Неліктен Пайғамбар сүннетіне қайшы әрекет жасап бойдақ қалып, үйленбеген?
Біріншісі: Қырық жылдан бері өте қауіпті, дінсіз арамзалардың шабуылына қарсы барлық нәрсесін пида ететін нағыз жанкештілер қажет болған кезеңде Қасиетті Құранның ақиқатына тек бұл дүниелік бақытымды ғана емес, керек болса ақыреттік бақытымды да пида етуге бел байладым.
Тіпті сүннет болып саналатын өткінші дүниелік жар емес-ау, бұл дүниеде он хор қызы берілсе де бас тартуға мәжбүр едім. Өйткені, Құран ақиқатына шынайы ықыласпен қызмет ету қажет болатын. Әлгі қауіпті дінсіз ұйымдар күйрете соққы беріп, айласын асырғаны сондай, оларға төтеп беру үшін асқан жан-кештілік және діни іс-әрекетті Аллаһ ризасынан басқа еш нәрсеге пайдаланбау керек.
Кейбiр бейшара ғалымдар мен тақуа кісілер бала-шағасының қамы үшін бид'аларға, бұлтартпаларға рұқсат етіп, көзін жұмды не болмаса мақұлдаған сияқты көрінді. Әсіресе, діни мектептерді жауып, Мұхаммедтің (Ғ.С.М.) азаны естілмей қалған сол бір қорқынышты да қынжылатын қараңғы күндерде Пайғамбарымыздың бір ғана сүннетін тәрк еттім. Мақсатым көп харамдарға кірмеу, көптеген міндеттер мен парыздарды орындау. Бір ғана сүннет үшін жүздеген күнә істеуге болмайды. Қырық жыл ішінде
бір ғана сүннетті орындаған кейбір ғалымдар, молдалар "ауыр күнәларға батып, харам істер жасауға мәжбүрмін" деп білді. Бір жағынан кейбір сүннет, парыздарды тастауға өздерін мәжбүр санады.
Екіншіден: Құрандағы فَانْكِحُوا مَا طَابَ لَكُمْ және تَنَاكَحُوا تَكَاثَرُوا хадисіндегі амалдарды орындау әркімге әрдайым және міндетті түрде емес. Олар истихбаби яғни үмметті құлшындыру, қызықтыру әрі сүннет әмірлер. Бұлар шарттарға тәуелді. Әркімге, әрдайым емес. Сондықтан уақыт пен жағдайға байланысты. Ал, لَا رُهْبَانِيَّةَ فِى الْاِسْلَامِ "Ислам дінінде монахтарға ұқсап, бойдақ қалу жоқ" хадисінің мағынасы «олай істеу дұрыс емес, харам» деген емес, оның мағынасы خَيْرُ النَّاسِ مَنْ يَنْفَعُ النَّاسَ хадисіне сүйенетін болсақ, қоғамға қызмет үшін, Исламның қоғамға қатысты салт-дәстүрі болып табылатын үйленуге ынталандыру. Әйтпесе, селеф-і салихиндердің яғни, сахаба-табиғиндердің арасында, ақиқат үшін үңгірді паналап оқшауланып, жалғыздық ғұмыр кешкендер уақытша болса да мыңдап табылады. Дүниенің фәни әсемдіктерін тастап, бойдақ қалуының себебі о дүниелік мәңгі өмірге адал қызмет ету. Міне, жеке басының және рухани кемелдігі үшін дүниені тәрк еткендер тарихта болғаны рас. Олай болса, әлбетте жеке бастың қамы үшін емес, ортақ әрі көптеген бейшаралардың мәңгі бақыты үшін, оларды адасудан құтқару, имандарын күшейтіп сақтап қалу, әрі Құран мен Иман ақиқаттарына толық, адал қызмет ету, сондай-ақ, сырттан келген һәм іштен шыққан дінсіз жауларға қарсы төтеп беру үшін өткінші дүниені тәрк ету, әрине ардақты Пайғамбарымыздың сүннетіне қайшы емес, керісінше нағыз сүннетке сәйкес болса керек. Сыддықы-Әкбар Әбу Бәкір (радиаллаһу анх) былай деген екен: "Иманды жандарға орын қалмауы үшін денем Жәһаннамда ұлғайып, толтырып жіберсін". Неткен жанкештілік десеңізші! Оның осындай асқан адалдығына аз да болса ұқсатып бағуға тырысқан мына бейшара Саид дағы өмір бойы бойдақ қалуды және соған қанағат қылды.
Үшіншіден: Рисалей-Нұр шәкірттеріне: "басқалар үйленсе үйленсін, сендер бас тартыңдар",- деп ешқашан айтылған емес, айтылмайды да. Алайда, шәкірттер бірнеше түрге бөлінеді. Кейбіреуі нағыз ықыласты жоғалтпауы үшін әрі нағыз жанкештілік пен табандылық таныту үшін мүмкін болғанша, бұл дүниелік қажеттіліктерден өзін алшақ ұстап, өмірінің белгілі бір кезеңінде тұрмыстық істерге араласпауы қазіргі таңда уақыт талабы болып тұр.
Егер, Құран және Иман қызметінде көмекші бір ханым тауып, үйленсе онда тұрған ештеңе жоқ. Атқарар қызметіне зияны тимесе болды. Құдайға шүкір, мұндай Нұр шәкірттері де жоқ емес. Ханымдары олардан қалысар емес. Тіпті, олар әйел затындағы мейірімділіктен келетін ақысыз, фытри қаһармандық, ақиқи ықылас жағынан күйеулерінен асып түсіп жатады. Нұрдың жетілген шәкірттерінің көбісі үйленіп, ол сүннетті орындаған. Рисалей-Нұр оларға: "Шаңырағың биік, үйің Нұр медресесі болсын.Ілім ордасына айналсын. Сөйтіп, сүннет толық мағынасымен орындалсын. Пайғамбарымыздың сүннетінің жемісі болып табылатын балалар, сендерге ақыретте шапағатшы болсын. Иман дәрісін тыңдап, бұл дүниеде де адал ұл мен қыз өсір!" деп ақ батасын береді. Әйтпесе, соңғы отыз жылда болғаны сияқты, балаға тек "мәдениет тәрбиесі" берілсе, ондай балалар дүниеде ата-анасына қайырымсыз, ақыретте де: "Неге иманымды құтқармадыңдар?" деп жағаға жабысып, даулайтын болады. Мұндай үйлену ардақты Пайғамбарымыздың сүннетіне қайшы".