Пайғамбар ﷺ айтты: «Яһудилер мен христиандарға бірінші болып сәлем бермеңдер. Егер жолда олардың бірін кездестірсеңдер, оны жолдың ең тар шетіне ығыстырыңдар».
Хазіретті Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбар ﷺ айтты:
«Яһудилер мен христиандарға бірінші болып сәлем бермеңдер. Егер жолда олардың бірін кездестірсеңдер, оны жолдың ең тар шетіне ығыстырыңдар».
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (4635-ші) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
(Яһудилер мен христиандарға) деген сөзі – олар зимми (яғни, мұсылман қол астында салық төлеп отырған кітап иелері) болса да, басқа кәпірлер болса да, бәріне қатысты (бірінші болып сәлем бермеңдер). Өйткені бірінші болып сәлем беру – сәлем берілген адамға құрмет пен ілтипат көрсету болып саналады. Ал кәпірлерді құрметтеп, дәріптеуге болмайды. Сол сияқты оларға сәлем беру немесе соған ұқсас амалдар арқылы достық пен сүйіспеншілік білдіруге де болмайды. Өйткені Аллаһ Тағала былай дейді:
﴾Аллаһқа және ақирет күніне шын иман келтірген қауымның Аллаһқа және елшісіне қарсы келгендерді, тіпті өз әкелері, бауыр еті балалары, аға-інілері немесе туған-туыстары болса да шын жақсы көріп, дос тұтқанын көрмейсің﴿ («әл-Мужәдәлә» сүресі, 22-аят).
Сондай-ақ біз оларды төмен ұстауға бұйырылғанбыз. Бұған Аллаһ Тағаланың мына сөзі нұсқайды:
﴾(Уа, мүміндер!): Кітап иелері болса да, Аллаһқа және ақирет күніне кәміл сенбейтін, Аллаһтың һәм елшісінің харам қылғанын харам деп санамайтын әрі хақ дінді ұстанбайтын кәпірлер алдарыңда құрметпен бас иген күйде, жизия салығын өз қолдарымен әкеліп төлегенге дейін, олармен соғысыңдар﴿ («әт-Тәубә» сүресі, 29-аят).
Мұны Пайғамбарымыздың ﷺ: (Егер жолда олардың бірін кездестірсеңдер, оны жолдың ең тар шетіне ығыстырыңдар») деген сөзі де қуаттайды. Яғни, оны жолдың ортасымен емес, жолдың ең тар шетімен жүруге мәжбүрлеңдер. Егер жолдың шетінде қабырға болса, ол қабырғаға жабыса жүретіндей болсын. Ал қабырға болмаса, оны жолдың ортасынан шетке шығуға бұйырыңдар.
Бұл – олардың тура жолдан ауытқығандары үшін өздеріне лайықты жаза. Сондай-ақ негізінде олармен соғысу міндеттелген. Алайда бұл үкім жизия төлеу арқылы тоқтатылған. «Толығымен іске аспаған нәрсе түгелдей тәрк етілмейді» деген қағидаға сәйкес, бұл (оларды жолдың шетімен жүргізу) – рухани тұрғыдағы қорлау болып саналады. Дұрысын Аллаһ біледі.
Имам ән-Нәуәуи «Шарх Сахих Муслимде» былай дейді:
«Біздің кейбір ғалымдарымыз: “Оларға бірінші болып сәлем беру – мәкруһ (тәнзиһ), бірақ харам емес”, – деген».
Алайда бұл пікір әлсіз. Өйткені хадистегі тыйымның негізі – мәкруһ тахримдікті білдіреді. Сондықтан дұрыс пікір – оларға бірінші болып сәлем берудің мәкруһ тахрим екендігі.
Қади Ғияд кейбір ғалымдардан қажеттілік немесе белгілі бір мұқтаждық туындаса, бірінші болып сәлем беруге болады деген пікірді жеткізген. Бұл – Алқама мен ән-Нәхәғидің көзқарасы.
«Егер сәлем берсең, бұрынғы ізгі адамдар да сәлем берген. Ал бермесең, бұрынғы ізгі адамдар да бермеген», – деген.
Меніңше (яғни, Мулла Әли әл-Қари): ең дұрыс пікір бойынша сәлем бермеу абзалырақ.
Имам ән-Нәуәуи әш-Шәфиғи әрі қарай былай дейді:
«Ал бидғатшыға келсек, таңдалған пікір бойынша үзір болмаса немесе бүлік шығу қаупі болмаса, бірінші болып сәлем берілмейді».
Егер адам біреудің мұсылман екенін білмей оған сәлем беріп қойса, кейін оның зимми екені анықталса, онда:
«Сәлемімді қайтарып алдым», – деп айтуы мустахаб. Мұның мақсаты – оны қорлау.
Меніңше (яғни, Мулла Әли әл-Қари), дәл осындай сөзді бидғатшыға, өзіне өшпенділік танытқан адамға немесе тәкәппарланып сәлемге жауап бермеген кісіге де айтуға болады.
Сондай-ақ біздің (яғни, ханафи) ғалымдарымыз:
«Зиммиге жолдың ортасын босатып берілмейді. Керісінше, ол жолдың ең тар шетімен жүруге мәжбүрленеді», – деген.
Алайда бұл оны шұңқырға немесе зиян келетін жерге итеру дегенді білдірмейді. Егер жол кең әрі адам аз болса, онда мұндай тарылту талап етілмейді.
Бұл хадисті Муслим, сондай-ақ Ахмад, Әбу Дәуд және әт-Тирмизи риуаят еткен.
Пақыр аудармашыдан ескертпе: Бұл жерде сөз бірінші болып шариғи «әс-сәләәму әләйкум» деп сәлем беру туралы болып отыр. Ал күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын «Қайырлы күн», «Сәлеметсіз бе?», «Добрый день», «Здравствуйте» сияқты бейтарап амандасу сөздерін бірінші болып айтудың ешқандай айыбы жоқ. Дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші.