July 28, 2020

Ата-аналар, балаларыңыздан мойынсұнуды талап етіңіздер

Ааааа... Мен өзім білемін

Осы жан айқайын ата-аналарға балаларынан мойынсұнуды талап етсін деп жазып отырмын. Мұндай шақыруды жазуға қазіргі балалардан байқайтыным итермелеуде. Бүгінгі күні балалар әке-шешелерінің өтініштеріне мүлде құлақ аспайтын болған, олардың солай етуіне кедергі де жасалып жатқан жоқ. Ата-аналар балаларына орындарына отыруды, істеп жатқандарын доғаруды, бері келуді не ары кетуді бұйырады. Бірақ үш қайталап айтса да, бұйрықтарын орындамаған соң, әке-шешелері оларды алдаусыратып, айтқандарын жымиып отырып істетеді. Осылай алдаусырату арқылы кейде балаға айтқандарын істете алады, ал кейде олай болмай шығады.

Өткен аптада өзімді осы мақаланы жазуға итермелеген екі оқиғаның куәсі болдым. Солардың бірінің нәтижесінде Калифорния штатындағы Санта Роза қаласында тұратын Энди Лопес есімді 13 жасар бала тәртіп сақшыларының оғынан қаза тапты. Тәртіп сақшылары бала өздеріне оқ атпақшы деп ойлап қалды, ал шын мәнінде баланың қолындағы ойыншық қару болатын. Оқиғаның біздің тақырыбымызға қатысы – заң қызметкерлері жасөспірімге қаруды тастауға екі рет ескерту жасады. Бірақ қаруды тастаудың орнына бала оны тәртіп сақшыларына қарай бағыттады. Ал тәртіп сақшылары балаға қарсы оқ ата бастады.

Оқиғаның анық-қанығын нақты білмеймін, Энди тәртіп сақшыларының айтқандарын естіді ме, жоқ па, одан да хабарым жоқ. Сондықтан ол қарсылық көрсетті деп айта аламын. Менің тақырыбымның Лопестің өзіне тікелей қатысы жоқ. Мұндағы мәселе жағдайдың шарттылығында болып отыр. Бала тәртіп сақшыларының бұйрығын ести тұра, орындамаған болса ше? Егер шынымен солай болса, ол тілазарлығының кесірінен қаза тапты. Заңды билікке бағынбаудың құны, міне, осындай.

Трагедиялық жағдайға себеп болатын не?

Өткен аптада осындай трагедияға себеп болуы мүмкін жағдайдың қалай өрбігенін өз көзіммен көрдім. Мен анасының өз баласын оққа ұшыратуға дайындағанына куә болдым.

Олар баласы екеуі дәл менің қақ алдымда отырды. Жеті жасар бала планшетпен ойнады. Стюардесса барлық электронды құрылғыларды өшіру туралы талапты жариялады. Бірақ бала өшірген жоқ. Анасы да одан өшіруді талап еткен жоқ. Олардың қатарынан өтіп бара жатып стюардесса планшетті өшіру керектігі туралы тағы да ескертіп, ары қарай жүріп кетті. Бірақ бала планшетті сонда да өшірген жоқ. Анасы тағы да ештеңе талап етпеді.

Ақырында стюардесса баланың жанына келіп, оны анасына беру керектігін айтты. Ол планшетті сонда ғана өшірді. Бірақ стюардесса өз орнына отыра салысымен, планшетті қайтадан қосып алып, ұшақ көтерілгенше оны өшіру туралы ойлаған да жоқ. Анасы да еш шара қолданбады. Сонда мен анасы баласын тәртіп сақшыларының оғына ұшыратуға дайындап жатыр деп ойладым.

Зердесіз тәрбиеден бас тарту

Ата-аналық міндеттеріне немқұрайды қарап, еріншектікке бой алдырған сенбеуші ата-аналар болса, мұны түсінуге болар еді. Рухани соқырлардың іс-әрекетін суреттеу үшін Киелі кітапқа сай санаттарды қолдана аламын. Бірақ мені сенуші ата-аналардың өз міндеттеріне немқұрайды қарайтыны алаңдатады. Ата-аналардың балаларынан мойынсұнуды талап етіп, соған қол жеткізгісі келмеуінің себебі неде? Мен мұның себебін білмеймін. Дегенмен, төмендегі ой-пікірлердің ата-аналарды балаларын тәрбиелеудегі еріншектік пен селқостық күнәсінан арылтуға көмегі тиіп қалар.

