October 17, 2020

Киелі кітап іліміне сай жан бағушылықтың басқа әдістерден айырмашылығы қандай?

Киелі кітап іліміне сай жан бағушылық пен қауымда кеңінен қолданылып жүрген басқа әдістердің арасында қандай айырмашылық бар?

Алдымен сұрағымыздың екінші жартысын қарастырайық. Бүгінгі таңда жан бағушылықтың қандай әдіс-тәсілдері қауымда кеңінен қолданылуда? Қауымда қолданылатын жан бағу тәсілдеріне сан жетпейтіні айдан анық. Оны Киелі кітаптағы метафораға икемдеп «құм қиыршықтарынан да көп» деп сипаттауға болады. Сіз өз мәселеңізді қалай шешесіз және дұрыс емес нәрсені қалай түзейсіз? Сіз өз отбасыңызда алған тәрбиеңізге қатысты сезімдерді анализдеуге тиіссіз бе? Өз сезімдеріңізге қарамастан Құдайдың бұйрығын орындайсыз ба? Өз сезімдеріңізге құлақ асасыз ба? Өз қажеттіліктеріңізді қамтамасыз етесіз бе? Антидепрессант қабылдауға қалай қарайсыз? Еңбек демалысын аласыз ба? Өз өміріңізді өз қолыңызға алып, өз шешімдеріңіз үшін жауап бересіз бе? Сіздің жан дүниеңіздің операциялық жүйесіне (компьютер тілінде, қарапайым тілде: жұмыс жүйесі) еніп алған жынды қуып шығасыз ба? Өзіңіз жайында жағымсыз үкімдерді жағымды пікірлерге айырбастайсыз ба? Өзіңіздің Мәсіхтегі жаңа болмысыңызды жариялайсыз ба? Ораза ұстап, сиынудың уақытын белгілеу қажет деп табасыз ба? Құдайдың берген уәделеріне нық сүйенуге қалай қарайсыз? Есеп беру үшін серік табуыңыз керек пе? Физикалық жаттығулар бағдарламасына қосылып, эндорфирондар серпілісін шақыру үшін кофеин қолданудан бас тартуыңыз қажет пе? Бар күш-қайратыңызды жұмсап өмір сүру керек пе? Бәріне шыдап, өзіңіз жайында көп уайымдауды қою қажет пе?

Болмаса бұл сұраққа басқа жағынан қарап көріңіз. Сізге кім көмектесе алады? Психатерапевтке он рет бару керек пе? Рухани жетекшіңізбен жеке уақыт өткізу қажет пе? Дәрігерге барасыз ба? Жындарды қуатын адаммен кездесесіз бе? Жеке жаттықтырушы жалдайсыз ба? Апта сайын жиналатын қолдау көрсету тобына қосыласыз ба? Терең мағыналы уағыз тыңдап, Құдаймен жеке қарым-қатынаста уақыт өткізесіз бе? Жаңа достар табасыз ба?

Ары қарай осындай тізім жалғасып, бірған сайын күрделене береді, өйткені аталған әрекеттер мен адамдар өзара әрекеттесіп, орын ауыстырып, сансыз нұсқалар мен әдіс-тәсілдерді құрайды. Жан бағу саласы соншалықты мазасыз, пішімсіз, өзгермелі болмағанда, бәрі осынша күрделі болмас деп ойлайсыз. Әуестік, заманауи үлгілер мен топтар келіп-кете береді. Емделу теориясы мен әдіс-тәсілдері өзгереді, бірігеді, жаңа кейіпке ие болып, қайтадан жаңа түрде ойлап шығарылады. Қашан да өзінен бұрынғылардың кемшіліктерін қайталамайтын жаңа бестселлерлер мен емделудің еш мінсіз құралдары пайда болады.

Сіздің сұрағыңыздың әлі бірінші жартысы бар. «Киелі кітап іліміне сай жан бағушылық» деген не өзі? Жоғарыда тізілген тұлғалар мен әдіс-тәсілдердің басым көпшілігі қауым кейпіне еніп, Киелі кітапқа сай немесе мәсіхшілік деген атауға ие болуға талпынады. Оны айтпағанда, Мәсіхтің атын жамылып жүрген ешбір адам өзінің «Киелі кітапқа сай емес жан бағушылықпен» айналысып жүргенін мойындамайды ғой.

