Сутраның үкімі, өлшемі, хикметі және сутра табылмаған кезде жерге сызық сызу мәселесі.
Талха ибн Убайдуллаһ (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:
«Егер сендердің бірің алдына ер-тоқымның артқы «мухираны» қойса, намазын оқи берсін. Ал оның ар жағынан өткен адамға көңіл бөлмесін».
Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Фәтху әл-Мулһим би-шарх Сахих Муслим» кітабында (1111-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:
Сутра қоюдың үкімі және өлшемі:
«Мухира» — ер-тоқымның артқы жағында (керек-жарақ ілу үшін жуандығы бір саусақтай бір шынтақ көлемінде) шығып тұратын ағашқа қатысты айтылады.
Бұл хадисте намаз оқушының алдына сутра қоюдың мустахаб екеніне нұсқау бар.
Абдур-Раззақтың «Мусаннаф» жинағында Нафиғтан: «Ибн Омардың ер-тоқымының «мухирасы» шамамен бір шынтақ көлемінде еді» деп риуаят етілген.
Сондай-ақ Хаким, Ахмад және басқалар риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ:
«Сендердің бірің намаз оқыса, сутраға қарап оқысын әрі ешкімді алдынан өткізбесін», — деп бұйырған.
«Әл-Муния» кітабында сутраны тастаудың мәкруһ екені ашық айтылған. Бұл — тәнзиһи мәкруһ.
Ал бұйрықтың уәжіптікті емес, мустахабтықты білдіретініне дәлел ретінде Әбу Дәуіттің әл-Фадл ибн Аббастан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисі келтіріледі:
«Біз Аллаһ Елшісін ﷺ бір сахарада намаз оқып тұрғанын көрдік. Оның алдында сутра жоқ еді».
Сондай-ақ Ахмад риуаят еткен хабарда:
«Ибн Аббас кең ашық жерде алдында ешнәрсе болмастан намаз оқыды», — делінеді.
«Әш-Шурунбулалияда»: «Егер адам ешкім өтпейтін жерде немесе жолға қарама-қарсы емес орында намаз оқыса, сутраны тәрк ету мәкруһ болмайды. Өйткені сутраның мақсаты — алдынан өтушіге тосқауыл болу», — делінген.
Ал «әл-Бахр» кітабы «әл-Хилиядан» былай деп жеткізеді: «Мұндай жағдайда да сутра қойғаны абзалырақ болып көрінеді. Тіпті тастауы мәкруһ болмаса да. Өйткені сутраның тағы бір пайдасы — көзді ар жағындағы нәрселерден тосып, ойды жинақтап, қиялды байлап тұруы».
Сутра қоюдың хикметі және сутра табылмаған кезде жерге сызық сызу мәселесі:
Ғалымдар: «Сутра қоюдың хикметі — намаз оқушының көзін ар жағындағы нәрселерден тыю әрі оның қасына жақын жерден өтетін адамға тосқауыл болу», — деген.
Қадый Ғияд осы хадис арқылы намаз оқушының алдына жерге сызық сызу жеткілікті болмайды деп дәлел келтірген. Ол былай деді:
«Бұл жайында хадис келген әрі имам Ахмад оны ұстанған болса да, ол хадис әлсіз».
Содан кейін сызықтың қалай сызылатыны жайында түрлі пікірлер айтылған:
- бір пікір бойынша, михраб секілді доғал түрде;
- екінші пікір бойынша, құбылаға қарай тік;
- үшінші пікір бойынша, оңнан солға қарай көлденең сызылады.
«Имам Мәлик те, фақиһтардың көпшілігі де мұндай сызықты дұрыс көрмеген», — деді.
Ал сызық жайындағы хадисті Әбу Дәуіт риуаят еткен. Бірақ онда әлсіздік пен идтираб бар.
Имам Шафиғидің бұл мәселедегі екі түрлі пікірі жеткізілген:
- «Сунан Хармалада» және ескі мәзһаб пікірінде оны мустахаб санаған;
- ал «әл-Буәйтиде» оны теріске шығарған.
Шафиғи мәзһабындағы ғалымдардың көпшілігі сызық сызуды мустахаб деген.
«‘Ер-тоқымның артқы мухира’ хадисінде сызықтың жарамсыз екеніне дәлел жоқ», — деді.
«Әд-Дурру әл-Мухтар» мен Ибн Әбидиннің хашиясында былай делінеді:
«Егер сутраны жерге қадау мүмкін болмаса, оны жай ғана жерге қою жеткіліксіз. Сондай-ақ, ешнәрсе таппаған кезде жерге сызық сызу да жеткіліксіз.
Басқа бір пікірде: «Жерге қою да, сызық сызу да жеткілікті. Яғни, сүннет сол арқылы орындалады», — делінген.
Қудури Әбу Юсуфтан: «Сутраны жерге қою мустахаб» деп жеткізген.
Кейін: «Оны көлденең емес, тігінен қойған дұрыс. Өйткені бұл қадап қойған нәрсеге көбірек ұқсайды», — делінген.
Ал жерге сызық сызу — Мухаммадтан жеткен екінші риуаятқа сай мустахаб. Бұған Әбу Дәуіттегі: «Егер қасында таяқ болмаса, жерге сызық сызсын», — деген хадис дәлел етіледі.
Бұл хадис әлсіз. Бірақ ізгі амалдарда мұндай хадиспен амал етуге болады.
Сондықтан Ибн әл-Һумам: «Сүннетке еру абзалырақ. Оның үстіне, мұның белгілі бір мағынасы да бар. Өйткені мақсат — қиялды соған байлап, ойдың шашырап кетпеуін қамтамасыз ету», — деген. Осы сөз «әл-Бахр» және «Шарху әл-Мунияда» келген.
Ал «әл-Хилия» кітабында: «Бұл хадистің әлсіздігіне Ахмад, Ибн Хиббан және басқалардың оны сахих деуі қарсы қойылуы мүмкін», — делінген».
«Сызық хадисін Ибн Хиббан мен әл-Бәйһақи де риуаят етіп, сахих деген. Сондай-ақ имам Ахмад пен Ибн әл-Мәдини де — мұны Ибн Абдуль-Барр «әл-Истизкарда» жеткізгендей — хадисті сахих санаған. Ал Суфян ибн Уяйна, имам Шафиғи, әл-Бағауи және басқалар оның әлсіздігіне ишарат еткен», — деді.
«Ибн әс-Салах бұл хадисті мудтараб хадиске мысал ретінде келтірген», — деді.
Алайда бұған қарсылық айтылған. «Булуғу әл-Марам» кітабында: «Оны мудтараб деген адам дұрыс айтпаған. Керісінше, хадис — хасан», — делінген».
«Ғалымдардың сөзінен түсінілетіні: егер сутраны қадап қою мүмкін болса, жай жерге қою жеткіліксіз. Ал егер жерге қою мүмкін болса, онда сызық сызу жеткіліксіз», — деді.
Қорытынды: имам әл-Марғинаи секілді алдыңғы буын ғалымдар намаз оқушы алдына қоятын сутра таппаған адамның жерге сызық сызуын мустахаб деп санамаған. Ал кейінгі буын ғалымдары оны мустахаб деген («Мәрақи әл-Фәләх», сутра бабы).