March 6, 2021

Шабыт, мотивация тағысын тағы

Маған психологиялық мастер класс дегендер ұнаңқырамайды) Неге десеңіз, біріншіден, берілетін білім мен дағдылар тар көлемде беріледі, яғни әдетте, оларды сіз білгенмен, практикалық деңгейде аса пайдалана алмайсыз. Екіншіден, керемет мотивация мен шабыт алып шыққаныңызбен, эмм, екі аптадан кейін оның бәрі өшіп қалады. Энтузиазм кетеді, мақсаттар приоритеті төмендеп, "бұйырса болады ғой, ақырындап болады" деген деңгейге түсіп кетеді.

Және бұл тек мастер класс, тренингтерге қатысты емес) Көрген подкастыңыз, тыңдаған эфиріңіз, оқыған кітабыңыз, көрген адамыңыз, қатысқан шараңыз дәл осындай әсер берері анық.

Сонда сұрақ: Шабыт қайда кетеді? Мотивация "ұзаққа шыдауы" үшін не істеу керек?

Бірінші ұғымның табиғатына үңілейік:

Мотивация - статикалық ұғым емес, ол бір орында тұрмайды, және әрдайым динамиканы талап етеді. Егер бір затты істеуге стимулдың қажеттілігі әрдайым расталып отырмаса, дәлелденіп отырмаса, онда сіздің ғажайып миыңыз аталған мақсаттың приоритетте емес екенін ұғып кейінге ысырып тастап отырады, яғни мотивация өшіп қалады)

Ендеше, миыңыздың сіздің саналы түрде керек деп есептеген мақсатыңызды қоқыс жәшігіне лақтырмауы үшін не істеуіңіз қажет? Миға мұны қалай түсіндіруге болады?

Қойылған сұрақта кілтті сөз "саналы түрде". Мақсатыңыздың сана елегінен қаншалықты өткендігін сол мотивацияның түрлеріне орай, талдап көрелік.

  • Біріншіден, оң және теріс мотивация болады.

Мәселен, қызды жігіті тастап кетіп (не керісінше), ол қыз егер мен әдемірек болсам, ол мені тастап кетпес еді, кейін өкінеді деп, өзін күтіп бастаса, бұл мотивацияның теріс түріне келіңкірейді. Жұмыс істейді, бірақ соңындағы қанағаттану жеткілікті деңгейде болмайды. Себебі мотив ашу, қорқыныш, өкініш сынды стимулдардан құралған.

Оң мотивация жақсы нәрсеге талпыныспен сипатталады. Мәселен, егер қазірден болашақта жақсы маман болғым келеді деп, өзіңізге дамуға жан-жақты жоспар құрсаңыз, бұл оң мотивация деуге келеді.

  • Екіншіден, сыртқы және ішкі мотивация.

Мұнда сізге мақсатқа бет бұруыңызға себеп болған нәрселердің табиғатын ұғыну қажет болады. Қарапайым мысалдан бастайық.

Мысалы, оқушы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Мектеп оған ұнамайды, алайда сыныбын жақсы көреді. Достарынан ажырағысы келмейді. Сондықтан іштен жігер тауып, сабақтарын төрт пен беске жабуға талпынады. Мұндағы мотивация - мектепте достарымен тұрақты кездесудің мүмкіндігі.

Егер ішкі мотивация болса, бала бұл оқу орнында оқу оған не беретінін ұғынып, болашаққа керемет түйіндеме жинай алатындығын, мектептен ғылыми жобаларға қатысып, кейін шетелдік керемет оқу орнына түсуге жол бар екенін түсінеді. Сосын өзінің дамуға деген талпынысы оны беске оқуға жетелейді.

Ішкі мотивацияның сыртқы мотивациядан тиімдірек екендігінің дәлелі: қарапайым, бәрі карантиннен онлайн режимге көшіп кеткенде, сыртқы мотивация қанағаттандырылмағандықтан, жаңағы балада оқу үлгерімі төмендеуі ғажап дүние емес. Яғни, сыртқы мотивация ұзақ өмір сүрмейді.

Сыртқы мотивацияға тағы нені жатқызуға болады?

  • Бәрі біледі ғой, мен де білуім керек деп, ағылшын үйренуге тырысу
  • Отырып қалды дейді ғой, деп тұрмысқа шығу))
  • Немесе, Мамам немере керек деді деп әйел іздеу :)
  • Мама мен Папа айтқан оқу орнына түсу
  • Досымен компания үшін, диетаға отыру, жүгіріп бастау
  • Күшті бір оратор, мотиватор, спикерді көр сол сияқты болуға тырысу, соның копиясы болуға тырысу
  • Қоғам берген нормаға сәйкес "тұлға" болуға ұмтылу.
  • Біреуге ұнау үшін, мінезін өзгертуге тырысу және тағысын тағы)

Қысқасы осы сынды мотивация бар екенін көрсеңіз, онда неге шабытым тез өшіп қалады дегеннің жауабы осы жерде деп біліңіз.

Не көп, теория көп, мотивацияның да түрлері алуан. Алайда, жоғарыда айтылған екі мотивацияның түрі түйін шығаруға жеткілікті деп ойлаймын.

Ниет оң болса, шабыт та ұзаққа шыдайды. Сондықтан мотивацияңыз оң болуын қадағалаңыз. Сонда жемісі де тәтті болады.

Не істесеңіз де, өзіңіз үшін істеңіз. Жігерді сырттан емес, ішіңізден іздеңіз. Жүрегіңізді тыңдаңыз. Өзіңіздің ең жақсы нұсқаңызға айналыңыз. Сол кезде жанға жайлылық, көңілге бақыт орнайды.

Өзіңізді тану үшін, көп психологиялық кітап, на на на дегендер аса қажеті жоқ)
"Не сезініп тұрмын? Маған бұл не үшін керек? Бұған жетсем мен не аламын? Мені бұл бақытты ете ме? Бақытты етсе, қалайша бақытты етеді? Нақты өзім үшін керек пе?" деген сынды сұрақтарға жауап іздесеңіз жеткілікті.

Жауап таппай жатсаңыз, онда, иә, есік ашық, психологқа консультацияға келіңіз :) (жасырын жарнама)