September 30

﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһты көп еске алыңдар! Оны пәксің деп, ертелі-кеш ұлықтаңдар!﴿ .

﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһты көп еске алыңдар! Оны пәксің деп, ертелі-кеш ұлықтаңдар!﴿ «әл-Ахзаб» сүресі, 41-42 аят.

Шейх Исмаил Хаққи әл-Бурсауи әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Руху әл-Баян» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһты көп еске алыңдар!﴿, яғни Аллаһқа лайықты түрде «Ләә иләәһә иллАллаһ», «Субханаллаһ», «Аллаһу Әкбар» деп және сол сияқты зікірлермен еске алыңдар.

Зікір — бір нәрсені жүректе немесе тілмен еске алу. Ол ұмытқаннан кейін еске алу болуы мүмкін. Бұл — жалпы адамдардың хәлі. Немесе жүректің үнемі Аллаһпен болып, Оны естен шығармауы. Бұл — ерекше құлдардың хәлі. Өйткені олар мүлде ұмытпайды әрі барлық жағдайда Аллаһты еске алып жүреді.

﴾Аллаһты көп еске алыңдар!﴿, яғни күндіз-түні барлық уақытта, құрлықта да, теңізде де, жазықта да, тауда да, сондай-ақ барлық жағдайда: тұрғылықты кезде де, сапарда да, дені сау кезде де, ауырғанда да, жасырын да, жария да, тұрып та, отырып та Аллаһты көп еске алыңдар.

﴾Оны пәксің деп﴿, яғни Аллаһу Тағаланы Оған лайықсыз болған барлық нәрседен пәк деп біліңдер, ﴾ертелі-кеш ұлықтаңдар!﴿, яғни күннің басында. Мұндағы мақсат — барлық уақытта Аллаһты тәсбих ету. Алайда аталған екі уақыттың өзге уақыттардан артықшылығы болғандықтан, оларға ерекше мән берілген. Өйткені бұл екі уақытқа періштелер куә болады. Бұған Пайғамбарымыздың ﷺ мына хадисі дәлел:

«Сендердің араларыңа түнгі періштелер мен күндізгі періштелер кезектесіп келіп тұрады».

Сондай-ақ Аллаһу Тағала ризықтарды бөліп, берекелерін түсіріп және дұғаларды қабыл етеді. Бұл — таң атқаннан күн шыққанға дейінгі уақыт. Сондықтан осы қадірлі уақытта ғапылдыққа салынбау қажет.

Хадисте айтылған:

«Кім таң намазын жамағатпен оқып, содан кейін күн шыққанға дейін отырып Аллаһу Тағаланы зікір етсе, кейін екі ракағат намаз оқыса, оған толық, толық, толық қажылық пен ұмраның сауабындай сауап беріледі».

Сондықтан әдепті, кемел жандар таң намазынан кейін ишрақ уақытына дейін жиналып зікір етуді үзбей жалғастырып келген. Өйткені бұл уақытта жасалған зікірдің нәпсіге әсері өте зор. Тіпті осы уақытта зікір ету Құран оқудан абзалырақ. Бұған «әл-Масабих» кітабының түсіндірмесінде айтылғандай, Пайғамбарымыздың ﷺ: «Содан кейін отырып, Аллаһты зікір етсе», — деген сөзі де меңзейді.