Yesterday

«Сендердің бірің намаз оқып тұрса, ешкімді алдынан өткізбесін. Қолынан келгенше тоқтатсын. Егер ол бас тартса (яғни, бәрібір өтпек болса), онда оны тоқтату үшін күрессін. Өйткені ол — шайтан».

Әбу Сағид әл-Худри (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:

«Сендердің бірің намаз оқып тұрса, ешкімді алдынан өткізбесін. Қолынан келгенше тоқтатсын. Егер ол бас тартса (яғни, бәрібір өтпек болса), онда оны тоқтату үшін күрессін. Өйткені ол — шайтан».

Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Фәтху әл-Мулһим би-шарх Сахих Муслим» кітабында (257-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Сендердің бірің намаз оқып тұрса, ешкімді алдынан өткізбесін) — жалпы түрде келген, бірақ ол Әбу Сағидтен (Аллаһ одан разы болсын) келген келесі риуаятпен шектеледі: «Егер бірің өзін бір нәрсеге (сутраға) қарап намаз оқыса…»

Сондықтан сутрасы бар адамға ғана тоқтату және қарсы тұру рұқсат етіледі. Өйткені өтетін адам — оның мен сутрасының арасынан өтеді.

Имам ан-Нәуәуи әш-Шәфиғи айтты:

«Ғалымдар бұл үкімнің бәрі намазында салғырттық танытпаған адамға қатысты екеніне келісті. Яғни, ол сутра қойып немесе алдынан ешкім өтпейтін жерде намаз оқыған болуы керек».

(Қолынан келгенше тоқтатсын. Егер ол бас тартса (яғни, бәрібір өтпек болса), онда оны тоқтату үшін күрессін) — яғни, оны кері қайтарсын, тоқтатсын. Басқа риуаятта: «Оны көкірек тұсынан итерсін» деп келген.

Әл-Куртуби әл-Мәлики айтты:

«Яғни, ишарамен және жұмсақ түрде тоқтату. Ал “онымен күрессін” дегені — екінші рет оны тоқтатуы алғашқысынан қаттырақ болсын деген мағынада». Сондай-ақ ол: «Ғалымдар бірауыздан бұл жерде қарумен соғысу міндет емес екеніне келісті. Өйткені бұл намазға көңіл бөлудің, оған берілу мен ықыластың қағидасына қайшы», – деді.

Шафиғи мәзһабындағы кейбір ғалымдар «шынайы күресуге болады» деп жалпылама айтқан. Бірақ Ибн әл-Араби мұны «әл-Қабас» еңбегінде алыс пікір деп санаған:

«Мұндағы “күресу” — тек тосқауыл қою, кері қайтару дегенді білдіреді», – деген.

Ибн Хаджар әл-Әсқаләни әш-Шәфиғи айтты:

««Біздің ғалымдар ашық түрде: оны ең жеңіл тәсілмен қайтарады, егер көнбесе — одан қаттырақ тәсілмен тоқтатады. Тіпті бұл оны өліміне алып барса да (мысалы, оны итеріп жіберіп, байқаусыздан құлап, соның салдарынан қайтыс болса), оған еш нәрсе міндеттелмейді. Өйткені шариғат оған қарсы тұруға рұқсат берген, ал рұқсат етілген қарсы тұруда жауапкершілік болмайды», – деген.
Сондай-ақ Қади Ғйад әл-Мәлики және басқалар бұл жағдайда құн (дия) төлеу мәселесінде ғалымдар арасында келіспеушілік бар екенін жеткізген.
Ибн Баттал және басқалар: «Намаз оқушыға оны тоқтату үшін орнынан жүруіне немесе көп қимыл жасауына болмайды. Өйткені бұл — намазға, адамның алдынан өтіп кетуден де ауыр», – деген.
Көпшілік ғалымдар: егер адам өтіп кетсе, оны қайта кері қайтармау керек, өйткені бұл — қайтадан өтуге себеп болады, деген.
Ал Ибн Әби Шәйба Ибн Масғудтан (Аллаһ одан разы болсын) және басқалардан риуаят еткенде, қайтара алады делінген. Мұны: егер ол тоқтатылғаннан кейін де өтуін жалғастырса, сол жағдайда деп түсіндіруге болады.
Имам ан-Нәуәуи әш-Шәфиғи айтты: «Фақиһтардан бұл тосқауыл қоюды уәжіп деген ешкімді білмеймін. Керісінше, біздің ғалымдар оның мустахаб екенін анық айтқан».
Ал (Құран мен хадистің сыртқы мағынасымен жүретін) «Заһирия» ғалымдары оны (яғни, өтушіні қайтаруды) уәжіп деген.

