Пасық адам құлшылықтарын үзбей орындаса да, Аллаһты зікір етуші болып саналмайды.
Имам Ибн Кәмәл Баша әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «әл-Мунира» кітабында (112-113 бетте) айтты:
«Қуeт әл-Қулуб» атты, Әбу Тәліб әл-Мәккидің еңбегінде айтылғандардан мына нәрсе белгілі болады:
«Егер бір пасық адам қырық жыл бойы түндерін құлшылықпен өткізіп, күндіздерін оразамен өткізсе, бірақ сол уақыт бойы өзінің пасықтығын тастамай, күнәсін жалғастырып жүрсе әрі осы ұзақ мерзім ішінде тілі бір сәтке де «Ләә иләәһә иллАллаһ» деп айтудан тыйылмаса да, көктен түскен кітаптардың мазмұны мен пайғамбарлардың (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) түсіндірмелерінен оның бір сәт болса да Аллаһты зікір етуші болмағаны аңғарылады.
Өйткені зікір – бұл зікір етушінің ішкі хәлі. Ал зікір етушінің ең төменгі дәрежесі – оның салиқалы адам болуы. Бұл жайында нәпіл құлшылық иесі туралы жоғарыда айтылып өтті.
Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:
«Кім Аллаһқа бойсұнса, намазы, оразасы және Құран оқуы аз болса да, Аллаһты зікір еткен болады. Ал кім Аллаһқа қарсы келсе, намазы, оразасы және Құран оқуы көп болса да, Аллаһты ұмытқан болады».
Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай дейді:
﴾Аллаһты ұмытқан, Аллаһ да оларға өз-өздерін ұмыттырған бейбақтар секілді болмаңдар. Хақ жолдан тайған күнәһарлар, міне, солар﴿ («әл-Хашр» сүресі, 19-аят).
﴾Оларды әзәзіл шайтан билеп әкетті де, Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар – шайтанның одақтастары. Біліп қойыңдар, шайтанның жақтастары үнемі жеңіліс табады﴿ («әл-Мужәдәлә» сүресі, 19-аят).
Ал салиқалы адамның ең төменгі дәрежесі – үлкен күнәлардан сақтануы, кіші күнәларды үздіксіз істеуден аулақ болуы және оның жақсылықтары жамандықтарынан басым болуы».