Киелі жазбаны қалай тиімді оқуға болады?
(1) Киелі кітапты оқуды бүгіннен бастаңыз.
Кез-келген нәрсені жасаудың жалғыз жолы – оны жасау. Киелі кітапты оқуда дәл сол сияқты – оны шынымен зейін қоя оқу керек! Бұл дегеніміз алдыңызға тек мақсат қою, шешім қабылдау, ниеттену немесе ол туралы ойлану ғана емес, ол сізді тек бір қадам алға жылжытады. Сіз оны шын мәнінде оқуыңыз керек. мұнда қандай да бір оңай жол жоқ. Сиыну да сол сияқты. Киелі кітапты өзіңіз оқи алмайтын болсаңыз, біреудің оқып беруін сұрасаңыз болады. Есту арқылы болсын, көріп оқу арқылы болсын, қалай да Құдай сөзі сіздің санаңызға жетуі тиіс.
(2) Екіншіден, Киелі кітапты шын ниетпен түсінуге тырысып оқыңыз.
Бастысы Кітаптың бірнеше парағын ашсам болды, оқығанымды түсінуім соншалықты маңызды емес деп ойламаңыз. Кейбір жетесіз адамдар күнге бірнеше парақты аударса, бұл істі жасадым деп санайды, бірақ оларда не айтылғаны туралы түсінік жоқ, олар тек «бетбелгіні» бірнеше параққа алға жылжытуды ғана ойлайды. Мұндай жаман әдет Киелі кітапты оқуды белгілі бір рәсімге айналдырады. Бұл поптардан белгілі бір дұға сөздерін («Аве Мария» немесе «Отче наш») жаттап алып, оны бірнеше рет қайталау арқылы діни нәрселерді (индульгенция) сатып алғандай жаман нәрсе. Бұл, көршілеріне жұбату сыйлағанын көрген бір байғұс африкандықтың голланд тілінде жазылған мәсіхшілік әндер жинағын жеп қойған оқиғасын еске түсіреді. Есіңізге жақсылап сақтап алыңыз! Ұғынусыз оқылған Киелі кітап сізге ешқандай пайда әкелмейді! Оқу барысында үнемі өзіңізге «Бұл жерде не туралы айтылып тұр? деп сұрақ қойыңыз. Алтын қазып жатқан адамдай оның мәнін түсінуге барынша тырысыңыз.
(3) Үшіншіден, Киелі кітапты баланың сеніміндей сеніммен, төзімділікпен оқыңыз.
Құдай Сөзін ашқанда жүрегіңізді де ашыңыз және «Ием, құлың тыңдап тұр, не айтасың!» деп айтыңыз. Ұнаған ұнамағанына қарамай әрбір айтылған шындықты ықыласпен қабылдауға шешім қабылдаңыз. Киелі кітаптың кейбір оқырмандары сияқты, өздеріне ұнайтын доктринаны қабылдап, өзіне немесе туыстарына, достарына ұнамайтын әщкерелеулерді қабылдамайтын жаман әдеттен аулақ болыңыз. Киелі кітапқа деген мұндай көзқарас пайдасыз! Құдай Сөзінде не болуы керектігін айтатындай біз кім едік? Біз Құдайдан артық білеміз бе? Есіңізде болсын! Киелі кітапта айтылғанның бәрін қабылдап, бәріне сенуіңіз керек! Ақылыңызбен түсіне алмайтынды сеніммен қабылдаңыз. Сиынған кезде сіз Құдайға айтасыз, Ол сізді тыңдайды, ал сіз Жазбаны оқыған кезде Ол сізге сөйлейді, ол кезде сіз Оған ештеңе айтпайсыз, тыңдайсыз, соны ұмытпаңыз!
(4) Төртіншіден Киелі кітаптың сөзіне бағынуға және оны өміріңізге пайдалануға дайын болып оқыңыз!
Киелі кітапты оның ережелері бойынша өмір сүруге, барлық мәлімдемесіне сүйеніп, бұйрықтарын орындау үшін күнде оқып зерттеңіз. Кезекті тарауды оқи отырып, оның мазмұны сіздің ақыл-ойыңызға, іс-әрекетіңізге қалай әсер ететіні туралы ойланыңыз. Киелі кітапты бос қызығушылық үшін немесе академиялық зерттеу тұрғысынан оқып басыңызды теориялық идеялармен толтыру еш нәтиже бермейді, себебі ол кітаптың жүрегіңізге, өміріңізге әсер етуіне жол бермейді. Киелі кітапты оқу оны іс жүзінде қолданғанда көп пайда әкеледі.
