August 12, 2020

Міндеттемелер, билік және кедейлер

... мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік! Ғал. 6:10

Кедейлерге көмектесуге шақыратын Киелі кітапта айқын бұйрықтар да, уәждер де бар.

Заңды қайталау кітабының 25-тарауында айтылған бірнеше өсиеттер мен Құдай бұйрықтарының тұтас жиынтығын еске түсіруімізге болады: «...жарлы - жақыбайларға қолдарың әрдайым ашық болсын» (Заң. 15:11). Бұл туралы Әйүп (31-29) кітабындағы мәтін де айтады, бұл Әйүптің мұқтаж және қысылған адамдарға ашық жүрегін көрсетеді, сондай-ақ 34 Забур мен 14 астарлы әңгімеде Құдайдың кедейлерге ерекше қамқорлығы туралы айтылады.

Біз сондай-ақ Исаның әлсіздерге, шаршағандарға және дәрменсіздерге қалай аяушылық білдіргенін білеміз (Матф. 9:35-36). Алғашқы қауымдардың мысалын қолдана отырып, кедейлер мен езілгендердің (Елш. 4:34-35; 11:30; Ғал. 2:10) мұқтаждықтарына қамқорлық жасау сенушілердің басты басымдықтарының бірі деп санағанын көреміз. Киелі кітап көбінесе бір-бірімізді сөзбен ғана емес, жомарттықты сүйіспеншілікпен танытуға және бір-бірімізге материалдық қолдау көрсетуге шақырады (Жақ. 2:15-17; 1 Жохан. 3:16-18). Тіпті Құдайдың сөзі мен дұғасына қызмет етуге арнаған қауым қызметкерлері де Пауылдан әлсіз адамдарға көмектесу туралы бұйрық алды (Елш. 20:35).

Бірақ қалай?

Мүмкін сіз: «Жарайды, мен мәсіхшімін. Құдай кедейлерді де назарынан тыс қалдырмайтынын білемін. Мен де оларға көңіл аударуым керектігін білемін. Көңіл аударамын да. Бірақ мен оларға қалай қамқорлық жасай аламын?» деп ойлануыңыз мүмкін.

Кедейлерге қалай көмектесуіміз керек?

Бұл мәселе өте күрделі. Мәсіхшілер «кедейлерге қамқорлық жасау» немесе «кедейлерге көмектесу» керек деп айту өте оңай, және бұл ұстаным Киелі кітапқа сәйкес келеді. Бірақ мұндай фраза толығымен дұрыс болса да, бұл мәселенің тереңдігін мүлдем көрсетпейді. Біздің ғасырда WiFi-жүйесінің қол жетімділігі мен қарапайымдылығы планетадағы кез-келген жерде кез-келген адаммен бізді байланыстыра алатын кезде, ең алдымен кімге қамқорлық жасау керектігін және оны қашан көрсету керектігін қалай анықтауға болады?

Егер мәсіхшілер кедейлерге көмектесуге шақырылса және шыныменде міндетті болса, бұл бәріне, барлық жерде, бірдей дәрежеде және кез-келген жағдайда көмектесуіміз керек дегенді білдіре ме? Кедейлерге көмектесу үшін өз міндеттерімізге қалай қарауымыз керек?

Менің ойымша, бұл сұраққа жауап ретінде бізге екі маңызды қағида көмектесе алады.

№1 ҚАҒИДА: БІЗ ЕҢ АЛДЫМЕН БІЗГЕ ЖАҚЫН АДАМДАРҒА КӨМЕКТЕСУІМІЗ КЕРЕК.

Жалпы, кедейлерге көмектесу міндеті назар аударуымыз қажеттілігін көрсететін шеңберлер ретінде қарастырылуы керек.

а) Шеңбердің қақ ортасына бізге ең жақын адамдар, біздің отбасы мүшелері орналасқан. «Туысқандарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман». (1 Тим. 5:8). Балаларыңызға көмектесу мүмкіндігіңіз бола тұра (егер олар жалқау болмаса) көмектеспесеңіз, бұл сіздің сенбеушілерден еш айырмашылығыңыз жоқ екенін білдіреді. Қажетті мүмкіндіктеріңіз бола тұра қартайған, дәрменсіз ата-анаңызды елемейтін болсаңыз, бұл сіздің Мәсіхтен бас тартқаныңызды көрсетеді.

б) Шеңбердің келесі бөлігінде қауымдық отбасымыздың мүшелері болады. Принцип бірдей болып қалады: табиғи отбасының қажеттіліктеріне қамқорлық жасау міндеті сияқты, рухани отбасы мүшелеріне де қамқорлық жасауымыз керек. Жаңа өсиет қауым мүшелеріне көмектесу туралы бірнеше мысал келтіреді және көбінесе жергілікті қауымдарда (Елш. 2:45; 4:32-37; 6:1-6; Жақып. 2:15-17; 1 Жохан. 3:16-17). Егер біздің қауымда қиындыққа тап болған сенуші адам болса, бізде оған қажетті құралдар бар болса, бірақ біз бұл адамға көмектесу үшін ештеңе жасамасақ, онда бізде Мәсіхтің шынайы махаббаты жоқ немесе Мәсіхті мүлдем білмейтіндігімізді көрсетеміз.

