August 12

«Расында, Аллаһу Тағалаға ең сүйікті амалдар — Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру».

Хазіретті Әбу Заррдан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте айтты:

«Аллаһтың Елшісі ﷺ біздің алдымызға шығып: «Аллаһу Тағалаға амалдардың қайсысы ең сүйікті екенін білесіңдер ме?» — деді.
Бір кісі: — Намаз бен зекет, — деді.
Тағы бір кісі: — Жиһад, — деді.
Сонда Пайғамбар ﷺ: «Расында, Аллаһу Тағалаға ең сүйікті амалдар — Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру», — деді».

Хадисті Ахмад және Әбу Дәуіт риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» кітабында (5021-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Аллаһтың Елшісі ﷺ біздің алдымызға шығып: «Аллаһу Тағалаға амалдардың қайсысы ең сүйікті екенін білесіңдер ме?» — деді) яғни амал түрлерінің қайсысы «Аллаһқа ең сүйікті?», яғни ең абзалы екенін білесіздер ме?

Ал «ең сүйікті болуы міндетті түрде оның ең абзал екенін білдірмейді» деген пікір бұл жерде дұрыс емес. Иә, мұны жаратылыстарға қатысты елестетуге болады. Мысалы, адамның баласы оған ең сүйікті болуы мүмкін, бірақ бұл оның ең абзал екенін білдірмейді. Сол сияқты хазіретті Әли (Аллаһ одан разы болсын) сүннет иесіне сүйіктірек болуы мүмкін, алайда ол екі шейхтан [Әбу Бәкір мен Омардан (Аллаһ екеуінен де разы болсын)] абзал емес. Сондай-ақ біреуге белгілі бір ғылымды оқу немесе бір амалды істеу сүйіктірек болуы мүмкін, бірақ ол оны ең абзал деп есептемеуі ықтимал.

(Бір кісі: — Намаз бен зекет, — деді). Мұндағы «бен» сөзі «немесе» мағынасында.

(Тағы бір кісі: — Жиһад, — деді. Сонда Пайғамбар ﷺ: «Расында, Аллаһу Тағалаға ең сүйікті амалдар — Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру», — деді»).

Мұны (яғни, Аллаһ үшін жақсы көру мен жек көруді) пайғамбарлар мен шәһидтердің өздері қызыға қарауы да қуаттайды. Аллаһ үшін жақсы көру мен жек көрудің (намаз, зекет пен жиһад секілді) Исламның тіректерінен және оның діңгегінен де абзал деп айтылуының себебі, бәлкім, бұл амалдардың парыздар орындалғаннан кейінгі қосымша амалдар ретінде қарастырылуында болса керек. Иә, бұдан Аллаһ үшін жақсы көру мен жек көрудің нәпіл ғибадаттардан абзал екені шығады. Шынында да солай, әрі мұнда ешқандай мәселе жоқ.

Мұның түйіні: шариғат бұйырған істерді орындап, тыйым салған нәрселерден тыйылғаннан кейін, Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру — ғибадаттардың ең абзалы әрі Аллаһқа бойсұну амалдарының ең кемелі. Сондықтан осы екеуін ұстаныңдар.

Осыдан «Аллаһ үшін жақсы көру мен Аллаһ үшін жек көру намаз бен зекет секілді амалдардан да абзал, сондықтан солардың орнына осы екеуі таңдалады немесе бұлардың сауабы намаз бен зекеттің сауабынан барлық жағдайда артық» деген мағына көзделмегені анық әрі белгілі.

Мұны Табаранидің Ибн Аббастан риуаят еткен хадисі де қуаттайды:

«Аллаһқа парыздардан кейінгі ең сүйікті амал — мүміннің жүрегіне қуаныш ұялату».

Сондай-ақ ол Хәким ибн Умайрдың хадисі де осы мағынанын қуаттайды:

«Аллаһқа ең сүйікті амал — аш қалған міскінді тамақтандыру, оның қарызын өтеу немесе қиыншылығын кетіру».

Мұның барлығы Аллаһ үшін жақсы көру ұғымына кіреді. Өзгеге пайдасы тиетін ғибадаттың пайдасы тек адамның өзіне тиетін нәпіл ғибадаттардан абзал екенінде күмән жоқ.

Ат-Тыйби айтты:

«Егер: “Аллаһ үшін жақсы көру қалайша Аллаһқа намаздан, зекеттен және жиһадтан да сүйіктірек болады?” — десең, былай жауап беремін: Аллаһ үшін жақсы көрген адам Оның пайғамбарлары мен әулиелерін жақсы көреді. Ал оларды жақсы көрудің шарты — олардың жолымен жүру. Сол сияқты Аллаһ үшін жек көрген адам Оның дұшпандарын жек көреді әрі олармен қаруы және тілі арқылы күресуге бар күшін жұмсайды».