October 9

Көршілеріңіздің кесірінен су басса, не істеу керек? 

Су басу себебін анықтап, оны тоқтатыңыз. Егер пәтеріңізді су басып жатқанын немесе басып кеткенін байқасаңыз, бірден мәселенің себебін тауып, оны тоқтатыңыз. Жағдайға байланысты КСК (немесе басқарушы компания), төтенше жағдайлар қызметтерінің өкілдерін шақыру немесе су ағып жатқан үй-жайдың иесіне/тұрғынына хабарласу қажет болады.

Куәгерлерді шақырыңыз. Көршілер, КСК қызметкерлері мен достарыңыз да жарай береді. Бастысы, олар бүлінген пәтердің тұрғындары емес, ҚР кәмелетке толған азаматтары болуы керек.

Комиссиямен бірге су басқану туралы жазбаша акт жасаңыз. Акт сіздің көз алдыңызда толтырылуы керек. Не болғанын, себебін, салдарын, куәгерлердің деректерін көрсету қажет. Актіні қол қою арқылы растаңыз.

Төмендегі деректер егжей-тегжейлі сипатталуы керек:
- төбенің, қабырғалар мен еденнің қалай және қаншалықты зақымдалғанын анықтап жазыңыз;
- маркасы мен үлгісі, сондай-ақ зақымдану дәрежесін көрсететілген бүлінген мүліктің тізімі (жиһаз, тұрмыстық техника және т.б.);
- су басу себебі (мысалы, ашық кран) және пәтерді су басуы мен мүлікке зақым келуі дәл осы себептен болғанын жазыңыз;
- күні, кінәлінің тараптың толық аты-жөні, пәтерінің нөмірі мен қабаты, залал келтірілген пәтердің мекенжайы, жасалған жері, акт жасаған адамдардың аты-жөні, қолдары мен лауазымдары.

Егер су басу себебі мен зақымдануға қатысты келіспеушіліктер болса, барлық ескертулер де актте көрсетілуі керек. Бұл құжат тәулік ішінде толтырылуы керек.

Қатты су басу болған жағдайда оқиғадан хабардар болу үшін учаскелік полиция қызметкерін шақыру да ұсынылады. Пәтеріңіздің су астында қалуына себепкер пәтер иесі де зақымның ауқымын көргені абзал.

Барлық зақымданған жерлерді фото мен видеоға түсіріп алыңыз. Құрылғы үлгісін көрсетіп, куәгерлерден фотосуреттерге қол қоюды сұраңыз.

Лицензиясы бар бағалаушыны шақыруға болады. Мұны су басқаннан кейін екі-үш күн ішінде жасаңыз. Бағалаушы келтірілген шығынды тіркеп, құжат түрінде береді. Бағалау үшін су басқаны туралы акттің көшірмесі мен мүліктің меншік құқығын растайтын құжаттар қажет болады. Қызмет ақысын су тасқынына жауапты адамнан өндіріп алуға болады.

Пәтер ипотекаға алынса, ол су басу жағдайынан сақтандырылған болуы мүмкін. Онда сақтандыру компаниясы келтірілген шығынды бағалау мен жабуды өз жауапкершілігіне алады.

«Залалды бағалау туралы қорытынды» арқылы сотқа бармай-ақ жөндеу мен шығындарды өтеу туралы көршілеріңізбен келісуге болады. Бастысы, барлық келісімдер мен олардың орындалуын қағазға түсіру қажет.

Егер көршілер залал орнын толтырғысы келмесе

• Сотқа жүгінетініңізді түсіндіріңіз. Егер іс сотқа жетсе, шешім сіздің пайдаңызға шығарылу ықтималдығы жоғары, онда көршілер тек келтірілген залалды ғана емес, сонымен қатар сот шығындарын да өтеуге мәжбүр болады. Бұл көбінесе көршілерді өз еркімен өтемақы төлеуге итермелейді.

• Егер келісімге келе алмасаңыз, сотқа шағымданыңыз. Мұны e-otinish қызметі арқылы онлайн жасауға болады. Біздің e-otinish қызметін пайдалану туралы нұсқаулығымыз мына сілтемеде.

Қалпына келтіру шығындарын растайтын барлық құжаттарды (жөндеу келісім-шарттары, чектер мен түбіртектер) сақтап қойыңыз. Бұл сотта дәлел болады. Жалпы, сотта куәгерлердің растауы, бейне мен фотосуреттер, су басуы туралы толтырылған акт, бағалаушының қорытындысы, үй-жайларды, жиһаздарды, жабдықтар мен басқа да мүлікті жөндеуге жұмсалған шығындар туралы құжаттар қажет болады.

Сотқа жүгіну мерзімі - су тасқыны туралы білген немесе білуге ​​тиіс болған сәттен бастап үш жыл.

• Өтініш берген кезде келтірілген залал сомасының 1% мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуге тура келеді. Шағымды дұрыс беру үшін сізге заңгердің көмегі қажет, оның ақысы әдетте келтірілген залалдың жалпы сомасының 10% құрайды. Алайда, келтірілген залал 50 мың ₸ аз болса, онда меншік иесі өз талаптарын сотта өз бетінше қорғауы керек. Жалпы сотқа тек келтірілген зала сомасы миллионнан асып кетсе ғана жүгінген жөн. Себебі адвокаттың қызметі қымбат әпі толық өтелмейді. Сондай-ақ сот мұндай дауларды ұнатпайды.