в) Үшінші шеңберде мәсіхші отбасының мүшелерінің бізге онша жақын емес қажеттіліктері бар. Біз әлі де бауырларымызға қамқорлық жасауымыз керек, алайда бұл қажеттіліктер киелі кітаптық қағидалардан қашықтаған сайын ол аса маңызды болмайды. Осылайша, Қорынттықтарға екінші Жолдауының 8-9 тарауларында Пауыл Ахаяның сенушілері Македонияға сенушілерді жомарттықпен қолдауын қалайды, алайда ол бұл тілекті бұйрық түрінде білдірмейді (8:8) және қайырымдылықтың нақты сомасын айтпайды (9:5).

г) Соңғы, сыртқы шеңберде бүкіл әлемдегі сенбеушілердің қажеттіліктері бар. Қауым барлық адамдарға жақсылық жасауға әлі де дайын болуы керек, бірақ бұл қолдау мәсіхшілерге көрсеткеннен гөрі міндеттірек болып табылмайды, оны мүмкіндігіне қарай көрсеткен дұрыс. «Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!» (Ғал. 6:10).

Тағы бір жағдайды ескере кетуіміз керек. Кейде біз соншалықты айқын, шұғыл қажеттілікке кезігеміз және өзімізде осындай ерекше жағдайға тап боламыз, сондықтан біз бұл жағдайда көмекке мұқтаж қандай адам болса да көмектескеніміз дұрыс: отбасы мүшесі, қауым мүшесі немесе мүлдем бейтаныс адам. Қарым-қатынастың туыстық немесе жақындығына қарамастан, мұнда басты рөлді қажеттіліктің «жақындығы» атқарады және оны елемеуге болмайды. Иса мейірімді самариялық туралы(Лұқа 10:25-37) және бай мен Елазар туралы астарлы әңгімесінде осыны айтқысы келген болуы керек. (Лұқа 16:19-31). Егер біз батып бара жатқан баланы көрсек, дереу әрекет етуіміз керек. Шөл далада біреудің көлігі тоқтап қалса, көмек қолын созуымыз абзал. Бұл шеңберлер көмек көрсетудің негізгі принциптерін есте сақтау үшін пайдалы, бірақ оларды осы жерде және қазір әрекет ету қажет болған кезде әрекетсіздікті ақтау ретінде қолдануға болмайды.

№2 ҚАҒИДА: ЕҢ АЛДЫМЕН, БІЗ ӨЗІНЕ ӨЗІ ЕҢ АЗ ДӘРЕЖЕДЕ КӨМЕКТЕСЕ АЛАТЫН АДАМДАРҒА ЖӘРДЕМДЕСУІМІЗ КЕРЕК.

Мұнда біз жауапкершілікке қатысты назар аударуымыз керек шеңберлер туралы тағы да айтамыз. Бірақ бұл қағида сәл өзгеше дәйектілікпен көрінеді. Егер біз осы шеңбердің шетіне шығатын болсақ, онда Құдай сөзі тіпті көмектеспеуді бұйырады. Сондықтан, логика белгілі бір модификациядан өтуі керек болса да, жалпы сурет өзгеріссіз қалады.

a) Шеңбердің ортасында ең қиын жағдайға тап болған адамдар, өйткені олардың мүмкіндіктері шектеулі. Киелі кітап оларды «жетімдер мен жесірлер» деп атап бір топқа жатқызады. (Жак. 1:27). Бірақ бұл қағидат, тұтастай алғанда, жеке адам болсын немесе осындай жағдайға тап болған адамдардың тұтас тобы болсын, олар яғни біз «құтқару шеңберін лақтырмасақ» өздіктерінен қиындықтан шыға алмайтын адамдар. Ежелгі заманда бұл топқа тұтқынға түскен сенушілерде жатқызылды (Евр. 10:34).

б) Шеңбердің екінші айналымына басқалардың көмегіне мұқтаж, сенімдегі бауырластарының мейірімділіктеріне үміт артатын адамдар жатады. Жаңа Өсиетте бұл әсіресе ел кезіп ізгі хабар таратушыларға қатысты айтылған, бұл олардың сенімі бір бауырларының мейірімділігіне сүйеніп қызметтерін орындай алулары үшін жасалатын жомарттық пен қонақжайлылық (Матай 10:40-42; 25:31-46).

