«Екі лағынетке себеп болатын істен сақтаныңдар».
Хазіретті Әбу Һурайра (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты:
«Екі лағынетке себеп болатын істен сақтаныңдар».
Сахабалар: «Уа, Аллаһ Елшісі ﷺ, ол екі лағынет қандай?» – деп сұрады.
Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Адамдардың жүретін жолына немесе көлеңке (отыратын) жеріне дәрет сындыру».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (25-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
(«Екі лағынетке себеп болатын істен сақтаныңдар») ... яғни лағынетке себеп болатын нәрселер. Өйткені бұл екі іс – адамдарды лағынет айтуға итермелейді.
Немесе мағынасы: «лағынетке себеп болатын екі істен сақтаныңдар». Яғни бұл жерде «екі лағынет» деп сол лағынетке жеткізетін істер меңзелген.
(Сахабалар: «Уа, Аллаһ Елшісі ﷺ, ол екі лағынет қандай?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Адамдардың жүретін жолына немесе көлеңке (отыратын) жеріне дәрет сындыру») деген сөз – осы екі лағынетке себеп болатын істердің түсіндірмесі.
Яғни адам көп жүретін жолға дәрет сындырса, адамдар одан зиян шегеді, жиіркенеді және оны қарғайды. Сол сияқты адамдар демалып, көлеңкелейтін ағаштың астына немесе сондай орындарға дәрет сындыру да – соларға зиян келтіреді.
Бұл жердегі «көлеңке» жалпы барлық көлеңке емес. Мұнда адамдар әдейі демалатын, аялдайтын, тұрақ ететін орындар меңзеліп тұр. Сондықтан кез келген көлеңкеде дәрет сындыру харам емес, бірақ адамдар пайдаланатын орындарда бұлай істеу – тыйым салынған.