1.  Ата-аналар балаларынан Киелі кітап талаптарына сай мойынсұнуды талап етуге міндетті

«Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс» (Еф. 6:1). Құдайдың балалардан ата-аналарына мойынсұнуды талап ете тұра, ата-аналардың балаларынан мойынсұнуды талап етуін бұйырмауы ойға сыймайтын нәрсе. Балаларымызды Құдай белгіленген жарасымды мойынсұнушылықта тәрбиелеу – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Ата-ана балалар үшін Құдайдан берілген өкілдер, сондықтан олар балаларға Құдайдың өсиеттерін ескермеуді үйрететін болса, мұның нәтижесі өлімге апарып соғады.

2.  Мойынсұну - Ізгі хабарға сәйкес, жаңа өсиетке сай өсиет

Мойынсұнуды тек «заңнама» санаты ретінде ғана қабылдауға болмайды. Бұл Ізгі хабарға сай ұғым. Пауылдың айтуынша, Ізгі хабардың мақсаты – «барлық адамдарды сенімге шақыру» (Рим. 1:5). Ол: «Мәсіхтің өзім арқылы істегендерінен басқа еш нәрсе туралы айтуға батылым жетпейді: басқа халықтардың Ізгі хабарды естіп, мойынсұнулары үшін Киелі Рухтың құдіретімен сөйлеп, әрекеттенемін...» (Рим. 15:18) – деп жазған.

Пауыл да өз мақсатын: «...күллі ой-пікірлерін Мәсіхке бағындырамыз» (2Қор. 10:5) – деп анықтаған. Ол қауымынан да осындай мойынсұнушылықты талап еткен: «Кімде-кім біздің осы хатта айтып отырған нұсқауларымызға құлақ аспаса, соны естеріңде сақтаңдар. Өз қылығына ұялуы үшін сол кісімен араласпай қойыңдар» (2Сал. 3:14).

Балаларын Құдай белгілеген заңды билікке мойынсұнуға үйретпеген ата-ана оларды Құдай сөзіне сәйкес емес әрі Ізгі хабарға қарама-қайшы келетін өмірге дайындайды.

3.  Мойынсұнуды талап ету әбден мүмкін

Тілазар балаларының көзінше не істерін білмей, қолдарын сілтейтін ата-аналарға қарап қапаланамын. Құдайдың балалардан мойынсұнуды талап ету себебі – ата-аналардың олардан мойынсұнуды талап етуге қауқары әбден жетеді. Бірге толмаған кішкентай балаға нені ұстауға болатынын, ал не нәрсені түртуге, тістеуге, тартуға, итеруге, түкіруге, қашан және қай жерде айқайлауға болмайтынын көрсету қиын емес. Өйткені сіз одан үлкенсіз. Балаларды өзіңізге қуаныш сыйлауға сақтап қалу үшін, өзімшілдікке итермелемеу үшін өзіңіздің үлкендігіңізді пайдаланыңыз.

4.  Балалар қоғамдағы үлкен шаруаларда мойынсұнуы үшін олардан алдымен үйдегі ұсақ-түйек шаруаларға қатысты мойынсұнуды талап ету

Балалардың қоғамдық жерлерде мойынсұнбауын үйде мойынсұнуды талап етпеудің салдары деп қарауға болады. Мұның себебі – үйдегі кейбір сұрақтарға қатысты күресуге деген ниеттің жоқтығы. Кейде баланың неліктен берілген нұсқауларды орындағысы келмейтінін анықтауға уақыт пен күш-жігер жұмсаудың орнына бәрін өзің істей салған оңай. Бірақ мұндай әрекет балаға басқа жерде де тыңдамауға болады деген ой салады. Сондықтан ата-аналар балаларынан мойынсұнуды үйде талап ететін болса, олар қоғамдық орындарда да қуана мойынсұнатын болады.

5.  Тыңдауды талап ету үшін біраз күш жұмсау керек, ал бұл соған тұрарлық нәрсе

Сіз балаға ұйқыға жатуды бұйырдыңыз, ал ол төсегінен тұрып алды делік. Әрине, орныңыздан тұрып, оны жазалаудың орнынан қайтадан төсегіне жатуды ескерте салған оңай. Ата-ананың ауыр жұмыс күнінен соң қатты шаршайтыны айтпаса да түсінікті. Мен мұны жақсы білемін. Менің үйімде қырық жылдай кәмелетке толмаған балалар жүрді. Балаларды тәрбиелеу, олардан тіл алуды талап ету ата-ананың физикалық, эмоционалдық күш-қуатын сарқылтады. Олардың дегеніне көне салу қашан да оңай.