Сонымен, осындай ауқымды сұраққа қандай дана жауап таба аламыз? Киелі кітап іліміне сай жан бағушылықтың барлық жағын қамти алатын қандай дана тәсілді таңдасақ болады?

Жан бағушылықтың барлық әдіс-тәсілдерінің тізімін жасаудан гөрі Киелі кітапқа сай әдістің негізгі сипаттамаларын қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Төмендегі төрт сұрақ сізге жан бағушылықтың кез келген әдісін толық әрі дәйекті сыннан өткізуге мүмкіндік береді. Сонда сіз кез келген үлгіні қалай анализдеу керек екеніні білетін болсаңыз, жан бағушылықтың өз қауымыңызда кеңінен қолданылып жүрген әдістің артықшылықтары мен кемшіліктерін нақты бағалай аласыз.

Біріншіден, Құдай қандай кейіпте сипатталады? Біздің адамға тән күнә мен уайым-қайғы туралы түсінігіміздің бастапқы себебі Киелі жазба арқылы ашылатын Құдай ма? Біздің жан бағу арқылы жетуді көздейтін мейірімділік, мүмкіндіктер мен баталар жайында түсінігіміздің негізі Құдай ма? Атап айтқанда, сондағы Иса Мәсіхтің маңызы мен рөлі қандай? Жан бағудың бұрыс әдістері ешқашан Мәсіхті маңызды орынға қоймайды. Олар Мәсіхті мүлде назардан тыс қалдырады, немесе біздің қарамағымыздағы адамдардың Оның тұлғасы жайында түсінік-танымдарын асқан ептілікпен өзгертіп жібереді. Бірақ Өзінің алдында бәрін тізе бүктіретін күнәкарлардың Құтқарушысы, шаршап-шалдыққандардың Қорғаны, барлық жүректерді тексеруші Өзіне тиісті құрмет көрсетуді талап етеді. Киелі кітап даналығы барлық адами сұрақтарды осы Құдайлық көзқарас тұрғысынан қарастырады.

Екіншіден, адамның табиғи болмысы қалай суреттеледі? «Қазіргі әрекетіңнің себебі не?» – деген ең басты сұрақтың жауабы адамның іс-әрекетінің себебіне қандай анықтама береді? Атап айтқанда, барлық ойлар мен іс-әрекеттер арқылы Құдаймен үздіксіз белсенді байланыс жасалатыны анық көрсетіле ме? Мына дүниелік ДНК тұқымдарын себетін жан бағушылықтың бірде-бір әдісі іс-әрекет себебінің нақты теориясын ашып көрсете алмайды. Әр адамның жүрегі не өтірік пен тәни құмарлықтарға қызмет ететіні, не Тәңірімізді сүйетіні (барлық жағдайда, кез келген сәтте) жайында анық айтыла ма? Әрбір істің, әрбір әрекеттің, ой мен эмоцияның Құдаймен байланысты екені анық айтыла ма? Егер сіз адам жүрегін дұрыс түсінбейтін болсаңыз, онда сіздің жан бағу әдісіңіздің мақсаты да дұрыс емес; сіз адамның қандай болуы тиіс екенін түсіне алмайсыз; өзіңіздің жетістігіңізді дұрыс бағалай алмайсыз. Жан бағушылықтың бұрыс әдістері адам жүрегін қашан да дұрыс тани алмайды. Олар жалған теориялар құрып, мәселелеріміздің себебі жайында алдамшы түсініктеме береді. Мысалы, қамтамасыз етілмеген қажеттіліктер, қарама-қайшы инстинкттер, шартты себептер, генетикалық байланыс, биохимиялық үрдістер, ерік күшінің жоқтығы, зиянды әдеттер, түзетілетін надандық... – осылардың бірде-бірі шынайы себепті ашып көрсете алмайды. Киелі кітап даналығы адамның барлық мәселелерін: «Сен дәл қазір кімді жақсы көресің, кімнен қорқасың? Кімге сенесің және кімге қызмет етесің?» – деген сұрақ тұрғысынан қарастырады.