(5) Бесіншіден, Киелі кітапты күнде оқыңыз.
Құдай Сөзінің күнде бір бөлімін оқуды өзіңізге ереже етіп қойып алыңыз және сол оқығаныңыз туралы ойланыңыз. Тәніміздің тамақ пен киімді күнде қажет ететіні сияқты жанымызда күнделікті рухани азыққа, яғни жеке рақым құралдарына мұқтаж. Кеше жеген түскі ас қызметшіні бүгін қоректендірмейді, ал бүгінгі тамақ оған ертеңге қорек болмайды. Шөл даладағы исраилдықтар сияқты әрекет етіңіз. Күнде таңертең өзіңізге жаңа «манна» жинаңыз. Сол үшін уақыт бөліңіз. Үстіртін оқымаңыз және асықпаңыз. Киелі кітапқа уақытыңыздың ең жаман бөлігін емес, ең жақсы бөлігін арнаңыз! Жоспарыңыз қандай қауырт болса да, Құдай Сөзі мен Оның рақымына уақыт бөлуді өзіңізге ереже етіп белгілеңіз.
(6) Алтыншы, Киелі кітапты толығымен, рет-ретімен оқыңыз.
Кейбіреулер Құдай Сөзінің көптеген бөлімдерін ешқашан оқымаған болар деп қорқамын. Бұл төмендетіп айтқанда, өз-өзіне сенушілік болып саналады. «Жазбаның барлық бөлімі...пайдалы» (2Тимотеге 3:16). Дәл осы жаман әдеттің кесірінен, шындықты біздің заманымызда терең ұғынудың болмауы үйреншікті жағдайға айналды. Кейбір адамдардың Киелі жазбаны оқуы «сарқыт»жинағандай әсер береді. Жазбаны күнделікті, рет-ретімен оқу олардың санасына да кірмейтін сияқты. Бұл үлкен қателік. Әрине, ауру немесе қайғы кезінде Жазбаның осы жағдайға қатысты жерлерін оқуға болады. Бірақ мұны мен ерекше ескеретін жағдайлар ретінде қарап, негізінен Жаңа Өсиетпен Көне Өсиетті қатарластырып оқығанды және әрқайсысын басынан аяғына дейін оқып, содан соң қайта басынан бастап оқу салыстырмалы түрде ең дұрыс тәсіл деп санаймын. Бұл әрине әркімнің өз ұстанымы болуы керек сұрақ. Мен қырық жылға жуық уақыт бойы Киелі кітапты осы жоспар бойынша оқып келемін және оны өзгертудің ешқандай қажеттілігін көрмедім.
(7) Жетінші, Киелі кітапты оқуда объективті және шыншыл болыңыз. Барлығын тура, айқын, мағынада түсінуге шешім қабылдаңыз және барлық басқа шұбалаңқы түсіндірулерге үлкен күдікпен қараңыз. Жалпы ереже ретінде мынаны алыңыз: Киелі кітаптағы бұл аят қарапайым мағынада нені білдіреді, ол дәл соны білдіреді! Сесилдің ережесі сізге көмектеседі: «Жазбаны түсіндірудің дұрыс әдісі – оны қандай да бір теологиялық жүйеге бейімдеуге тырыспай, қалай жазылған болса солай қабылдау».
(8) Киелі кітапты оқығанда назарыңыз үнемі Иса Мәсіхте болсын. Бүкіл Жазбаның басты және ең үлкен мақсаты – Мәсіхке куәлік беру! Көне Өсиеттік рәсімдер – Мәсіхтің көлеңкесі. Көне Өсиеттік құтқарушылар – Мәсіхтің протиптері. Ескі өсиеттегі пайғамбарлық сөздер оның көретін азабы мен алдағы көрінетін даңқы туралы айтады. Оның бірінші және екінші келуі, Иеміздің өлтірілуі және Оның даңқты Патшалығы, Айқышы мен патшалық тәжі, мұның бәрі Кимелі кітаптың барлық жерінде жарқырай көрінеді. Киелі Жазбаны дұрыс түсіну үшін осы бағыттаушы жіптен айырылмааңыз!
Әрине мүмкіндік болса, бұл кеңестерді кеңейте түсуіме болар еді, бірақ мұндай қысқа да нұсқа берілген осы кеңестерімді ұстанып орындайтын болсаңыз, соның өзі сізге аса пайдалы болады.
Джон Райл