November 19

Мұсылманның өзгелерге еліктеуі.

Шейх Уаһби Сулейман Ғаужи әл-Ханафи, Аллаһ оны рақымына алсын, өзінің «әл-Кәфи фи фиқһ әл-Ханафи» кітабында (азан бабында) айтты:

Ислам — негіздері мен үкімдері жағынан өзге діндерден ерекшеленетін дін. Ол мұсылмандарды өзгелерден ерекшеленуге үндейді.

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен риуаятта Аллаһ Елшісі ﷺ: «Мұртты қысқартыңдар, сақалды қоя беріңдер және яһудилердің салтына қайшы әрекет етіңдер», — деген. Абдулла ибн Омардан (Аллаһ әкелі-балалы екеуіне де разы болсын) жеткен риуаятта Аллаһ Елшісі ﷺ: «Мүшріктерге ұқсамаңдар, сақалды өсіріңдер, мұртты барынша қысқартыңдар», — деген. Хафиз Ибн Хаджардың түсіндіруінше, «қоя беру» — сақалды сол күйінде сақтау, ал «өсіру» — оны қоя беру. Ибн Омардан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен тағы бір риуаятта Аллаһ Елшісі ﷺ: «Кім бір қауымға ұқсауға тырысса, солардан», — деген.

Мұсылмандарды өзгелерден ерекшелейтін амалдардың бірі — азан. Аллаһ Елшісі ﷺ мен сахабалар жұртты намазға қалай шақыру керегіне көңіл бөлген. Әбу Умайр ибн Әнас ансарлардан болған көкелерінің бірінің былай дегенін жеткізеді: «Аллаһ Елшісі ﷺ адамдарды намазға қалай жинауға болатынын ойлады. Оған: “Намаз уақыты кіргенде ту тігіңіз. Оны көргендер бір-біріне хабар берсін”, — делінді. Бұл ұсыныс оған ұнамады. Оған керней тарту да ұсынылды. Бұл да оған ұнамай: “Бұл — яһудилердің ісі”, — деді. Содан кейін оған қоңырау соғу ұсынылғанда: “Бұл — христиандардың ісі…” — деді».

Кейбір мұсылмандар дұшпан өзге дін иелерінің ой-пікіріне, киім үлгілеріне және тұрмыс салтына еліктеуге белшесінен батып бара жатқанын аңғарса екен! Ғибрат алып, оларды жек көрсе, жүректерінде оларға деген титтей де сүйіспеншілік болмаса, ой жағынан да оларға еш бейімдік танытпаса, сөйтіп Құран Кәрімде айтылған олардың жалған ойлары мен теорияларын құптамаса екен! Күнәһарларды жек көріп, оларға ұқсауға тырыспаса, олармен араласпаса, киімдері мен сән үлгілеріне еліктемесе екен!

Аллаһу Тағала былай деді:

﴾Сондай-ақ өзгенің де, өзінің де обалына қалып жүрген залымдарға сәл де болса көңілдерің ауып, ықыластарың түспесін (оларға мүлдем көңіл салмаңдар), әйтпесе (екі дүниеде де) отқа күйесіңдер. Шындығында, сендердің Аллаһтан өзге қорғандарың да, қамқор достарың да жоқ. Содан кейін Одан да қолдау таппайсыңдар﴿.
(«Һуд» сүресі, 113-аят)

Аллаһ Елшісінің ﷺ былай дегені де риуаят етіледі: «Мінез-құлық ұқсамайынша, киім үлгілері де ұқсамайды. Кім бір қауымға ұқсауға тырысса, ол солардан».