Жұма — салауат айтылатын ең абзал күндердің бірі.
Хазіретті Әус ибн Әус жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:
«Расында, сендердің ең абзал күндеріңнің бірі — жұма күні. Сол күні Адам жаратылды, сол күні алынды, сол күні сырнай үрленеді және сол күні адамдар есінен танып құлайды. Сондықтан сол күні маған көп салауат айтыңдар. Өйткені сендердің салауаттарың маған ұсынылады».
Сахабалар айтты: «Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ! Біздің салауатымыз саған қалай ұсынылады, сен топыраққа айналып кеткеннен кейін?» Әус (Аллаһ одан разы болсын) айтты: «Олар (сахабалар) “шіріп кеткеннен кейін” дегенді меңзеді».
Сонда ол ﷺ айтты: «Расында, Аллаһ Тағала жерге пайғамбарлардың денелерін жеуді харам еткен».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (1047-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
(«Расында, сендердің ең абзал күндеріңнің бірі — жұма күні) Мәтіндегі «күндеріңнің бірі» («бірі») сөзінің қосылуы — жұма күні абзал күндердің қатарына кіретінін білдіреді. Осыған қарай, бұл жерде Арафа күні одан да абзал болуы мүмкін, немесе оған тең болуы мүмкін деген ишара бар. (Сол күні Адам жаратылды) — яғни оның балшығы жаратылды, (сол күні алынды) — яғни жаны алынды, (сол күні сырнай үрленеді) — яғни екінші үрлеу, ол арқылы ізгілер мәңгілік нығметтерге жетеді.
Ат-Тыйби былай деген және оны Ибн Хаджар әл-Әсқалани қолдаған: «Мұндағысы — бірінші үрлеу. Өйткені ол Қияметтің басталуы және екінші жаратылыстың алғышарты». Екі мағынаны да бірге қабылдауға кедергі жоқ; (және сол күні адамдар есінен танып құлайды) — яғни қатты дауыс, оның үрейінен адам өледі. Бұл — бірінші үрлеу. Аллаһ Тағала айтты: ﴾Сур үрленеді, сонда Аллаһтың Өзі (сақтап қалуды) қалаған тіршілік иелерінен басқа күллі аспан әлеміндегі және жердегі бар тіршілік сұлық түскен бойда жан тапсырады﴿ («Зумар» сүресі, 68-аят).
Бұл жерде қайталау — екі сипаттың әртүрлі болуына байланысты. Дұрысы — біз таңдаған, яғни шынайы айырмашылық бар деген пікір.
Тағы бір пікірде: бұл Мұса пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) есінен тануына ишара делінген. (Сондықтан сол күні) — яғни жұма күні (маған көп салауат айтыңдар). Өйткені салауат — ең абзал құлшылықтардың бірі, әрі бұл күні оның сауабы өзгелерден артық. Себебі жұма — күндердің мырзасы, сондықтан ол күн Аллаһ Елшісіне ﷺ қызмет етуге арналатындай. (Өйткені сендердің салауаттарың маған ұсынылады») — яғни қабыл етілу түрінде ұсынылады. Негізінде, салауат Пайғамбарымызға ﷺ әрдайым періштелер арқылы ұсынылады. Ал оның ﷺ қабірінің қасында айтылған салауатты өзі тікелей естиді.
(Сахабалар айтты: «Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ! Біздің салауатымыз саған қалай ұсынылады, сен топыраққа айналып кеткеннен кейін?» Әус (Аллаһ одан разы болсын) айтты: «Олар (сахабалар) “шіріп кеткеннен кейін” дегенді меңзеді». Сонда ол ﷺ айтты: «Расында, Аллаһ Тағала жерге пайғамбарлардың денелерін харам еткен»). Яғни жер олардың денелерін жемейді. Өйткені пайғамбарлар қабірлерінде тірі.
Ат-Тыйби айтты: «Егер: “Жауапта неге ‘Расында, Аллаһ Тағала жерге пайғамбарлардың денелерін харам етті’ делінген? Өйткені ұсынылу мен естудің кедергісі — өлім ғой” деп сұралса, былай делінеді: Пайғамбарлардың денелерінің шірімей сақталуы — әдеттегі заңдылыққа қайшы ерекше жағдай. Аллаһ оларды бұдан қалай сақтаса, сол сияқты олардың үмметінің салауатын естуін және оған ұсынылуын да мүмкін етеді». Бұған келесі хадис дәлел болады: «Аллаһтың пайғамбары тірі, оған ризық беріледі».