Қызды дұрыс тәрбиелеп жүрміз бе?
Қазақ халқы тәрбие мен ар-намысты биік тұтқан дана халық. Балаға жас кезінен тәрбиенің түп-тамырынан тағылым беріп, тұлға болып қалыптасуына жол салған. Қызды 40 үйден, ерді 50 үйден тыйып, жамандықтардан, теріс қылықтардан сақтауға тырысқан. Уақыт өте келе заман ілгері басты. Ұлтымыздың өмір сүру дағдысы жаңа бір белеске өрледі. Қазіргі XXI ғасырда қызды 40 үйден тыю оны жамандықтардан қорғай ма, әлде еркіндігін шектеп, психологиясына теріс әсер ете ме?
Қазіргі қоғамда қыз баласына деген шектеулер тым арта түсті. Қоғамның ілгері басуы ой-санамызға басқаша түсініктерді қалыптастырды. Оқып, білім алып, дамитын заманда сана-сезімдері төмен адамдар қыз баласына шектеулері мен жауапкершіліктерін үйіп-төгіп жүр. Олардың еркін өмір сүрулеріне қиындық туғызатын тыйымдармен өмірлеріне зиян тигізуде. Мәселен: жарыса сөйлеуге; ұрыс-керіске; шектен тыс сыланып жасануға; нәпсіқұмарлыққа тыйым салады. Бір жағынан, бұл қыздарды қорғау секілді көрінгенмен, қазіргі заманның ұстанымдарына жат нәрсе. Қыз болғансоң қылығы мен еркелігі қатар жүреді. Қыз отбасына қылығын көрсетіп еркелей алмаса, қыздарға көп шектеу қоя беретін болсақ, ол қыз үйінде өзін жат санамай ма? Сәнденіп, әрленбесе, жарқыраған әдемілікке құмар болмаса, әйелдік болмысы жоғалмай ма? Әлдебіреу намысына тиер сөз айтып, қыз қорғану үшін қарсы сөйлемесе немесе қорғайтын қорғаушысы болмаса ұрысқа түсіп арын таптатпағаны айып па? Сыны мен міні дайын тұратын қыз тағдырында, өз құқығын, әйел құқығын қорғап жарыса сөйлеуі жөн емес пе? Әйел өзінің ар-намысына кір келтірмеу үшін осыншама қадамдарға бармаса, қыз тағдыр жолында үлкен соққы алады.
Қыз-болашақ ана. Ана-бала тәрбиесіндегі маңызды тұлға. Дені сау, психологиясы сау ана-мықты тұлғаларды тәрбиелеп шығарады. Неге бір сәт ойланып көрмеске, қазіргі замандағы қыздар “40 үйден тыйым” әдебіне бағынғылары келмейді? Мүмкін, намысы мен арын сақтап, қорған болатын ер-азаматтарымыз өз міндеттерін дұрыс атқармай жүрген болар. Қыздан көп нәрсені талап етіп, жауапкершіліксіз азаматтар қыздарымызды талап пен сынның астында қалдырып, қорғаудың орнына қорлап жүрген болар.
Қыздың ар-ұятты, тәрбиелі болуы 40 үйден тыйып, қоғамның салып берген тар қапасына қамап қойғанымен шешіле салмайды. Қыздың қалауы мен еркіндігі, болмысы, саналы тәрбиесі, білім деңгейі міне осылар - қызды қорғап, қорлатпайтын берік қамалы. Қоғамда ер адамдар өз міндетін дұрыс атқарып, өздерін түзесе-барлығы қалпына түсіп реттеледі әрі сол арқылы нәзік жандылардың ер-адамдарға деген сый-құрметі күшейеді. Бар жауапкершілікті қызға артып ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Қыздардың психологиясына қысым көрсету арқылы қоғамда өзін таппаған, өз “менін” білдіруге қорқатын қыздарды тәрбиелеп шығарамыз. Қыз еркін өссе - бақытты болады, бақытты әйелден бақытты қоғам құрылады.