Бізде, діни үкімдер мен Ислам ақиқаттарын үйрететін ресми орындар бар. Сенің дін жаюға қандай өкілеттілігің бар. Сен айдауда жүрсің. Олай болса бұл істерге араласуға хақың жоқ.
Жауап: Хақ пен Ақиқат шектеуге келмейді. Иман мен Құранды қалай шектеуге болады. Сендер дүнияларыңның тәртібін, заңын шектеп ретке келтірерсіңдер. Бірақ, Иман ақиқаттары мен Құранның негіздерін ресми түрдегі ақы-пұл төленетін дүнияуи мәселелермен қатар қоюға болмайды. Негізінде, Иләһи жарылқау боп табылатын ондай тылсым-сырлар, таза ниетпен және дүние мен нәпсани қызықтарды қойып, тазару арқылы ашылады. Оның үстіне сендердің сол ресми мекемелерің де елде жүргенімде мені уағызшы деп қабылдап сол қызметке тағайындағанды. Мен уағызшы болуды қабылдадым, бірақ жалақысын алмадым. Қолымда құжатым бар. Уағызшы, имам болып кез-келген жерде қызмет етуге ақым бар. Өйткені, менің жер аударылуым негізсіз болған. Сондай-ақ, жарамсыз деп танылатын құжаттар қайта қаралып, қалпына келуде. Ендеше, бұрынғы құжаттарымның күші жойылған жоқ.