April 4, 2021

Мен сені шартсыз сүйемін.

Сен айтқанымды тыңдамайсың, тіл алмайсың, сондықтан сенімен сөйлескім келмейді. (сен мені тыңдамасаң, біз дос бола алмаймыз, мен сені жақсы көре алмаймын)
Неге сен маған гүл сыйламайсың? Басқа қыздар сияқты гүл алуға мен лайық емеспін бе? (мен тек гүл сыйлайтын жігіттің махаббатына сенемін, және менің махаббатым гүлге (басқа материалды дүниеге) сатылады)
Сен орынсыз ашулана бастағанда, қашып кеткім келеді. Сені мүлдем түсінбеймін. (Мен тек көңілді, сабырлы әйелді сүйемін, сен ашуланғанда, мен сені жақсы көрмеймін)

Шартты махаббат сатылады. Шартты махаббаттың құны — өзгенің сіз үшін ыңғайлы мінез-құлқы, өзін ұстауы.

"Мен сені сүйемін, тек сені толықтай қабылдай алмаймын. Сен көбірек қаражат табуың керек, басқа адамдармен араласуыңды шектеуің керек, маған көбірек көңіл бөлуің керек, маған айфон әперуің керек, менің ата-анама ұнауың керек және тағысын тағы. Осы сынды шарттар орындалғанда мен сені өмір бақи сүйіп өтемін."

Оқығанда абсурд көрінгенмен, шын мәнінде біраз адамдардың қарым-қатынасы осындай "дені сау емес формула" негізінде құралады.

"Адамдар неге мұндай "toxic" қарым-қатынас формасын таңдайды?" деген сұраққа психологияда мәселе балалық шақтан бастау алады дейді.

Кішкентайынан "ойыншықтарыңды жина, сол кезде тәтті берем (айтқанымды істесең ғана, махаббат сыйлайм)", "тентек болдың ба, болды, сөйлеспейм, құшақтама мені", "сенің осы тоқсанда бес ала алмағаның маған қатты тиді, мені бағаламайсың (бес алмасаң, мені жақсы көрмейсің)" деген сынды дүниені естіп өскен бала махаббатқа лайық болу керек деп ойлайды.

Бұл ойлар баладағы өзіне сенімсіздікке, бойындағы кей қасиеттерді жек көре бастауға, адамның өзін-өзі қабылдай алмауына алып келеді.

Содан адам ер жетеді, бой жетеді, кейін өзін жөндеуге күші жетпегендіктен, жақын қарым-қатынасқа түскенде, адамдардың махаббатына лайық болуы үшін шарттар ойлап таба бастайды. Махаббаттың берекесі қашады қысқасы.

Ең қызығы, мұндай адам өзін қабылдай алмағандықтан, өзіне сенімсіздік жоғары болғандықтан, кәсіби қарым-қатынаста шарт қойып білмейді :). Жай үйге келгенде, бастығым жаман, әріптесім жаман, бірақ не керек, мен бәріне шыдаймын, себебі бұның бәрі өмірдің заңы дейді. Олар көбіне өмірге ренжулі, бірақ мәселені шешуден қашады. Мұндай адамда "Мен бұған шынымен лайықпын ба?" деген күмән жиірек орын алады.

Махаббатқа шарт қойған адам, бақытқа да шарт қояды. Сәйкесінше, мұндай адамның бақытты болу ықтималдығы төмендейді.

Мұндай шартты махаббат әдетке кіріп кетсе не істеуге болады?

Әрине, балалық шақтан қалыптасқан фундаменттен бір мақала оқып, жаңа фундамент құру мүмкін емес. Оның үстіне шартсыз махаббаттың бірінші шарты — түсінгеніңіздей, өзіңізді шартсыз қабылдай алуыңыз. Өзіңізді жақсы көріңіз, дамытыңыз, өзіңізді сезініңіз, қабылдаңыз.

Екіншіден, мен өзім танитын адамдардың арасында ең дана деп білетін бір адам, маған "Қарым-қатынас саясат емес" деп айтқаны есіме түсіп отыр. Қарым-қатынаста ұтылатын, немесе жеңетін жақ жоқ. Ұтылса, екеуі де ұтылады. Жеңсе, екеуі де жеңеді. Қарым-қатынаста манипуляция керек емес. Керегі: ашықтық, шынайылық, өз-өзіңізді, жұбыңызды алдауға тырыспауыңыз. Бірнәрсе түсініксіз, жайсыздық сыйлай ма? Ондай жай отырып талқылаңыз, сөйлесіңіз. Ұрыссаңыз да, махаббатпен ұрысыңыз.

Үшіншіден, өмірден жақсылықты күту — норма. Жақсы адамға күйеуге тиюді қалау, мінезі көркем жұбайыңыз болғанын қалау, балаңыздың жақсы адам болып өсуін қалау — норма.

Логикалық сұрақ: егер жақындармен қарым-қатынаста махаббат шартсыз болуы тиіс болса, онда бұл қалауларға қалай жетемін?

Жауап қарапайым: сізді адам сүйсе, онда ол сізге жақсылық жасауға талпынады. Сізге махаббатын сыйлағысы келеді. Сіздің қалауларыңызды сезеді, және сізді бақытты еткісі келгендіктен, сол қалауларды орындағысы келеді. Сізді сүйетін адам сіздің махабатыңыздың тілін іздейді. Яғни ниетіңізге орай, бәрі өз ретімен болады.

Ескерту: жоғарыдағы нәрсе "toxic" қарым-қатынаста жұмыс істемейді. Дені сау қарым-қатынас болуы үшін екі жақ та "дені сау" болуы тиіс. Екі жақта шартсыз жақсы көруі тиіс. Егер ол орындалмаса, адам махаббатын сыйлай алмайды.
Ескерту [2]: кез келген қарым-қатынас динамиканы талап етеді. Сондықтан егер жоғарыдағы дүниелер сізге, сіздердің жұптарыңызға қатысы бар екенін ұқсаңыз, айырылысуға асықпаңыз.

Сонымен негізгі түйін — жақыныңызға (балаңыз, жұбайыңыз, бауырыңыз, досыңыз т.б.) махаббатқа шарт қойылмауы тиіс.

Шартты махаббаттың қажеті бар ма?

Баланы тәрбиелеудің мақсаты — оның жеке тұлға болып қалыптасып, өз бетінше өмір сүріп кетуіне жәрдем беру. Өмірде баланы барлық адамдар жақсы көруі, қателессе де, басынан сипауы мүмкін емес нәрсе. Сондықтан, ойын арқылы, тағысын тағы амалдардың көмегімен, балаға шартты махаббатты (шартты қарым-қатынасты) үйреткен абзал.

Себебі шартты махаббатты кәсіби қарым-қатынаста қолданудың қажет бар. Жұмыс барысында бізге қызметтес болуға қатысты шарттар ұнаған жағдайда, біз қарым-қатынасты бастаймыз. Жалақы ұнаса, жұмыс уақыты ұнаса, әлеуметтік пакет көңілден шықса, біз жұмысқа келісім береміз, жұмысқа былайша "махаббатымызды", не болмаса "көңілімізді" сыйлаймыз. Жоғарыда айтылғандай, шартты махаббат пен шартсыз махаббатты ажырата алмайтын адам өзінің "не нәрсеге лайық" екенін білмейді. Сондықтан жеке өмірінде де, жұмысында да проблемалары көп болады.

Сондықтан, екінші түйін: шартты махаббат та керек. Тек бәрі өз орнымен. Тек кәсіби салада, немесе қоғамда.

Бүгінгі күнгі "ойлар" осы.