Бірақ мұның нәтижесі қандай болмақ? Балалар ең жауапты сәттерде бақылауға көнбей кетеді. Олар өздерін періштедей пәк етіп көрсетудің жолын онсыз да біледі. Анасының күші жоқ, ал әкесі мүлде осал. Сіздің жарылу шегіңізді олар біледі, сондықтан тоқырау сәтіне жеткенше сіздің сөздеріңізге еш мән бермейді. Мұның салдары да ауыр. Ал егер сіз бала тіл алмаушылық танытқан сайын ерінбестен күш-жігеріңізді жұмсап, шара қолданар болсаңыз, мұның жемісі сіз үшін де, бала үшін де, қоршаған адамдар үшін де шырынды да тәтті болмақ.

6.  Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан күнәлі шеңберді үзесіз

Ата-ананың балаларынан тіл алуды талап етпеуінің бірден-бір себебі – олар мұны қалай істеу керектігін көріп-білмеген. Олар екі түрлі іс-әрекет үлгісін: селқостық пен ашушаңдықты көріп өскен. Балаларды ашушаңдықпен тәрбиелеуге болмайтынын біледі, сондықтан селқостық танытады. Бірақ сіздерге айтар жақсы жаңалығым бар: мұны өзгертуге болады. Ата-аналар бұйрық беру жолдарын, қайсыбір жағдайда қалай әрекет ету керектігін, төзімділікпен, қаталдықпен, сүйіспеншілкпен, Ізгі хабар негізіне сай тәрбие беру әдістерін Киелі кітаптан оқып, дана адамдардан сұрай алады.

7.  Балаларды ақ пейілпен тәрбиелеу оларды үстіртін бағынудан шын ниетпен, қуана бағынуға бастайды

Балалар сенімде мойынсұна білуден бұрын тіл алуды үйренуі тиіс. Ал сенімге келген кезде қорқыныш пен қолдап-қолпаштау негізінде мойынсұнудың не екенін білетіндіктен, лайықты сый-құрмет көрсету олар үшін сенімнің кәдімгі белгілерінің бірі болып қалады. Бірақ сенімге келмес бұрын тіл алуды талап етпеу ақымақтық. Бұл сүйіспеншіліктің жоқ екенін көрсетеді. Мұндай салғырттықтың салдарынан тіл алмаудан туындайтын әдеттер пайда болады, ал сенімге солардың бәрімен күресуге тура келеді.

8.  Балаларынан тіл алуды талап ететін ата-аналар басқаларға қарағанда бақыттырақ

Ата-ананың әлсіздігі мен селқостығынан ақ пейіл, мойынсұнғыш балалар өсіп шықпайды. Бұлай етсек, қыңыр әрі өзімшіл бала тәрбиелейміз. Олармен қарым-қатынас жасау қиындайды, бұдан өздері де бақытсыз күй кешеді. Тым өзімшіл, озбыр болып шығады. «Бостандықтары» не өздеріне, не маңайындағы адамдарға бата әкелмейді. Сондай бостандықта олар белағашсыз кемеге ұқсайды. Тәни құмарлықтардың тұтқыны болып қалады. Ерте ме, кеш пе, сол құмарлықтар оларды құртып тынады. Олар келеңсіз жағдайларға тап болуы мүмкін. Заң сақшыларының қолына түсуі де ықтимал.

9.  Мойынсұнуды талап ету кемелдікті талап етумен бірдей емес

Ата-аналар балалар үшін Құдай жіберген өкілдер, әсіресе, Ізгі хабар арқылы Құдайды танымай тұрған шақтарында. Сондықтан оларға әділдік пен мейірім көрсете білуіміз керек. Кез келген тіл алмаушылыққа бола жазалай беруге болмайды. Болмашы қателіктер үшін ескерту жасап, ұрсу жа жеткілікті, ал кейбір ұсақ-түйектерге мүлде көз жұма қарауға болады. Қандай жағдайда қандай шара қолдану керектігіне қатысты нақты нұсқаулар жоқ. Балалар Ізгі хабардағы Құдайдың жалмап қоятын от іспетті (Евр. 12:7, 29), сондай-ақ төзімді әрі ашулануға баяу екенін (1Тім. 1:16) ата-ана үлгісінің негізінде көруі тиіс. Сіз қандай тәсілді таңдасаңыз да, мейлі ол қатаң тәртіп, мейлі ол төзімділік болсын, ондағы жалғыз мақсатыңыз – жүйелі, бақытқа жетелейтін, тіл алушылыққа бірден қол жеткізу. Мәсіхтегі Құдайды таныған адамдар дәл осындай жеміс әкеледі.

Ата-аналар, бұл қиын әрі ұзақ кезең болса да, сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мен өзім осыған өмірімнің алпыстан артық пайызын жұмсадым. Бірақ дұрыс тәрбие үшін Тәңіріміз Өзінің рақымына сай мол марапатқа кенелтуге уәде етеді.

Джон Пайпер

Мәлімет көзі: http://www.desiringgod.org/blog/posts/parents-require-obedience-of-your-children

https://t.me/ruh_zhan