в) Бізде сонымен қатар, ұзақ мерзімді қажеттіліктері бар сенушілерде кездеседі. Бір таңқаларлығы, «кедейлер» туралы киелі кітаптық мәтіндерде көмек бір рет және тез көрсетілуі керек екенін меңзейді. Қоғамды жақсарту туралы онда ештеңе айтылмайды (бұл идеяның өзі Киелі кітапқа қайшы келеді дегенді білдірмейді) және қажеттіліктері ұзақ мерзімді адамдар туралы аз айтылады. Бұл қажеттіліктерді шеңбердің орталығынан алысырақ үшінші шеңберде біріктіре отырып, мәселені тез шешу туралы ғана алаңдауымыз керек деп айтқым келмейді. Керісінше, ұзақ мерзімді міндеттемелерді өз мойнымызға алмастан бұрын, тиісті қажеттіліктерді біз сыни тұрғыдан бағалауымыз керек екенін атап өткім келеді. Елшілердің істері кітабының 6-тарауында және 1Тимоте 5-ші тарауында қауым басшылығы кедейлерге көмек көрсету мәселесін егжей-тегжейлі және ұзақ уақыт бойы зерттейтінін көреміз. Атап айтқанда, Тімотеге 5-ші алғашқы Жолдауында Пауыл қауым қамқорлығындағы жесірлер белгілі бір өлшемдерге сәйкес келуі керек деп жазады. Егер олар қауымның қолдауына үмітті болса, олар қарттық жеткен, көмекке зәру адал мәсіхшілер болуы керек деп жазады (1 Тим. 5:9-16). Әрине, қауым барлық жесірлерге жанашыр әрі қамқор болды, бірақ материалдық құралдарды даналықпен пайдаланулары керек болды. Қауым басшылығы тұрмысқа шығуға әлі де қабілетті жас әйелдер «Мәсіхке ұнамайтын» жалқаулыққа бой алдырмаулары үшін оларға көмектесуді аса жөн санамады. Басқа талаптарға келетін болсақ, менің ойымша, қауым шектеу сызығын қай жерге қою керектігін білді және ешкім оны шынайы адал мәсіхші емес, бос жүретін, көп сөйлейтін және тек басқалардың қамқорлығына арқа сүйейтін адам деп жазғырмас үшін жесір әйелден «жақсы істермен танымал» болуды талап етті.

г) Шеңбердің соңғы сызығы қолдау білдіріп көмек көрсетпеу керек адамдарды қамтиды. Біріншіден, мәсіхшілер жалған оқытушыларға қонақжайлылық танытпауы тиіс, сенімді мәсіхшілер оларға көмектесіп, олардың «зұлым істерге» осылайша қатысады (1Жохан 10-11). Екіншіден, мәсіхшілер өздерін жұмыспен қамтамасыз ете алатын, бірақ оның орнына жалқаулықты қалайтын адамдарға көмектеспеуі керек (1Сал. 4:11-12; 5: 14; Нқл. 24:30-34). «Еңбек еткісі келмеген тамақ та ішіп-жемесін» деген елшілердің қағидасын есте ұстаңдар (2 Сал, 3: 10). Сонымен қатар, Пауыл нұсқауларға құлақ аспайтындарды қауым тәртібіне шақыру керектігін ескертеді (2Сал. 3:14). Мәсіхшілік қайырымдылық жасау міндеті өзін-өзі қамтамасыз ете алатын бірақ басқалардан материалдық қолдау күтетіндерге қолданылмайды. Мұндай жағдайлар жалған мейірімділік жасау арқылы басқаларды бұзуға әкеледі.

Дана шешімдер қабылдау үшін жадынама

Әрине, мен «егер ... былай болса?» немесе «қашан, не, олай болса ше? деген сияқты көптеген сұрақтарға жауап бере алмаймын. Бұл сұрақтар қауым кедейлерге көмек көрсете бастаған кезде әрдайым пайда болады. Әрбір жеке жағдайға нақты жауап бере алмаймын, өйткені Киелі кітап бұл жауаптарды бермейді.

Бірақ Киелі кітапта қабылданған шешімдердің дана болуы үшін жеткілікті нақты принциптер көрсетілген. Сіз өзіңіздің кедейлер алдындағы міндеттеріңізді және қауым міндеттерін бағалаған кезде, екі принципті есте сақтаңыз: жақындық және қажеттілік. Адам сізге неғұрлым жақын болса (рухани, географиялық және қарым-қатынас тұрғысынан), оның қажеттілігі неғұрлым шұғыл болса (шұғыл және сіз оны орындай алатын болсаңыз), соғұрлым сіздің осы қажеттілікке қатысуға, көмек пен қолдау көрсетуге міндеттеріңіз көбірек болады. Бұл қажеттілік шеңбер орталығынан неғұрлым алыс болса, соғұрлым оның шешіміне араласуыңыздың қажеттігі шамалы және ондай шаруаға сақтықпен мұқият қарағаныңыз жөн.

Бірақ қандай жағдай болсада өз әрекетсіздігіңізді осы екі жауапкершілік шеңберімен ақтауға тырыспаңыз. Енжарлыққа салынбаңыз және қол қусырып отырмаңыз. Нәтиже ұзақ мерзімді және тиімді болатындай етіп, ақылмен шешім қабылдап және қажеттіліктерге жауап беру үшін осы киелі кітаптық қағидаларды пайдаланыңыз.

Кевин Деянг

http://www.9marks.org/journal/obligation-stewardship-and-poor

https://t.me/ruh_zhan