(Ханафи мәзһабының) «әд-Дурру әл-Мухтар» кітабында:

«(Намаз оқушының алдынан өтушіні) тоқтату — рұқсат, ал оны тастау абзалырақ» («Бәдәиғ»). Әл-Бақилләни айтты: «Егер намаз оқушы оны ұрып, соның салдарынан ол қайтыс болса, Имам әш-Шафиғи пікірінше оған еш нәрсе міндеттелмейді, біздің мәзһабқа қайшы — бұл біздің кітаптардан түсінілетін нәрсе».
Ибн Әбидин әл-Ханафи түсіндірді:
«Яғни, біздің мәзһаб кітаптарынан түсінілетіні — Имам Шафиғи сөзі біздің пікірге қайшы. Өйткені біздің кітаптарда ашық түрде: бұл — рұқсат, ал негізгісі — оған тимеу екені айтылған. Сондықтан рұқсат болған соң, ол қауіпсіздік шартымен шектеледі (Рахмати осылай түсіндірген). Тіпті “ишарадан артық жасалмайды” деген сөз — рұқсат тек ишара екенін, ал “күресу” мүлде рұқсат етілмегенін айқын көрсетеді. Ал хадистегі “онымен күрессін, өйткені ол — шайтан” деген бұйрық — бұрын намазда қимыл жасау рұқсат болған кездегі үкімге қатысты, кейіннен оның үкімі жойылған (мансух)», – деген».

Сондықтан біздің мәзһабта «күресу» рұқсат етілмеген болса, оны өлтіру — қылмыс болып саналады және оның салдары (құн төлеу немесе қысас) міндеттеледі. Мұны жақсылап түсін.

Бұл «Радду әл-Мухтарда» осылай келген.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафидің «Мирқат әл-Мәфәтих» кітабында:

«Әл-Қади Ғйад айтты: «Егер оны рұқсат етілген тәсілмен тоқтатса да, соның салдарынан ол қайтыс болса — ғалымдардың келісімі бойынша қысас болмайды. Ал құн (дия) төлене ме, жоқ па — бұл мәселеде екі пікір бар. Бұл — Мәлики мәзһабындағы екі көзқарас. Ат-Тыйби осыны жеткізген», – деген.

Аллаһ жақсырақ біледі.

(Өйткені ол — шайтан») — яғни, оның бұл ісі — шайтанның ісі. Өйткені ол намаз оқушыны әдейі мазалап, ойын бұзудан бас тартпайды. «Шайтан» сөзі жындарға қатысты айтылумен қатар, адамдардың арасындағы азғындарға да қолданылуы рұқсат. Құранда: ﴾Адамдар мен жындардан болған шайтандар﴿ — («әл-Әнғам» сүресі, 113-аят) деп келген.

Ибн Баттал айтты:

«Бұл хадисте дінде бүлік шығаратын адамға “шайтан” деген сөзді қолдануға болатынына дәлел бар. Сондай-ақ үкім атауларға емес, мағыналарға байланысты беріледі. Өйткені жай ғана алдынан өткен адам шынайы шайтанға айналып кетпейді».

Бұл — «шайтан» сөзі жынға қатысты шын мағынада, ал адамға қатысты ауыспалы мағынада қолданылады дегенге негізделген. Дегенмен, бұл жерде талқылау бар.

Тағы бір ықтимал мағына: оны бұған итермелеген — шайтан. Исмаили риуаятында: «Онымен бірге шайтан бар» деп келген. Ал Муслим ибн әл-Хаджажтағы Ибн Омар (Аллаһ одан разы болсын) хадисінде: «Онымен бірге оның жанында жүретін шайтаны бар» делінген.

Ибн Әби Джамра осы сөзден:

«“Оны тоқтату үшін күрессін” дегені — шынайы соғысу емес, жұмсақ түрде тосқауыл қою» дегенді түсіндірген. Ол: «Өйткені шайтанмен күресу — одан Аллаһқа сиыну, “бисмиллә” айту сияқты нәрселер арқылы болады. Намазда тек қажеттілікке байланысты аз ғана қимылға рұқсат етілген. Егер шынайы күрессе, бұл намазға алдынан өткен адамнан да қатты зиян келтіреді. Бұл жерде күрес — намазға келетін кемшілікті болдырмау үшін бе, әлде өткен адамның күнәсін тоқтату үшін бе? Дұрысы — екіншісі», – деген.

Ал басқа ғалымдар: керісінше, бірінші мағына айқынырақ деген. Өйткені намаз оқушы үшін өз намазына көңіл бөлу — басқа адамның күнәсін тоқтатудан маңыздырақ.

Ибн Әби Шәйба Ибн Масғудтан (Аллаһ одан разы болсын) жеткізген:

«Намаз оқушының алдынан өту — оның намазының жартысын кемітеді».

Сондай-ақ Әбу Нуайм Омардан (Аллаһ одан разы болсын) жеткізген:

«Егер намаз оқушы алдынан өту оның намазын қаншалықты кемітетінін білсе, міндетті түрде адамдардан өзін қорғайтын бір нәрсеге (сутраға) қарап намаз оқыр еді».

Бұл екі риуаяттың мазмұны — тоқтатудың себебі намаздағы кемшілікті болдырмау екенін көрсетеді, тек өткен адамға ғана қатысты емес. Бұл риуаяттар мағына жағынан Пайғамбарымыздан ﷺ жеткен үкіммен тең, өйткені мұндай сөздер жеке пікірмен айтылмайды.

Бұл мағына Ибн Хажар әл-Әсқаланидің «Фәтху әл-Бәрри» еңбегінде осылай баяндалған.