Үшіншіден, адамның жағдайы қалай бағаланады? Өзімізді қоршаған көрініс, яғни қысым жасайтын, әсерін тигезітен нәрселер мәселелеріміздің басты себебі ретінде қарастырыла ма? Немесе оны себеп емес, Құдай жол берген жағдай ретінде қабылдаған дұрыс па? Сонымен қатар, бәрімізге ортақ мәселенің бір ғана ұшына тіреліп алып, оны барлық мәселелердің кілті деп қабылдауға бола ма? Олай болса, өткенді қарастырамыз ба, қазіргі шақты ма, әлде келешекті ме? Ол әлеуметтік байланыстардың, физикалық дененің не жындардың әсері ме? Жан бағушылықтың бұрыс әдістері бізді қоршаған әлемді ешқашан дұрыс қабылдай алмайды. Сол әдістердің басым көпшілігі бәрімізге ортақ өмірлік жағдайдағы бір ғана құрауышты маңызды орынға шығарып қояды. Мысалы: «Ата-анаңыз сіздің сүйіспеншілікке деген және өзіңізді жоғары бағалауға деген қажеттіліктеріңізді толық қамтамасыз етпегендіктен, сіз теңгерімсіз тамақтанасыз», «Тамақ туралы тоқтаусыз ойлауыңыздың себебі – тәуелділік рухы сіздің жан-жүрегіңізге мықтап бекініп алған», «Сіздің теңгерімсіз тамақтануыңыздың себебі – гендік жағынан қайталанатын әрекетке бейімділік» – деген сынды мәлімделердің барлығы бір-біріне пара-пар келеді. Мүмкін, ата-анаңыз сізді шынымен де жеткілікті мөлшерде жақсы көрмеген шығар; шайтан сізді айналшақтап жүрген болар; сіз шынымен де гендік жағынан шартталған, басқа адамдардан өзгеше бейімділікпен туылған шығарсыз. Бірақ бұлардың ешқайсысы да шешуші мәлімдеме бола алмайды. Киелі кітап біздің жағдайымыздың ешбір құрауышын назардан тыс қалдырмайды және олардың әрқайсысын тиісті мөлшерде маңызды деп санайды, бірақ ең соңғы шешім жүрекке байланысты деп біледі.

Төртіншіден, жан бағу құралдары мен мақсаттары қалай түсіндіріледі? Мұндағы мақсат – күнәкар адамды Иса Мәсіхтің рақымының күшімен қайта қалпына келтіріп, жанын емдеу. Ол абыржығандарды жұбатып, сабырлыларды абыржытуға талпына ма? Ол біздің күнәларымызды өзгертуге және уайымдарымызды сейілтуге бағытталған ба? Жан бағушылықтың мәні бағушылық қызметте ме? Жан бағудың бұрыс әдістері оның мәнін дұрыс емес етіп көрсетеді. Жан бағушы жағдайды айқындау үшін археолог сияқты біздің өткеніміз бен ішкі дүниемізді қазады; ой-санамыз бен іс-әрекетімізде ненің толық жұмыс істемей тұрғанын механик сияқты ескертеді; жаттықтырушы сияқты табысты өмір ойынының жоспарын құрып, соған сай болуға итермелейді; дос ретінде қандай болсаңыз, сізді сол қалпыңызда қабылдайды; ата-сияқты сүйіспеншілікке деген психологиялық қажеттілігіңізді қамтамасыз етеді; философ сияқты шындыққа ұқсайтын Құдайсыз өмірге түсігіктеме береді; өзіңізді жақсырақ сезінуіңіз үшін дәрігер сияқты дәрі-дәрмек белгілейді; т.с.с. Киелі кітап даналығы жан бағушылықты Иса Мәсіхтің ақиқаты мен рақымының құтқарушы күшінің қызметі ретінде қарастырады. Шынайы айқындылық, өзгерістер, қолдап-қолпаштау сияқты басқа да түрлі әрекеттер осы байланыстың ішінде пайда болады.

Біз үшін сондай маңызды нәрсені ажырата білуге көмектесетін төрт сұрақ, міне, осылар. Бірақ, менің ойымша, осы ақиқаттар шеңберінде ойлануды үйренсек, бойымызда тамаша өзгерістер орын ала бастайды. Киелі кітап ілімін ұстанатын дана бағушы, жан емдеуші деген атқа шынымен лайықты жан бағушы ретінде даналығыңыз арта түседі. Мына дүниелік даналықтың құлағыңызға сыбырлап жатқанын, сөйтіп сіздің таңдауыңыз, адалдығыңыз, қызметіңіз бен адамдарыңыз жөнінде қандай ой салуға тырысқанын түсіну қабілеті де артатынын байқайсыз.

Дэвид Поулисон

Осы мақаланың ағылшын тіліндегі түпнұсқасы мына сайтта жарияланған: http://www.9marks.org/ejournal/what-distinguishes-biblical-counseling-other-methods