмен жетуі керек еді, неліктен он – жиырма жолмен келді?
Жауабы: Мысалы, адамға дәрі керек болса, дәрігерге барады. Құрылыс үшін құрылысшы инженерге жүгінеді. Шариғат мәселесін мүфтиден сұрайды. Дәл сол сияқты сахабалар арасында, Нәбидің хадистерін келешек ғасырларға дәріс беріп жеткізу үшін ғалым сахабалардың бір бөлігі сонымен шұғылданды. Хазреті Әбу Хүрейре өмірін хадистердің жазылуына арнады. Хазреті Омар саясат, халифалық секілді мәселелермен шұғылданды. Сондықтан, хадистерді үмметке жеткізу ісі Әбу Хүрейре мен Әнәс және Жабир секілді кісілерге тапсырылып, Әбу Бәкір мен Омардан аз риуаят етілетін. Сонымен қатар сенімді, шыншыл, жанкешті және адалдығымен танылған әйгілі бір сахабаның бір ғана жолымен, бір оқиғаны хабарласа жеткілікті деп есептелетін. Басқа біреудің тағы да нақыл етіп баяндауы қажет емес-ті. Сол үшін де кейбір маңызды оқиғалар, екі-үш жолмен жетсе сенімді болатын.
Маңызды да тұжырымды бір сұрақ: “Хендектегі соғыста төрт уыс тағаммен мың адамды тойдырған тағам мұғжизасы және мүбарак саусақтарынан аққан сумен бес мың бес жүз кісіні тойғанша ішкізген су мұғжизасы, неге осы жылаған қу тірек мұғжизасы сияқты өте көп жолдармен айтылмаған? Алайда ол екеуі, бұдан да көп жамағаттың ортасында болған емес пе?”
Жауабы: Мұғжизалар екі түрге бөлінеді. Бір бөлімі, жұртты хақ пайғамбар екенін қабылдату үшін, Хазреті Пайғамбар Ғалейhиссалату Уәссәләмнің қолымен жасалады. Қураған тіректің боздауы осы түрге жатады. Мүминдердің иманын қуаттап, ал мұнапықтарды ықыласқа шақырып, кәпірлерді иманға келтіру үшін, тек Пайғамбарлығын растау үшін ғана көрсетіледі. Сондықтан, қарапайым халық та, зиялы қауым да барлығы көреді және жайылуына көбірек мән беріледі. Ал, тағам мен суға қатысты мұғжизалар болса, мұғжизаға қарағанда кәрамат деуге болады. Кәраматтан гөрі де сыйлық, тіпті, сыйлықтан да көбірек қажеттілікке орай Рахманның тартуы десе болады. Дегенмен ол да Пайғамбарлығына дәлел әрі мұғжиза. Бірақ негізгі себеп, әскердің аш қалуы. Хақ Тағала бір дәннен мың батпан құрма жаратқаны секілді жасырын қазынасындағы бір тостақ тағамнан мың адамға ас береді. Һәм сусыз қалған жауынгерлерге, ұлы қолбасшының саусақтарынан, Кәусәр суындай су ағызып шөлін қандырады. Міне, осы сырға сәйкес, тағам мен су мұғжизасының әр бір мысалы, қураған тіректің жылауы дәрежесіне жетпейді. Бірақ ол екі мұғжизаның бірнеше түрі жиналып, барлығы қураған тіректің жылағанындай тәуәтүр, яғни, нақты анық хабар. Һәм тағамның берекетін және саусақтарынан су аққанын бәрі бірдей көре алмайды, тек қана белгілерін көреді. Тіректің жылағанын бәрі естіді. Сол үшін көбірек жайылды.
Мектубат-124