July 7, 2020

Рухани кітаптар сіздерді күтуде!

Ең кішісінен - бір кітаптан баста!

Адамдар кітаптарды неге оқымайды?

Себептері: уақытым жоқ, рухани кітапты оқуға қызығушылығым жоқ, тек Киелі кітапты оқу - маңызды, рухани кітаптарды оқудың рухани өсуіме көмегі аз.

Осындай ойлар мәсіхшілер арасында қалыптасқан жағдай, әрі осылай ойлайтындар осы түсініктерімен басқа да сенушілермен бөлісіп отырады.

Кітаптарды неге оқу керек?

Рухани сөз байлығымды көбейту үшін, рухани өсуге мәсіхшілердің тәжірибесі көмектеседі, айналамдағы адамдарға ізгі хабармен бөлісуге көмегі тиеді, сенімдегі бауырлардың басынан кешкені мен рухани тәжірибесі сенімді нығайтады, Құдайдың кереметтерін оқу арқылы тамсанып Құдайға мадақ айтуға мәжбүрлейді.

Рухани кітаптарды оқу Киелі кітапта түсінбей жүрген аятттарды түсінуге көмектеседі, әрі күнделікті өмірде пайдалануға итермелейді.

Рухани кітаптарды оқу күәлігім

Мен өзім рухани кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Ең алдымен таңертең таңғы ас ішпес бұрын, күнде Киелі кітап оқимын. Бұл менің қағидам. Сосын барып, рухани кітаптарды оқи бастаймын, әсіресе, үйде болғанда солай істеймін.

Ал жұмыста болғанда әдетте рухани кітапты түскі астан кейін оқимын. Құдай маған керемет мүмкіншілік берді - менің жеке өз кабинетім бар, арасында уағыздар тыңдаймын.

Мен тек жұмыста, немесе үйде ғана емес, жолға шыққанда да, әсіресе пойызда көп оқимын. Маған мәсіхшілердің өмірбаяны қатты ұнайды.

Мысалы: бірде мен автобуста рухани кітап оқып отырған едім. Бір адам қасымда тұрып тұрған еді. Мен сол кезде оқыған кітабымның аты дәл қазыр есімде жоқ. Ұмытпасам, “Как быть угодным отцом” деген кітап, бала тәрбиесі жайлы кітап еді. Мен сол кезде Есік қаласынан Алматыға келе жатқан едім. Алматыға дейін ол адаммен жақсы сөйлестік. Осылайша, Құдай Өз сөзімен бөлісуге мүмкіншілік берді. Оған мадақ болсын!

Осы жылдың басынан, дәл айта алмаймын, мүмкін он шақты кітапты бітірген шығармын. "Дыра в нашей святости", "Война слов - проблемы общения", "Небесные искры не гаснут", "Разрушенный дом", тағы басқа.

Қазір оқып жатқан кітаптарым - "Орудия благодати в руках Искупителя", "Возлюбите чистое словесное молоко".

Тағы да айтарым, егер оқып жатқан кезде маған ұнаған цитаталар, сөздер бар болса, сол жерлердің астын сызып кетемін. Егер уағызға керек сөздер, мысалдар болса өзімнің күнделігіме жазып қоямын. Қандай рухани қызметтерде болсаңдар да рухани кітаптарды оқу арқылы өздеріңе рухани багаж жинайсыздар демекпін.

Рухани кітаптарды оқып қана қоймай, басқа бауырластармен бөлісу арқылы жігерленесіздер. Біздің қауымда бір әйел бауыры болған. Қазір Әкемізге кеткен. Сол бауырласым екеуміз бір-бірімізбен тек оқыған кітаптар туралы бөлісетін едік.

Енді бауырластар, жақсы рухани кітаптарды оқуға шақырамын. Бұл Иемізге мол рухани жемістер әкелуге септігін тигізеді деп сенемін.

Бір кітаптарды бастап, оқымай тастап кеткен болсаңыздар, бүгін қайтадан бастап оқуға уақыт бар. Ол үшін сиыну да қажет. Рухани кітаптарды оқығанды жақсы көретін бауырластарды тауып алсаң, нұр үстіне нұр болады демекпін. Осы адамдармен бір тақырыпта сөйлесуге мүмкіншілік болады.

Іске сәт бауырластар! Рухани кітаптар сіздерді күтуде.

Самсаденов Асхат. Ақтау қаласы.

https://t.me/ruh_zhan