Yesterday

Пайғамбар ﷺ Мәулітін атап өту

Сұрақ:

Аллаһ Елшісінің ﷺ дүниеге келген күнін еске алып, Мәуліт өткізу және сол үшін жиналу бидғат па, әлде шариғатта рұқсат етілген амал ма?

Жауап:

Пайғамбар ﷺ Мәулітін атап өту ардақты сахабалар дәуірінде белгілі болмаған. Алайда оның Пайғамбар ﷺ заманында немесе сахабалар дәуірінде болмауы оның міндетті түрде жаман бидғат немесе шариғатқа қайшы іс екенін білдірмейді.

Егер Мәуліт ораза, намаз және басқа да құлшылықтар секілді шариғат бекіткен арнайы құлшылық деген сеніммен өткізілсе, онда ол — бидғат.

Ал егер ол елшілердің мырзасы ﷺ дүниеге келгенін еске алу, оның көркем сирасы мен өмір жолын еске түсіру мақсатында өткізілсе әрі онда шариғатқа қайшы істер, ерлер мен әйелдердің араласуы және Пайғамбарды ﷺ мадақтауда шектен шығу болмаса, онда оны өткізген адам адасқан әрі сол ісі үшін тозаққа кіруге лайық болатын бидғат деп есептелмейді.

Өйткені Пайғамбар ﷺ бидғаттың не екенін:

«Кім біздің осы ісімізге [дінімізге] одан болмаған нәрсені жаңадан енгізсе, ол қайтарылады», — деген сөзімен түсіндірген.

Бұл хадистің кері мағынасы бойынша: кім біздің дінімізге оның өзінен болған нәрсені енгізсе, ол қабыл етіледі. Мұны бұған дейін де бірнеше рет айтқанбыз.

Мәуліт өткізудің пайдалары:

  1. Мұсылмандардың бас қосуы. Ислам бас қосуға үндеп, оны құптаған. Демек, бұл — Исламнан.
  2. Уағыз-насихат пен құтпа айту. Ислам бұған үндеп, бұйырған. Демек, бұл да — Исламнан.
  3. Пайғамбарды ﷺ шектен шықпай мадақтау. Бұл да — Исламнан. Өйткені ақындар Пайғамбарды ﷺ оның алдында мадақтаған және ол ﷺ оларға тыйым салмаған.
  4. Тағам беру немесе тәтті тарату. Бұл да — Исламнан.

Олай болса, Мәулітті құрайтын осы амалдардың ешқайсысы Исламға және оның жалпы қағидаларына қайшы келмейді. Тек оларды осылайша бір түрде біріктіріп өткізу кейіннен пайда болған. Ал оның құрамындағы амалдарды Ислам теріске шығармайтын болса, оны адасушылық болып саналатын бидғат деп атауға болмайды.

Шейх Абдул-Мәлик Абдур-Рахман әс-Сағди әл-Ханафи ән-Нақшбанди, «әл-Бидға фи әл-мафһуми әл-Исләми ад-дақиқ» 183 бет.