December 9, 2021

Психолог болғым келеді

Жақсы маман болу үшін, не істеу керегі жайлы бірге талқылап көрейік


Психологтардың арасында "Психология мамандығына өз жанының жарасын емдеуге келгендер түседі" деген миф бар. Егер терапиядан кейін, психологиялық әдебиет, мақала оқығаннан кейін біраз адамның аталған мамандыққа қызыға бастайтынын есепке алсақ, жоғарыдағы сөздің жаны бар ау деуге болады.

Бірақ маңыздысы бұл емес.

Мәселе - жақсы маманды табудың және жақсы маман болып шығудың қиындығы. Бүгінгі ойлар - ол менің жеке тәжірибем. Өз тәжірибемнің негізінде жақсы маман болу үшін не істеу керегін бірге қарастырып көрелік.

Жоғары білім.

Қолыңызға скальпель алмасаңыз да, адамның тәніне, әлеуметтік өміріне үлкен ықпалы бар феноменмен жұмыс істейтіндігіңізден, аталған мәселеге жауапкершілікпен қарау маңызды. Жақсы психолог болу үшін диплом керек пе? Иә, керек. Себебі жалпы психологиядан бастап, клиникалық психология, психодиагностикаға қатысты жетік білімдеріңіз болмаса, клиентке зиян тигізуіңіздің ықтималдығы жоғарылайды. Универ қабырғасында оқуға мүмкіндігіңіз болмаса да, классикалық кітаптардан бастап, заманауи ғылыми әдебиетпен таныс болсаңыз, бұл сіздің жұмысыңыздың сапасын көтерері анық.

Жаныңыздың (психикаңыздың) саулығы

"Сапожник без сапог" болу керек емес қысқасы. Клиент - психологтың айнасы десем, қателеспеспін деп ойлаймын. Клиенттегі сұраныстың кейбірі сіздің кішігірім "таракандарыңызбен" ұқсас болуы мүмкін. Сәйкесінше, олармен қалай өмір сүру керек екенін шешіп алмасаңыз, бұл консультацияның тиімділігіне, сіздің менталды қауіпсіздігіңізге өз әсерін бере алады. Сол үшін психологтың өз психологы болуы маңызды.

Мінсіз психикалық денсаулық деңгейіне жету мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сол үшін, кез-келген жақсы психолог жүйелі түрде өз жеке психологымен жұмысты жүргізіп отырады (үзбей деген сөз емес, әр жағдай индивидуалды).

Екінші жағынан, мұнда да өзіңізге белгілі шек, дедлайн қойып қажет емес. Өз психологыңызбен келісіп, кей жағдайда параллельді түрде терапия мен жұмысты бастап кетуге болады.

Психолог қымбат, жақсы маман табу қиын дегенге қатысты:
Қалауын тапса, қар жанады. Сіз амалын қарастырып бастасаңыз, шешімі шығары анық. Психологтың бір консультациясы 20к+ болғаны, ол ең керемет психолог дегеннің критерийі емес.

Супервизия және тағысын-тағы

Суреттегі бос орындықтар клиенттер үшін емес, психологтар үшін :)
Клиенттің сұранысын қарастырғанда психолог "ақ парақ" болып, клиентті бағалаусыз жұмыс істейм дегенімен, психолог - адам. Сезімдері, жаңағы "өз таракандары" бар дегендіктен, психологқа ситуацияны кей жағдайларда үшінші жақтан қарап көру өте маңызды. Оған супервизия, балинт топтары сынды шаралар көмектеседі. Мұнда клиентке қатысты барлық құпиялық шаралары сақталып, психолог өзге мамандармен отырып, өз жұмысының барысы жайын ақылдасады, өз сезімдерімен жұмыс істейді.

Даму, оқу, тоқу

4 жылдық бакалаврдың дипломымен, не болмаса "коучтың", "психоконсультанттың", жарты жылдық "бір психология саласының" сертификатын алып алып, оқып біттім деген қате тұжырым болады. Біздің мамандық үздіксіз ізденіс пен зерттеуді талап етеді. Себебі, алдыңызға келетін тағдыр мен тарих сан-түрлі. Соған сәйкес қызмет көрсету үшін, біліктіліктің жоғары болуы маңызды.

Не оқимын? Қандай курстан өтемін? Егер еш идея болмаса, қарапайымынан бастаңыз. Тамырын басып көріңіз. Қымбат емес, бір күндік семинарлардан бастаңыз, кейін ақырындап өзіңізге қызық бағыт тобын табасыз.

Шектеу қоймаңыз.

Оқу оқып, техника үйренгеніңізде, тағы қайталаймын: алдыңызға келетін адамның тағдыры мен мінез қырлары, тұлға қырлары сан-түрлі. Сәйкесінше, егер клиентке қолданып жатқан әдісіңіз сәйкес келмесе, ережені кішкене оған бейімдеуге қорықпаңыз.

Қай кезде бұны тәжірибеде қолдануға болады? Білім деңгейіңіз, аталған бағыттағы біліктілігіңізді дамытқан жағдайда, сенімділік пайда болады, фундамент пайда болады. Сонда өз тәжірибеңізге сай өзгерістер енгізуге қажеттілік өзі-ақ пайда болады. Эклектика дейді мұны, қысқасы.

Ең соңғы, ең маңыздысы: қорықпаңыз. Дамыңыз, оқыңыз, өзіңізді зерттеңіз, өзгелерді зерттеңіз, қателесіңіз. Ол да нормально екенін ұмытпаңыз :)