July 10, 2020

Шпаргалка: олар бізді естуі үшін біз не істеуіміз қажет?

Біз Әлемді қалай қабылдасақ, солай әрекет етеміз.

Біздің жүріп-тұруымыз қоршаған Әлемге деген көзқарасымыз бен қабылдауымызға тікелей байланысты. Сәйкесінше, анасы баласын “бәле”, “басыма түскен бір оңбаған” деп білетін болса, яғни баламен достасуға, оған қарай көпір салуға тырыспаса, баласының ол үшін “проблема” болып қалары сөзсіз. Мұндайда, бірінші кезекте, адамның қабылдауымен жұмыс істеу керек (ол жайында менің бұған дейінгі посттарымнан оқи аласыз). Бүгін сіз бен біз «позитивті дені сау қабылдау» жайында сөз қозғайтын боламыз, яғни аталған жазба жақындарымен қарым-қатынасын дамытқысы келетін, өзімен жұмыс істегісі келетіндер үшін пайдалы болады.

Техника жұрт арасында танымал деседі, атауы – «Мен-хабарлама» (I-message, Thomas Gordon). Құрылымы өте қарапайым. Мысал түрінде түсіндіріп көрейін:

Сабираның қызы екі апта дегенде бірінші рет үй жинауға кірісті. Бала он екіде, үйді жинап бола бергенде, оған құрбысы телефон соғып, онымен ұзақ әңгіме айтып отырып, кіреберістің еденін сүртуді мүлде ұмытып кетеді. Анасы әдеттегідей жұмыстан кешке не тамақ пісірем деп басы қатып, шаршап келіп, кіреберістегі бес баттам шаңды көргенде, ашуы көтеріледі. Бәлкім,бұл уақытта анасы үйде дұрыс демеу жоқ екенін де сезінген болуы мүмкін. Қысқасы, классика.

Енді аталған жағдаятқа «Мен-хабарлама» қолданатын және классикалық маманың жауап реакциясын қарастырып көрейік.

1.    Қарапайым реплика:

«Құдайдың құтты күні осы ғой. Қалай болса солай үйдің ішін сипалап шығып, үйді жинадым дейсің. Тиянақты істейтін күнің бар ма өзі?! Жылына бір жинайсың, оның өзі мынау....» (әрі қарай сіздің қиялыңызға қарай)

2.  Мен-хабарлама:

«Айдана, қазір қатты ашуым келіп тұр. Үйге келсем, есік алдының түрі мынау. Білесің ғой, мен бір кішкентай жерде де шаң қалса, ұнатпаймын. Оның үстіне, мен келгенше жинап қойшы деп өтініп кеттім. Қазір жинасаң, дұрыс болар деп ойлаймын»

Бірінші мысалда жөні жоқ айыптаулар көп. «Тиянақты істейтін күнің бар ма» - абсолютті мағынада айтылып тұр. Ал қыз болса, екі апта бұрын үйді жинап шыққан. Кішкентайынан өтірік-шын былдырлап ән айтқанына ата-анасының қол шапалақтап отырғанына үйренген бала мұндай әділетсіз айыптауға тым сезімтал болары сөзсіз. Оның үстіне баладағы жеткіншектік шақтың әсерін тағы қосыңыз.

Екінші мысалда Айданаға (есім ойдан шығарылған) толық картинаны көру оңайырақ: оған анасына не ұнамай тұр, неге көңіл күйі жоқ, жайдан-жа й, әлде шын ұрсып жатыр ма деп бас қатыру керек емес. Оған анасы ашуын басуы үшін не істеу керек екені түсінікті. Айданаға өзінің қатесін саралау, рефлексия жасау оңайырақ, себебі мүнда жөн-жосығы жоқ айыптаулар жоқ. Оның үстіне анасы баласына не істеу керек екенін (кіреберісті сүрту) соңында айтып түсіндіріп тұр.

Сонымен, ең қарапайым «Мен-хабарламаның» құрылымы төмендегідей:

1.    Мен не сезініп тұрмын?

2.    Бұл сезім менде қашан пайда болды?

3.    Неге мұны сезініп тұрмын?

4.    Мен нені қалаймын?

Яғни сіз сұхбаттасыңызға нақты нені қалайтыныңызды орынсыз эмоционалды репликаларсыз жеткізесіз.

Сәйкесінше, аталған техника тек ата-аналарға арналған деу – қате пікір. Жұмыста, мектепте, универде, үйде т.б. жағдайларда аталған техниканы қолданып көрсеңіз, сонда сізге кикілжің тудырмай, адамдармен тіл табысу оңайырақ болуы тиіс. Немесе дұрыс жеткізілген ақпараттың құдыретімен қаншама шыңдарды бағындыруға боларына көз жеткізеріңіз сөзсіз.

Әзірге тағы оқып ізденіп, қолданып көріңіз. Келесі жолы, бәлкім, мұны іске асырудағы қиындықтар, недей артықшылықтар бар екені жайында әңгімені жалғастырармыз. Әзірге аман-сау жүріп тұрыңыздар :)