May 13, 2025

Қарапайым сұрақтар арқылы өзіңізді танығыңыз келе ме?

Қоғамда өзін таппаған, не қалайтынын түсіне бермейтін жандар көп. Олар өмір сүріп жүр, бірақ алға қойған нақты мақсаты да, болашақта болғысы келетін өз "Мен" бейнесі де жоқ. Абайша айтқанда, «білсем, көрсем, ұғынсам» дейтін құштарлықтан ада. Адамның жан әлемінде тағдырға деген махаббат пен құштарлық болмаса, ол өзін таба алмай аласұрады, күйзеліске түсіп, өміріне налиды. Мұндай күй көбіне адам өзін толық танымаған кезде пайда болады. Осындай күрделі сәтте «Эннеограмма» әдісі көмектесе алады.

Ресейлік ғалым Георгий Гурджиев пен Чилилік психолог Клаудио Наранхо адамның мінез-құлқы мен ішкі ниеттерін бақылау арқылы «Эннеограмма» әдісін ұсынған. Бұл – қарапайым тест сұрақтары арқылы адамның саналы деңгейдегі 9 ішкі ниеті мен өмірлік мақсатын анықтайды. Эннеограмма адамды 9 негізгі түрге бөледі. Әрқайсысының өз ерекшелігі, құндылығы, ойлау және әрекет ету әдісі бар. Тест нәтижесінде сіз қай типке жататыныңызды анықталады. Тестте мынадай сұрақтар қойылады:
1) Сіз басқалармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін пікіріңізді жиі басасыз ба?
2)Көп нәрсені ішіңізде сақтап, жалғыз болғанды ұнатасыз ба?
3)Басқалар сізді әлсіз деп ойламауы үшін, сезіміңізді көрсетпеуге тырысасыз ба?
Осы секілді сезімдеріңіз бен ойларыңыздың аражігін ажыратасыз. Ойланып жауап беруге итермелейтін сұрақтар арқылы өз түріңізді анықтап, стресстік жағдайда, позитивті жағдайда қандай тұлғаға айналатыныңызды біле аласыз.

Эннеограмма типтері:

1.Жетілгіш – тәртіпті, ішкі қағидалары қатал, дұрыс болуға ұмтылады, жауапты.

2.Көмекші – адамдарға көмектескенді жақсы көреді, басқалардың өзін мойындағанын қалайды, қамқор, ақкөңіл.

3.Жетістікке ұмтылушы – мақсатшыл, табанды, еңбекқор.

4.Жеке тұлға – эмоцияға терең бойлайды, сезімтал, тұйық.

5.Зерттеуші – білімге құштар, интеллектуал, сыни ойлайды, оңашалықты ұнатады.

6.Сақтанғыш – күмәншіл, қауіпсіздікке мән береді, сенімділік іздейді.

7.Әуесқой – еркіндікті жақсы көреді, жаңа әсерлер мен көңіл көтеруді ұнатады.

8.Басқарушы – батыл, билікке ұмтылады, шешім қабылдауға бейім.

9.Бітімгер – сабырлы, тыныштық пен үйлесімділікті қалайды.

Әр түр ішкі күй өзгерістері арқылы бір түрде қалып қоймайды, басқа түрлерге ауысып отырады. Мәселен, 7-ші түр стресстік жағдайда 1-ші түрге, кейде 5-ші түрге ауысады, өзімен көршілес орналасқан 8- ші түрдің қасиеттерін де өзіне тартады. Солай сіздің жан әлеміңіздегі барша ерекшеліктерді ашып береді. Осы саланың мамандары сізді тесттен өткізген соң, ақылы кеңес береді. Нәтижесінде өзіңіз туралы көп ақпараттарға қанық боласыз.

Аталған 9 түр – адамның шынайы болмысын тануға бағытталған. Сіз өзіңіздің артықшылықтарыңыз бен әлсіз тұстарыңызды, қорқыныштарыңыз бен мотивацияларыңызды анықтай отырып, жеке дамуыңызға серпін бересіз. Өзіңізбен үйлесімді байланыс орнатып, өміріңізде кездесетін қиындықтарға жол тауып, шынайы "Меніңізді" қалыптастыра аласыз. Өзіңізді тануға ұмтылу - өзіңізді табуға жасалынатын алғашқы қадам.

Әбзелбек Нұршат Сапиқызы