Сот шешімі кінәлілерді келтірілген зиянды өтеуге міндеттейді, бұл ретте сот шығындары да ескерілетін болады (мысалы, сот сараптамасын жүргізу, мемлекеттік баж төлеу, түбіртек қабылдау кезіндегі банк қызметтері, адвокаттық қызмет). Ал моральдық шығынға келсек, оқиғаға байланысты денсаулығының нашарлағаны туралы анықтама болған жағдайда ғана өтемақы алуға болады.

Егер мүліктің иесі жоқ болса (басқа қалада тұрса немесе қайтыс болса, ал мұрагерлері әлі өз аттарына рәсімдемесе), бәрін өз күшіңізбен қалпына келтіруге тура келеді, бірақ болашақта пәтер иесінің шығындарды өтеу міндеттемесі бойынша. Меншік иесін анықтау мүмкін болмаса, заңгерге хабарласып, ол арқылы әділет органдарына сұрау салу қажет.

Қандай заңнамалық баптарға сүйенуге болады:

• ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабының 1-бөлігінде азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктер мен құқықтарына құқыққа қайшы әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілген залалды (мүліктік және (немесе) мүліктік емес) залал келтірген тұлға толық көлемде өтеуі керек. Оқу
• «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 39-бабының 1-тармағында, егер үй-жайдың (пәтердің) меншік иесі ортақ мүліктің қандай да бір бөлігіне немесе кез келген басқа үй-жайға залал келтірсе, өз есебінен келтірілген зиянды жоюы немесе оны жоюға кеткен шығындарды өтеуі керек. Оқу

Егер сіздің кесіріңізден көршілерді су басса

Байланыстан қашпаңыз: мәселеден немесе көршілеріңізден қашудың қажеті жоқ. Жағдайды өз қолыңызға алып, бірінші болып хабарласаңыз.

• Кінәңіз бар ма, жоқ па анықтаңыз. Мүмкін сізді жоғарғы қабаттағы көршілердің кесірінен су басқан шығар немесе қызмет көрсету ұйымы кінәлі шығар (тіректер немесе құбырлар жарылған). Егер кінәлі өзіңіз болсаңыз, мойындаңыз.

Зардап шеккен пәтерге барыңыз. Мәселенің ауқымын түсіну үшін су басқан, зақымдалған жиһаз бен тұрмыстық техниканы қарап, есте сақтап алуға тырысыңыз.

Келіссөздерді бастаңыз. Мәселені қалай шешуге болатынын талқылаңыз. Екі нұсқа ұсынуға болады: жөндеуді өз бетіңізше жасап беру немесе оның құнын өтеу. Талаптардың қаржылық негізділігі мен ақылға қонымдылығын тексеріңіз. Көршіңіз жағдайды пайдаланып, су басу салдарынан бүлінбеген қандай да бір мүлкін сіздің есебіңізден жөндеп алуға тырысуы мүмкін.

Келісімдерді жазып алыңыз: Барлық келісімдердің қағазға бетінде болуы маңызды. Бұл болашақта тараптардың бірі «сіз дұрыс түсінбедіңіз» немесе «біз басқа нәрсе айтқымыз келген» деуі мүмкін түсініспеушіліктерді болдырмауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда оның заңды күші болуы үшін құжатқа «Сотқа дейінгі реттеу» деп атаған дұрыс.

Бөліп төлеу жоспарларын қарастырыңыз. Егер өтемақы мөлшері үлкен болса, ал оны бірден төлеуге шамаңыз жетпесе, бөліп төлеуді ұсыныңыз. Бөліп төлеу жоспарының шарттарын да қағаз бетіне түсіріңіз.

Келісімге келе алмасаңыздар, көршілер сотқа берсін. Сот сіздің кірістеріңіз бен шығындарыңызды ескереді. Құқықтарыңызды өзіңіз қорғай аласыз немесе қорғаушы жалдай аласыз. Сараптаманы талапкер ұсынған ұйым емес, бейтарап тарап жүргізуі керек.

Егер су басу себебі белгісіз болса

Оның себебі шатырда, еден құбырларында немесе кәріз құбырларында болуы мүмкін. Бұл жағдайда залалдың ауқымына байланысты үйдің бірнеше тұрғындарының, кейде тіпті барлығының қатысуы қажет болады. Жиналыс өткізіп, ортақ мүлікті жартылай немесе күрделі жөндеуге қаражат жинау керек.

Егер жылу құбыры жарылып кетсе, онда КСК кінәлі болуы мүмкін. Егер сот сараптама тағайындап, мысалы, құбырдың жарылуы КСК кінәсінен екені расталса, шығынды КСК төлейді. (Бірақ жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы өтінішпен ҚСК-ға хабарлассаңыз, оған кооператив қызметкерлері дер кезінде жауап бермесе ғана).

Дереккөздер: The HODL, Tengrinews.kz, Krisha.kz